Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Гаага қаласында басталған ІІІ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық саммитке қатысып, сөз сөйледі.
Бұрнағы күні және кеше саммит басталмас бұрын, сондай-ақ, саммит аяқталған соң Қазақстан басшысы бірқатар жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізген болатын. Екіжақты кездесулер есептері бөлек беріліп отыр.
Ядролық қауіпсіздік бойынша саммиттер өткізу туралы идеяны АҚШ Президенті Барак Обама 2010 жылы көтерген еді. Ол АҚШ Президенті болып кіріскен сәттен бастап, ядролық қаруды таратпау мәселелерін өз саясатындағы басым бағыттардың бірі етіп белгілеген болатын.
Гаага қаласында кеше, яғни наурыздың 24-і күні басталып, бүгін аяқталатын ІІІ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің тақырыбы ядролық терроризмнің алдын-алу, ядролық материалдардың заңсыз айналысынан, радиоактивті көздер мен тиісті құрылғылардан туындайтын ішкі және сыртқы қауіптерді болдырмау мәселелеріне арналып отыр. Саммит жұмысына 53 елдің басшылары мен БҰҰ, Еуроодақ, Еурокомиссия, Интерпол, МАГАТЭ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың басшылары қатысуда. Посткеңестік кеңістіктен мұнда Қазақстаннан басқа Әзербайжан, Армения, Грузия, Ресей, Украина басшылары келген. Алайда, саммитке кейбір елдердің мемлекет басшылары емес, сыртқы істер министрлері келіпті. Мәселен, Ресейден Сыртқы істер министрі С.Лавров қатысуда. Саммит жұмысын дүниежүзінің барлық түкпірлерінен келген мыңдаған журналист жазып, түсіріп, көрсетуде. Соның ішінде Қазақстаннан да отыз шақты журналист жүр.
ІІІ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің пленарлық отырысын Нидерланд Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рютте ашып, форум жұмысына келгендерді құттықтап және оның ісіне табыс тіледі. Алғашқы болып құттықтау сөзді ІІ Саммитті өткізген елдің басшысы ретінде Оңтүстік Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе ханым алды. Екінші құттықтау сөз БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунге берілді. Ол әлемдік қауіпсіздікті сақтау жолындағы ядролық қауіпсіздіктің маңызы зор екендігіне тоқталды.
Осыдан кейін саммиттің пленарлық отырысы жабық есік жағдайында жалғасты. Онда бірінші болып Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин сөйледі. Одан кейін сөз осынау шараның бастамашысы, АҚШ Президенті Б.Обамаға берілді. Үшінші болып сөзді Германия канцлері А.Меркель айтты. Осыдан кейін сөз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Мұның өзін әлемдік бейбітсүйгіш қауымдастықтың Қазақстанның жаһандық қарусыздану мен таратпау және тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға сіңірген еңбегінің мол екендігіне берген тиісті бағасы деп қабылдадық.
Қазақстан басшысы алдымен саммитті ұйымдастырған қарсы алушы жаққа ризашылығын білдірді. Мен АҚШ Президенті Барак Обаманың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаҺандық саммит өткізу туралы бастамасы ғаламшардағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосылған лайықты тарихи үлес деп білемін.
Бұл саммиттер әлемдегі аса өзекті мәселелерді шешуге тиек табуға тырысатын пікір алысу алаңына айналып үлгерді, дей келіп Елбасы одан әрі Қазақстанның осы үдеріске қосып келе жатқан үлесіне тоқталды. Біз жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне тұрақты түрде үлес қосып келеміз және бұдан әрі келесі бағыттарды іске асыруға күш салу керек деп санаймыз: Біріншіден, толық және жаппай ядролық қарусыздануға қол жеткізу – ядролық қауіпсіздікке кепілдік беретін бірден-бір амал деп есептейміз. Екіншіден, ядролық терроризмді және оның негіздерін түп тамырымен жою кейінге қалдыруға болмайтын міндеттердің қатарына жатады, деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге, антитеррорлық науқан кейбір мемлекеттердің бейбіт ядролық бағдарламаларына, технологиялар және жабдықтар алуына, білім және тәжірибемен алмасуына шек қоймауы керек. Қазақстан да АЭС-ке және атом стансасын салуға қажетті ядролық отынның толық циклын жасауды жоспарлап отыр.Үшіншіден, Қазақстан МАГАТЭ-нің рөлі мен беделін одан әрі арттыруды жөн деп санайды. Төртіншіден, біздің еліміз ядролық қарудан азат жаңа аймақтарды, соның ішінде Таяу Шығыста, құруды қолдайды, деді Қазақстан басшысы. Біз Орталық Азияны Ядролық қарудан азат аймақ жасау туралы келісімге қол қойған қатысушы елдердің тыныштығына қауіпсіздік кепілдігін беру туралы хаттамаға «ядролық бестік» елдерінің тез арада қол қоюына үміт артамыз.
Одан әрі Елбасы ядролық материалдардың қауіпсіздігін бағалау индексі бойынша Қазақстан әлемде 15-ші орын алатынын атап өтті. Оған елдегі саяси және экономикалық тұрақтылық, тиімді заңнама және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мүмкіндік беретінін айтты. Семей ядролық сынақ полигонын жауып және әлемдегі төртінші орындағы ядролық арсеналдан бас тартқан соң Қазақстан АҚШ және Ресеймен бірлесіп, полигонның инфрақұрылымдарын жойды. Қазір бұрынғы ядролық сынақ кешенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жасалуда. Жалпы, Қазақстанның қазіргі ядролық істері МАГАТЭ-нің толық бақылауына алынған, деді Н.Назарбаев.
Одан әрі Президент Қазақстанның МАГАТЭ-нің бастамаларын қолдап, өзінің аумағында төмен байытылған уранның халықаралық банкін құру жұмыстары туралы келісімдерді аяқтап келе жатқанын атап өтті.
Сөзін одан әрі жалғастырған Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі саммиттің жаһандық қауіпсіздіктің дағдарысы жайында өтіп отырғанын ашып айтты. Оның басты себебі – «қосарланған стандарттар» тәжірибесіне нүкте қоя алмаған саяси ерік-жігердің жетіспеушілігі мен халықаралық құқықты біржақты қолдану болып отыр. Біз ядролық державалардың өзіне қабылдаған міндеттерін кешенді түрде мүлтіксіз орындауы аса маңызды екенін атап өткіміз келеді. Жиырма жыл бұрын Қазақстан Беларусь және Украина сияқты жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға салмақты үлес қосты. Біздің еліміз ядролық қарудың ұлан-ғайыр қорынан өз еркімен бас тартып, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа ядросыз мемлекет ретінде қосылды. Сондықтан да біз кейбір саясаткерлердің 5 АЭС, 15 атом реакторы жұмыс істеп тұрған және зымырандық технология саласында әлеуеті зор Украинаға ядролық мәртебені қайтару жөніндегі жауапсыз мәлімдемелеріне қатты алаңдаушылық білдіруге тиіспіз. Сонымен бірге, біз G-8 және G-20 шеңберіндегі жұмыстардың жаһандық проблемаларды шешу шараларының тиімділігі толық емес екенін көріп отырмыз. Сондықтан бұл топтардың сыртында қалғандардың да мүддесі ескерілуі қажет деп есептейміз. Осыған байланысты мен, осынау дағдарыстан шығу жолын табу үшін, екі жыл бұрын G-Global бастамасын көтерген болатынмын. Бұл пішім жедел қолдау тауып, қазір оған әлемнің 190 елі қатысуда, деді Қазақстан Президенті.
Бұл – адамзаттың өзін өзі жоятын ядролық қарудың қатеріне қарсы күресте әділетті, мөлдір, көпполярлы, тұрақты әлемдік тәртіпке шақыратын жол. Мен оған балама жол жоқ екеніне сенімдімін. Барлық әлем 2011 жылдың 11 қыркүйегінде болған жағдайдағы сияқты жалпыға ортақ қатерге қарсы ұзақмерзімге және жүйелі негізде бірігуі керек. Біз бәріміз де Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтау ісінде өзіміздің халықаралық қоғамдастық алдында жауапты екенімізді сезінуіміз қажет, ал ол бізден барлық проблеманы әскери күшпен емес, саяси келісімдермен шешуімізді күтеді. Және оны тиімді түрде іске асыру үшін барынша үлкен жігер керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы сөзінің аяғында.
Айта кететін жайт, саммит барысында әлемдік лидерлердің бірқатары өздерінің ұстанымдарын бейнекөрініс арқылы қысқаша айтып жатты. Соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да сөзі қалаған адамның бәріне естіліп тұрды.
Бірер ауыз сөзбен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттердің тарихына тоқтала кетейік. 2010 жылдың 12-13 сәуірінде Вашингтонда болған І Саммитке 47 мемлекеттің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Саммитті ашқан сөзінде Барак Обама бүгінгі таңдағы ең жоғары жаһандық қауіп – жаппай қырып-жоятын ядролық қару мен радиоактивті заттардың террористердің қолына түсуі екендігін атап айтқан болатын. Сол сөзінде Б.Обама ядролық қаруы бар әлемдік державалардың қырғи-қабақ соғыс жылдарындағы бір-біріне шабуыл жасау қаупі артта қалды деген еді. Алайда, бұл сөздердің асылық айтылғанын бүгінгі күнгі әлемдік саяси ахуал ішінара көрсетіп отыр. Жоғарыда айтқан сөзінде Президент Н.Назарбаев та бүгінгі күні әлем жаһандық қауіпсіздіктің дағдарысы кезінде тұрғанын атап өтті.
Сондықтан да ядролық қауіпсіздікке алаңдау мәселесі қазір тіпті арта түскен. Вашингтондағы алғашқы саммитке қатысуға шақырылатын елдердің басшылары таңдалғанда ұйымдастырушылар ядролық қару жасау бағдарламалары немесе оны жасау ниеті бар елдерге айрықша көңіл бөлген болатын. Сондай-ақ, ядролық қарудың сынағынан ұзақ жылдар бойы зардап шегіп, одан кейін сынақ полигонын жауып және оны таратпау жөнінде белсенді бастамалар көтеріп жүрген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев саммитке зор құрметпен шақырылған.
Вашингтон саммиті бойынша Мемлекет басшылары Коммюнике қабылдады. Онда саммиттің шешімдерін орындау жолындағы маңызды саяси жағдайлар мен жұмыс жоспарының қадамдары көрсетілген болатын.
Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІІ Саммит Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өтіп, оның тақырыбы ядролық қауіпсіздікті сақтаудың ұлттық шараларына және техникалық жағынан нығайтудың халықаралық ынтымақтастығына арналған. Бұл саммитке 53 елдің басшылары мен БҰҰ, МАГАТЭ, Интерпол, Еуроодақ және Еурокомиссия секілді бес халықаралық ұйымының басшылары қатысты. Саммит қорытындысы бойынша қабылданған Бірлескен Коммюникеде қатысушылар ядролық терроризмнің халықаралық қауіпсіздікке әлі де қатер төндіріп тұрғандығын атап өтіп, осыған орай жоғары байытылған уран өндіру деңгейін азайтуды мақсат ететінін айтқан болатын. Оның орнына барлық реакторларды мүмкіндігінше төмен байытылған уранмен алмастыру қажеттілігі атап көрсетілген. Сонымен бірге, ядролық материалдардың заңсыз айналымын болдырмауға қатты көңіл бөлінген.
Осы саммит барысында Қазақстан, АҚШ және Ресей президенттерінің Семей ядролық сынақ полигонының зардабын жою бойынша үшжақты ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме жасағандары өте маңызды шара болды.
ІІІ Саммит қарсаңында, 21-22 наурыз күндерінде Нидерландтың Гаага және Амстердам қалаларында осы мәселелерді зерттеп жүрген ғалымдар, оқымысты-белсенділер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ядролық зерттеулер жөніндегі симпозиумы болды. Оған қатысушылар ядролық қауіпсіздіктің қырларын әртүрлі көзқарастар деңгейінде қарастырды. Осы симпозиумды Ядролық зерттеулер жөніндегі саммит (ЯЗС) деп те атайды. Оның мақсаты – әлемдегі ядролық қауіпсіздікті сақтау жөнінде жаңа, ғылыми тұрғыдан негізді идеялар беру.
Сонымен қатар, осы күндері Амстердам қаласында Ядролық индустрия саммиті де болып жатыр. Оған ядролық индустрия компанияларының басшылары қатысуда. Олар ядролық өнімдерді шығарудың қоғамға қауіпсіздігі мәселелерін қарастырып, оның халыққа зиян келтірмейтіндігіне кепілдік беретін ұсыныстар мен ойларды талқылауда. Сөйтіп, наурыздың осы күндері Нидерланд әлемдік ядролық қауіпсіздіктің саяси, ғылыми және өндірістік қырларын тұтасымен қарастырып, болашақтың бейбітшіл ордасына айналып отыр.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бұрнағы күні Елбасы Н.Назарбаев нидерландтық үздік компаниялар өнімдерінің көрмесіне қатысу барысында қазақстандық-нидерландтық бірнеше инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне қатысты. Болашағы зор деп саналатын осы жобалардың жалпы саны 25 және олардың игеретін сомасы 330 млн. еуроға тең. Қазақстандық іскерлер негізінен композиттік материалдар, ауыл шаруашылығы техникаларын, рентген аппараттарын, сорғылық агрегаттар және т.б. шығаруға маманданған нидерландтық компаниялармен бірлесіп, осынау өнімдерді енді Қазақстанда да шығармақшы. Құны 220 млн. еуро тұратын 11 екіжақты инвестициялық құжатқа қол қойылды. Ал кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов және т.б. Қазақстан рыногына жаңа инвестициялар тарту мақсатымен дөңгелек үстел өткізді.
Сөйтіп, Елбасы Н.Назарбаевтың Гаагаға сапары қай жағынан да табысты болып, саяси ғана емес, экономикалық мәселелерде де өте тиімді шараларға қол жеткізуге мүмкіншілік берді.
Бүгін саммит өзінің жұмысын одан әрі жалғастырады.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 23 наурыз, жексенбі күні Нидерланд Корольдігіне ресми сапармен келуіне Король Виллем-Александрдың тапсыруымен осы елдің Премьер-министрі Марк Рютте шақыруы себеп болған еді.
Нидерланд Корольдігінің ресми астанасы Амстердам болғанымен, іс жүзіндегі астанасы Гаага қаласы болып есептеледі. Нидерланд конституциялық монархия, елдің королі конституцияға адалдығы жөнінде антты Амстердамда бергенімен, резиденциясы Гаагада орналасқан. Сонымен қатар, парламент пен үкімет, көптеген шетелдердің елшіліктері де Гаагада қоныстанған. Қазақстан Президенті қатысқан барлық шара да аталған қалада өтті.
Солтүстік теңіздің жағасында орналасқан әсем қала көктем лебімен бусанып, көкпеңбек болып тұр екен. Ауа райы да барынша жайлы, арасында жаңбыр бүркіп қойғаны болмаса, 8-10 градустық жылылықты көрсетуде. Гааганың атағын бүкіл әлемге шығарып тұрған оның климатының жайлылығы да, Нидерланд Корольдігінің іс жүзіндегі астанасы болғандығы да емес, БҰҰ-ның осында орналасқан Халықаралық соттары екендігі мәлім. Соның ішінде, әсіресе, Халықаралық қылмыстық істер мен төрелік соттардың атағы әлемге танылған. Өз елінде немесе әріптес елдер арасында әділ шешімін таппаған барлық үлкен кикілжіңдердің ең жоғары деңгейдегі үкімін айтатын жер осы. Бұдан жоғары басқа сот жер бетінде жоқ. Сондықтан осы соттардың даңқы Гааганың атағын аспанға шығарған.
Гаага Нидерландтың Амстердам мен Роттердамнан кейінгі үшінші үлкен қаласы. Тұрғындар саны 500 мың адамнан сәл ғана артық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Гаагаға жасаған бұған дейінгі ресми сапары Беатрикс Ханшайымның шақыруымен 2002 жылдың 27-28 қараша күндері болған. Онда екіжақты қарым-қатынастарды тереңдету бойынша бірқатар кездесулер өтіп, келіссөздер жүргізілген. Президенттің бұл жолғы сапарының мақсаты екіжақты саяси үнқатысуды тереңдетіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді және Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын халықаралық аренада дамыта түсуді көздейді.
Сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Премьер-министрі Марк Рюттемен кездескен болатын. Шағын құрамдағы кездесу кеңейтілген құрамда жалғасты. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Нидерланд Сыртқы істер министрліктері арасындағы Саяси консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Е.Ыдырысов пен Ф.Тиммерманс қол қойды. Қол қойылған екінші құжат – Қазақстан-Нидерланд Іскерлік кеңесін құру туралы келісім болды. Оған Қазақстан жағынан Сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы С.Есімбеков, Нидерланд жағынан Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер конфедерациясының президенті Б.Винчес қол қойды.
Сапар бағдарламасында Қазақстан Президентіне нидерландтық жоғары технологиялы компаниялар өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған екен. Мемлекет басшысы делегация мүшелерімен бірге оны қызыға тамашалады.Қазақстан Президенті Голландияның жоғары технологиялық кәсіпорындарының жетістіктері көрмесімен, атап айтқанда, Royal Ten Cate, CLAAS, Royal Dutch Shell, Royal Philips секілді және басқа да компанияларының жобаларымен танысты. Сондай-ақ, онда бірлескен Қазақстан-Еуропа перспективалық инвестициялық жобалары таныстырылды. 25 компания қатысқан көрме аясында жалпы құны 328 миллионнан астам еуро болатын екіжақты 13 құжатқа қол қойылды.
Осы көрменің алдында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Нидерландтағы достары» Қазақстан Нидерланд саяси клубының мүшелерімен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды, жан-жақты пікір алмасты.
– Нидерландтың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 30 миллиард АҚШ долларын құрайды. Өзара тауар айналымы 10 миллиард доллар деңгейіне жетіп отыр. Бұл – Еуропалық Одақ елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Қазір Қазақстан индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруда, оның аясында 500-ден астам кәсіпорын, 600 мыңдай жұмыс орны ашылды. Біз голландиялық компанияларды бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Еліміз мұнай-газ, түсті және қара металлургия, химия саласында өңдеуші кәсіпорындарды дамытуға мүдделі. Біз мұндай өндіріс үшін жеңілдіктер ұсынамыз және тиісті инфрақұрылым қалыптастырамыз. Ақпарат және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да мүдделіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Франция, Германия, Испанияның бірқатар ірі компанияларымен ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Отанымыз шетелдік инвестицияны көлемі жөнінен мейлінше көбірек тартатын 20 елдің қатарына кіретініне тоқталды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысына Қазақстан Президенті бейнеленген голландтық жаңа пошта маркасы мен қызғалдақтың «Президент Назарбаев» деп аталатын жаңа түрі таныстырылды, сондай-ақ, Роттердам қаласы мэриясының «Астана» жаңа алаңын ашу туралы бастамасы жарияланды.
Нидерланд Корольдігі – Батыс Еуропадағы шағын мемлекеттердің бірі. Мемлекет атауының нидерланд тілінен аударғандағы мағынасы – «Төменгі жерлер» деген сөз. Рейн, Маас және т.б. өзендердің төменгі сағасын қоныстанып, осы өзендердің Солтүстік теңізге құятын ойпатында орналасқан соң ел осылай аталған. Жер көлемі бар болғаны 42 мың шаршы шақырым, ал халқының саны 16,8 млн. адам.
Жағасын Солтүстік теңіз шайып жатқандықтан, Нидерланд – ежелден су емген ел. Сондықтан нидерландтықтар теңіз игеруді ежелден қолға алып, кеме жасау ісіне ерте күннен ден қойған. Орыстың ілгерішіл патшасы Бірінші Петр кеме жасау ісін осында келіп үйренгенін де тарихтан жақсы білеміз. Нидерланд құрлықта Германия және Бельгиямен шектеседі. Бұл елді кейде Голландия деп те атайды. Бірақ бұл мемлекеттің ресми атауы емес. Оңтүстік және Солтүстік Голландия деген жер атаулары елдің екі провинциясына ғана берілген, Нидерландтың бұлардан басқа да 10 провинциясы бар. Сондықтан нидерландтықтар өз елдерін Голландия деп атағанға кейде шамданып та қалады екен, өйткені, ол екі провинцияның ғана атауы.
Елдің мемлекеттік тілі – нидерланд тілі. Ол – Батыс герман тілдер тобына жататын айрықша тіл. Сондай-ақ, бұл тіл Бельгия мен Суринамда да біршама дамыған. Елдің Амстердам мен Гаагадан кейінгі үлкен қалалары қатарына Роттердам, Утрехт және Эйндховен шаһарлары кіреді. Соның ішінде Роттердам елдегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең үлкен порттардың бірі саналады.
Нидерланд жеріне алғаш рет римдіктер келіп, отарына айналдыра бастағанда, бұл жерді тубант, канинефат, фриз секілді герман және эбурон, менапия секілді кельт тайпалары қоныстанған еді. Орта ғасырларда бұл жерлерде Рим империясының құрамына енетін толып жатқан графтықтар мен герцогтықтар пайда болды. ХVІ ғасырда олар сол кезде Испанияны билеген, Габсбургтер әулеті басқарған мемлекетке біріккен. Алайда, кейін Еуропада туған кальвинизм секілді діни ағымдардың ықпалымен «Төменгі жерлердегі» провинциялар Испанияға бағынудан бас тартқан. Испания королі ІІ Филипп олардың бәрін қайтадан өз империясына бағындырмақ болып соғыс жүргізеді. Тарихта «Сексен жылдық соғыс» деп атау алған бұл шайқастардың нәтижесінде қазіргі Бельгия, Люксембург және Нидерланд мемлекеттерінің аумағын құраған жеті провинция өздерінің тәуелсіздіктерін алады. Нидерланд мемлекетін құрушы болып осы соғысты басқарған І Вильгельм Оранский саналады.
ХVІІ ғасырда Еуропада ең бірінші болып Нидерландта капиталистік қатынастар орнай бастайды. Бұл ел экономикасының өрістеуіне кең мүмкіндік тудырады. Нидерланд құрамынан 1830 жылы Бельгия, 1890 жылы Люксембург енші алып, өз алдына тәуелсіз мемлекеттер болып шығады. Қазір олар «БеНиЛюкс» аталатын экономикалық интеграция құрып отырғанын білеміз.
І дүниежүзілік соғыс жылдарында Нидерланд бейтараптық ұстанып, елді бүлінуден сақтап қалады. Ал ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында фашистік Германия оны басып алды. Осы жылдар ел экономикасына ауыр соққы болып тиді. Алайда, соғыстан кейінгі АҚШ-тың Маршалл жоспарының көмегімен Нидерланд аз уақытта экономикасын қалпына келтірумен қатар осы заманғы жоғары дамыған индустриялы елге айнала алды. Сонымен бірге, өзінің бұрынғы отарлары Суринам мен Индонезияға бостандық берді. Қазір Нидерланд Еуропаның ең жоғары дамыған индустриялы мемлекеттерінің қатарына еніп отыр. Дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа қарамастан, Еуроодақ елдері арасында Нидерланд 2013 жылы экономиканың өсімін 6,3 пайызға жеткізе алды. Қазір оның ІЖӨ-сінің жалпы көлемі 700 млрд. еуроға жеткен. Ал жан басына шаққандағы көлемі – 41 мың еуро. Бұл Бүкіләлемдік валюта қорының бағамдауы бойынша дүниежүзіндегі 14-ші, ал Еуроодақ елдері арасында 6-шы орын деген сөз. Сонымен бірге, осы қор Нидерландты бәсекелестікке қабілеттілік рейтингі жөнінен дүниежүзіндегі 18-ші орында екенін анықтады.
Нидерланд үкіметі экономикалық дамуға ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға қатты көңіл бөледі. Оның «жасыл» технология мен инновациялар және «жасыл» энергетика саласындағы жетістіктері дүниежүзінде жетекші орынға ие. Сондай-ақ, зейнетақының, жұмыссыздық пен мүгедектікке берілетін жәрдемақының көлемі жөнінен Нидерланд дүниежүзіндегі алдыңғы орындардың бірін алады.
Қазақстан мен Нидерланд арасында тығыз экономикалық ынтымақтастық және саяси әріптестік орнаған. Бұл ел Қазақстанды Орталық Азиядағы ең сенімді әріптесі деп санайтынын ең жоғары деңгейде талай рет дәлелдеген. Сонымен бірге, ол Қазақстанның аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөл атқаратынын жоғары бағалайды. Үстіміздегі жылдың ақпан айының басында Астанаға келген ресми сапарында Нидерланд Сыртқы істер министрі Ф.Тиммерманс Гаагада болатын Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ІІІ саммитке қатысуға Корольдің шақыруын Президент Н.Назарбаевқа өз қолымен тапсырды және Қазақстан басшысының осы бағыттағы бастамаларына жоғары баға беретінін кезекті рет мәлімдеді. Семей ядролық сынақ полигонының зардабын молынан шеккен ел ретінде бұл саммиттің маңызын Қазақстан өте терең түсінеді, деді ол.
Екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастық қазір жоғары деңгейге жеткен. Бүгінгі таңда Нидерланд – Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша ең бірінші орында тұрған ел. 2005 жыл мен 2013 жыл аралығында Нидерландтан тартылған инвестиция көлемі 49,8 млрд. АҚШ долларын құрайды. Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстар да жақсы жолға қойылған. 2013 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 10,1 млрд. доллар болған. Бұл Қазақстан үшін Қытай мен Италиядан кейінгі үшінші көрсеткіш. Қазақстанда Нидерланд кәсіпкерлерімен 380 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Оның көбі геологиялық барлау, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар енгізу, қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Сондай-ақ, архитектура мен медицина салаларында да бірнеше бірлескен кәсіпорындар бар.
Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына ену туралы жоспарын жүзеге асыруда Нидерландтың инвестициялық және ғылыми-техникалық әлеуетін пайдалану өте маңызды. Ал Гаага Қазақстанмен энергетикалық ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүдделі. Бұл оның ел ішіндегі төртінші орында тұрған экономикалық басымдығын іске асыруға мүмкіндік береді. Соның ішінде Нидерланд Қазақстандағы «Шелл» мұнай концернінің табысты және ұзақ мерзімді әрекет етуіне үлкен мән береді.
Астанада болатын ЭКСПО-2017 көрмесіне нидерландтықтардың «жасыл» технология мен инновациялар, «жасыл» энергетика саласындағы жетістіктерін тартудың маңызы зор. Сонымен бірге, Нидерландтың энергия көздерін қайта жаңғыртуды дамытуда қол жеткізген табыстарын үйренудің де пайдасы мол. 2020 жылы Нидерланд бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін жеткізбекші.
Нидерландтың ғылыми-техникалық әлеуетінің мол мүмкіндіктерін үйрену бағытында Эйндховен қаласындағы Жоғары технологиялық орталықты «Назарбаев Университеті» негізінде құрылатын Интеллектуалдық-инновациялық кластер ғылыми паркімен ынтымақтастыққа тартудың да пайдасы зор болмақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру күн тәртібінде тұр. Транзит-көлік саласындағы ынтымақтастықтың да маңызы зор. Қазақстан Ақтау мен Роттердам порттарының арасында әріптестік қатынастар орнатуға мүдделі. Осындай ынтымақтастықты тереңдете түсуге Қазақстан мен Нидерланд арасындағы бизнес-ынтымақтастықты дамытуға алдағы уақытта құрылатын Іскерлік кеңес қатты серпін берері сөзсіз.
Ал мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың тереңдеуіне 2015 жылы Қазақстанның Нидерландтағы және 2016 жылы Нидерландтың Қазақстандағы Мәдени күндері тың серпін берері хақ. Осы уақытқа дейін екі елдің елшіліктерінің ұйымдастыруымен көрмелер, симпозиумдар, тұсаукесерлер мен конференциялар өткізілді. Соның ішінде 2010 жылы нидерландтық журналист Р.Рейдингтің ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тауып, Нидерландта жерленген қазақстандықтар туралы кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Мәдениет туралы сөз болғанда, Нидерланд бүкіл әлемге танымал суретшілердің бірі Рембрандтың отаны екенін айтпай кетуге болмайды. Нидерландта Спиноза, Декарт сияқты философтар да туып, ұзақ жылдар қызмет еткен. Ал енді Нидерландтың аты шықса болды, оны жел диірмендермен немесе қызғалдақтармен байланыстыра сөйлейтін адамдарды дүниенің барлық бұрышынан табуға болады. Бұлар да нидерландтықтардың ұлттық мақтанышы.
Нидерландта спортқа қашанда үлкен мән беріледі. Ересек тұрғындарының 20 пайыздан артығы спорттық клубтардың мүшелері. Қала көшелерінде үлкен-кішінің бәрі велосипедпен жүргенін жиі көресіз. Нидерландтықтар, әсіресе, футболды жақсы көреді. Ұлттық командасы ойнап жатқан матч көрсетілген уақытта Нидерланд қалаларының көшелері тып-тыныш болады. Ұлттық футбол командасы әлемдегі 10 үздік команданың қатарында. Биылғы Сочи Олимпиадасында Нидерланд өзінің спорттың қысқы түрлерінен де өте мықты екенін көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бесінші орын алды.
Қорыта айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Нидерландқа ресми сапары саяси ұстанымы берік, экономикасы жоғары дамыған, мәдени-гуманитарлық қасиеттері жоғары елмен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге тың серпін берері сөзсіз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан» – Гаагадан (Нидерланд).
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.