Театр • 11 Ақпан, 2022

Театрдағы әдеби кеш

557 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ театрында Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби кеш өтті. Шараға жергілікті зиялы қауым өкілдері, облысқа танымал жас ақындар мен театр өнерпаздары қатысты.

Театрдағы әдеби кеш

Еркін әңгіме түрінде өрбіген басқосуда Жазушылар одағы жер­гілікті филиалының төрағасы Жан­ұзақ Аязбеков Мұқағали мұра­сы­ның бүгінде бүтін ұлтқа ортақ рухани қазынаға айналғанын тар­қата әңгімелей келіп, ақын шы­ғар­машылығының тақырыптық ауқымы мен өміршеңдігінің сырын сараптап талдап өтті.

Салиқалы әңгімеден кейін театр әртістері бірінен кейін бірі іліп әке­тіп жатқа оқыған ойлы өлең-­жыр ке­руені мен ақын сөзіне жазыл­ған сырлы әндерге кезек беріл­ді. Кеш барысында Абылай Мау­да­нов, Жандос Жүсіпбек, Дәулет Жа­дырасын сынды дарындар да сөз алып, өз өлеңдерін оқыды.

Шараны ұйымдастыру­шылар­дың айтуынша, мұндай әдеби бас­қосулар алдағы уақытта да жалға­сын табады.

– Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай өтіп жатқан бүгінгі рухани кештің маңы­зы ерекше. Негізгі мақсат – қа­ладағы әдебиетке бейімі бар жастардың басын қосып, рухани орта қалыптастыру. Бұл қатып қалған ресми түрде емес, осы ортаны іздеп келетін жастардың еркін шығармашылық ортасы болады деген ойдамыз. Мысалы, бү­гін келу керек, осы ортадан табы­лу керек кісілердің бәрі болды, көңілден шықты. Енді мұндай әдеби кештерді ай сайын өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Мәселен, келесі кешті Сейіт Кенжеахмет ағамызға арнасақ, театрдың кез келген жерінен орын табылады. Ең бас­тысы, жастар жанымен тілеп, іздеп келіп отыратын, келелі ой, сүбелі сөз айтылатын ортаға айналса деп ойлаймыз, – деді театр басшысы Әлімхан Мырзахан.

                        

Қостанай облысы