Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелері қозғалды. Бұған қоса, халықаралық күн тәртібінің негізгі жайттары, соның ішінде Украинадағы жағдай қаралды. Тараптар басты назарды ядролық қарусыздану мен ядролық қауіпсіздік мәселелеріне, сондай-ақ, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және энергетикалық ынтымақтастық аясын кеңейту бағыттарына аударды. Сондай-ақ, тараптар Гаага қаласында өтеді деп жоспарланған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит бағдарламасын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы негізгі және перспективалы серіктесінің бірі екеніне тоқталып өтті. Оның айшықты айғағы – екі елдің түрлі салалардағы белсенді сауда-инвестициялық ынтымақтастығы. Нидерланд еліміздің экономикасына салынған инвестиция көлемі жөнінен бірінші және сауда серіктестеріміз арасында жетекші орын алады, Қазақстанда Голландия капиталы салынған 800-ге жуық компания өз қызметін жүзеге асыруда.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен инновациялық саладағы екіжақты өзара ықпалдастықтың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ, Голландия компанияларын Астанадағы ЭКСПО-2017 дүниежүзілік көрмесінің жұмысына белсене қатысуға шақырды.
Сонымен қатар, тараптар су ресурстарын тиімді басқару және экология, екі елдің транзит-көлік әлеуеті мен логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.
Екі мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ, Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қорытындысында қол жеткізілген келісімдердің іске асырылуы барысын қарастырды. Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттарды, атап айтқанда, Шанхайда өтетін АӨСШК-нің алдағы саммитін және Украинадағы жағдайды талқылады. Көлік-транзит және су-энергетика салаларындағы байланыстарды нығайту мәселелеріне де баса назар аударылды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Королі Виллем-Александрмен кездесті.
Кездесуде Қазақстан мен Нидерланд арасындағы екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде мәдени-гуманитарлық өзара ықпалдастық аясын кеңейту перспективалары талқыланды. Нидерланд Королі Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқанына тоқталды. Жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетіні атап өтілді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелері қозғалды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ өзара ықпалдастық аясын, атап айтқанда, екі елдің бірқатар компаниялары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыра түсу үшін перспективалар бар екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті еліміздің серіктестікті дамытуға деген мүдделілігі жоғары екеніне тоқталды.
– Мен Жапонияда сапармен екі рет болдым. Біз Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайту туралы сіздің идеяңызды қолдаймыз. Жапония – әлемдегі экономикасы ірі елдің бірі, Азиядағы біздің көршіміз. Соңғы уақытта қарым-қатынастарымыз арта түсті және бұл ретте біз барлық бағыттар бойынша ынтымақтастыққа дайынбыз. Өзара ықпалдастығымыздың негізгі саласы – энергетика, әсіресе, ядролық энергетика. Қазақстан ірі уран өндірушінің бірі болып табылатындықтан, оны Жапониядағы атом стансаларына жеткізе алар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен жобаның – Ақмола облысында сирек кездесетін металдар өндіретін зауыт жұмыс істейтінін айтып өтті. Бұдан бөлек, ол Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында екі елдің арасында технологиялық және инновациялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктеріне де назар аударды.
Өз кезегінде С.Абэ өткен жылы Санкт-Петербургте алғаш рет өткен G-20 саммитінен кейін екіжақты кездесуге мүмкіндік болғанына ризашылығын білдірді.
– Сіздің Жапонияға 2008 жылғы сапарыңыз экономикалық қатынастарды нығайтуға жақсы серпін берді, сөйтіп, стратегиялық деңгейге қол жеткізілді. Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға елеулі көмек көрсетіп жатқанына ілтипатымыз бен ризашылығымызды білдіремін. Біз Сіздің еліңіздің Жапония және Орталық Азия өңіріндегі елдермен арада үнқатысу орнатуға көмегі тиетініне де үміт артамыз, – деді С.Абэ.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистёмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, технологиялық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту жолдарын қарастырды.
Қазақстан Президенті С.Ниинистёнің біздің елімізге өткен жылғы мемлекеттік сапарынан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жандана түскенін атап өтті.
– Қазақстан сіздердің технологияларыңызға, сондай-ақ, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды ескере келе, білім беру жүйесін дамытудағы тәжірибелеріңізге қызығушылық танытады. Сіздің сапарыңыздың қорытындысында коммерциялық компаниялармен құны 100 миллион долларлық келісімдерге қол қойылды, ал тауар айналымының көлемі 1 миллиард долларға жетті, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу бүкіл әлемде жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде зор мәні бар саммит аясында өтіп жатқанына да тоқталды.
– Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және Семей ядролық полигонын жапқан ел ретінде бұл іс-шараға тікелей қатысы бар. Біз мұндай форумдардың өткізілгеніне қуаныштымыз, өйткені, олар тұрақсыздық және қалыпты құрылымды бұзатын күштердің ядролық қаруды иелену тәуекелі артып отырған жағдайда ерекше қажет, – деді Қазақстан басшысы.
Финляндия Президенті Астанаға былтырғы сапары кезінде өзінің зор таңданысын туғызған әсерімен бөлісті.
– Менің сапарымның нәтижелері көп үміт күтерліктей болды. Екіжақты сауда көрсеткіштері өсті. Финляндия іскер топтарының Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты дамыту үшін өзара ықпалдастыққа мүдделілігі арта түскенін атап өтпекпін, – деді С.Ниинистё.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті.
Мемлекеттер басшылары ортақ қызығушылық тудырып отырған түрлі салалардағы өзара ықпалдастық аясын кеңейту жайттарын талқылады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Президентінің Францияға сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысына да баса назар аударылды.
Бұған қоса, екі елдің басшылары халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронмен кездесті.
Кездесу барысында Дэвид Кэмеронның Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысы талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мұнай-газ салаларындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту бағыттарын қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Дэвид Кэмерон халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін де қозғады.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында екіжақты кездесулер өткізді.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен келіссөздер барысында біздің еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық бағдарламалары аясындағы қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.
Бұған қоса, тараптар саммит жұмысының аралық нәтижелерін, сондай-ақ Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қатысу аспектілерін қозғады.
* * *
МАГАТЭ Бас директоры Юкия Аманомен кездесуде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің күн тәртібіне енгізілген мәселелердің қорытындылары қозғалды.
Әңгімелесу барысында Қазақстанның МАГАТЭ қызметі аясындағы бастамаларына қатысты пікірлер алмасылды.
Сондай-ақ, біздің еліміздің ядролық қауіпсіздік қағидаттарын ілгерілету және ядролық қаруды таратпау үдерісіне қатысу мәселелері талқыланды.
* * *
Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Наваз Шарифпен кездесу кезінде сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық салалардағы өзара ықпалдастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Тараптар өңірлік қауіпсіздік мәселелерін де қозғады.
* * *
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевпен әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және отын-энергетикалық ынтымақтастықпен қатар, екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың негізгі бағыттарына қатысты пікір алмасулар болды.
Мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастық мәселелерін де қозғады.
Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Алиев өңірлік қауіпсіздіктің жай-күйі мен халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттарын талқылады.