Саясат • 13 Ақпан, 2022

Парламент ықпалы қайтсе артады?

815 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы, алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында: «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады», деген болатын.

Парламент ықпалы қайтсе артады?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Ел Президенті осы бағытты берік ұста­нып, саяси реформаларды біртіндеп жүзеге асы­рып келеді. Соның ішінде Парла­мент­­­тің ықпалын арттыру мақсатында пар­­тия­лардың Мәжіліске өту межесін тө­мен­­дету, әйелдердің, жастардың және мүге­­дектігі бар адамдардың өкілдік етуін 30 па­­йызға дейін кеңейту, Парламенттік оп­по­­зи­­ция инс­титутын заңдастыру, сайлау бюл­­ле­теньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған енгізу сынды игі шараларға баста­­ма­шы болды. Дегенмен қоғамда қос Палат­алы Парламентіміздің атына айтылып жат­қан сын әлі де аз емес. Мемлекет бас­шысы алға қойған жаңа Қазақстанды құру міндетін ойдағыдай шешу үшін еліміз­дің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органын да жаңғырту қажеттігі анық.

Жұрт Шер-ағаны жиі еске алады...

«Халық айтса, қалт айтпайды» дегендей, Парламенттің қай Палатасында бол­сын теледидардан көрсетілетін жалпы оты­­­рыс­­тарда қалғып-мүлгіп отыратын, қо­лын­­дағы алдын ала жазылған мәтінді ежік­­теп, әрең оқитын, журналистердің қой­ған сұрақтарына жауап беруден жалтарып, жылыстап жүретін депутаттар әлі де кездесіп қалады. Сондай «аузынан – сөзі, қойнынан бөзі түсіп қалған» «ха­лық қа­лау­лыларын» көргенде жұрт өткен ға­сырдың тоқсаныншы жылдарында Пар­ла­мент мүшесі болған Шер-ағаны – Шер­хан Мұртазаны жиі еске алып жатады. Ел мен жер тағдыры, халықтың мұң-мұқ­тажы жайлы шындықты биік мінбер­лер­ден билік басындағылардың бет-жүзіне қара­май, тіліп айтатын қайраткер жазушы нағыз депу­тат­тықтың өшпес өнегесіне айналғандай.

Шынтуайтында, Шер-ағаның заманы басқа еді. Біріншіден, келмеске кеткен кешегі Кеңес Одағының күйреуіне алып келген қайта құру, жариялылық саясаты Қазақстанды да кеңінен қамтып, ауызға келгенді айтуға мүмкіндік берілген ақкөбік демократия орнаған кезең болатын. Сол уақыттағы газет беттерін ашып қарасаңыз, тіпті кез келген адамның ар-намысын аяусыз таптап, қорлауға дейін баратын жарияланымдарды көріп, жағаңызды ұстар едіңіз. Бүгінгі қолданыстағы заңнама бо­йынша ондай сорақылықтар үшін авторлар сот алдында жауап беріп, мыңдаған-миллиондаған теңге айыппұл ар­қа­лар еді... Екіншіден, ол кезде Парла­мент сайлауы мажоритарлық жүйе бойын­ша өткізілетін. Баламалы сайлауға түсіп, бәсекелестерімен депутаттық мандат үшін бітіспес күреске түсу кімге болсын оңай емес-ті. Қарсыластың «тырнағының астынан кір іздеп», «компромат» жинап, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жариялап, беделін түсіру, абыройын айрандай төгу – мажоритарлық сайлау жүйесінің ажырағысыз элементі іспетті-тұғын. Сондай ақпараттық майдан­нан аман да абыроймен өтіп, жеңіске жет­кен саясаткерлердің келесі міндеті – сай­лау­шыларға берген уәделерін орындау және өзінің жеке сайлауалды бағдар­лама­сын жүзеге асыру болатын. Олар, шын мәнін­д­е, халық қалаулылары еді. Өйткені олар­­дың сыртында жүздеген мың сайлаушы тұ­рды. Осыны жан-жүрегімен сезінген де­пу­таттар Парламенттегі қызметінде ешкім­­нен ыға қоймайтын. Олар үшін Пар­ла­мент Төрағасы мен оның орынбасарлары, комитеттердің басшылары – бұйыра сөй­лей­тін бастықтар емес, ортақ қызметті ұйым­дас­тырушы әріптестер ғана болып саналатын. Ешқайсысы кез келген депутаттың аузы­нан қаға алмайтын. Мажоритарлық сайлау жүйесінің артықшылығы осында еді. Сон­дықтан сол кездегі Парламентте от ауыз­ды, орақ тілді депутаттар аз болған жоқ. Ал Шер-аға солардың ішіндегі ең бедел­ді­лерінің бірі, һәм халық сүйіктісі болғаны даусыз.

Мажоритарлық сайлау жүйесінің ең бас­ты артықшылығы – ел ішіндегі белсенді де беделді, көпшілік жақтаған лайықты тұлғалардың жасы мен жынысына қарамай Парламент депутаты болып сайлануына жол ашатындығы.

Әрине, халқының құрамының өзіндік ерек­шеліктері бар Қазақстанның жағда­йын­да мажоритарлық сайлау жүйесінің кейбір кемшілігі білінбей қалмады. Қазағы қалың оңтүстік өңірлерде Парламент пен мәслихаттар сайлауы кезінде рушылдық көрініс берсе, басқа этностар өкілдері көбірек қоныстанған солтүстік өңірлерде ұлтқа бөлінушілік байқалғаны жасырын емес. Ел билігінің кейін мажоритарлық сайлау жүйесінен біртіндеп бас тартуының бір себебі осында болса керек. Тағы бір себеп – аталған жүйе бойынша сайлауға көбінесе қаржысы мол кәсіпкерлер, немесе олардың жақын-жұрағаттары түсіп, бизнесі жоқ зиялы қауым өкілдерінің мүмкіндігі шектелетіндігінде сияқты.

 «Мен – халықтың емес, партияның қалаулысымын...»

Осыдан он бес жыл бұрын енгізілген пропор­циялы, яғни партиялық сайлау жүйе­сінің де өз артықшылықтары мен кемшіл тұстары барына көзіміз жетті. Артық­­­шылығы – депутаттыққа канди­дат­­тар әр саланың тәжірибелі мамандары­­нан ірік­телетіндігі, сондай-ақ ұрпа­қтар сабақ­тастығын, әртүрлі этностар­дың, әйел­дер мен жастардың және мүгедек­тігі бар адамдардың өкілдігін сақтауға мүмкіндік беретіндігі. Сонымен қатар Мәжіліске бірнеше партияның өкілдері өтіп, парламенттік оппозицияны құрай­тын­­дықтан, қолданыстағы заңнамаға бер­тінде енгізілген өзгерістерге сәйкес комитеттердің басшылығына билеуші партияға сыни көзқарастағы бірнеше депутат сайлана алады.

Ал пропорциялы сайлау жүйесінің кем­шілігі – Мәжілістегі партиялық фрак­ция­лардың жұмысында. Олардың қай­сыбірі қатаң партиялық тәртіпті ұста­нып, депутаттардың сөз еркіндігін шектейді. Мәжілістің жалпы отырыстары мен «Үкі­мет сағаттарында» қойыла­тын сұрақтар, сөйле­нетін сөздер және мем­лекеттік орган­­дарға жолданатын депутат­тық сауал­дар фракциялар жетекші­лерінің көз­қарасына орай іріктеліп, «түзетілетін­дік­­тен», ал кейбірі мүлдем қабылданбай таста­ла­тындықтан, кейде оларға өткірлік, шын­дық­ты шырылдай айту жағы жетіспей жата­ды. «Мына депутат мәймөңкөлеп, был­қыл­датып-сылқылдатпай, айтатын сөзін Шер-ағаша неге тура, кесіп айтпайды?!», деген сайлаушы пікірі осындайда туындайды.

Партиялық сайлау жүйесінің тағы бір кемшілігі – бізге беймәлім себеппен Мәжіліс депутаттары әр өңірден тең өкілдікте сайланбайтыны. Бір-ақ мысал: алтыншы шақырылымдағы Мәжіліске Солтүстік Қазақстан облысынан 4 депутат сайланған болса, жетінші шақырылым­да 1-ақ депутат сайланды. Бұл ретте партиялардың басшылары өңірлердегі халық санын емес, елді мекендер санын ескергені дұрыс сияқты. Айталық, СҚО-дан сайланған жалғыз депутаттың Қызылжар өңіріндегі 600-ден астам елді мекенді аралап шығуы үшін оған қаншама уақыт керек?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде 11 қаңтар­да сөйлеген сөзінде: «Барлық шенеу­нікті бірден жастармен ауыстыра салуға болмайды. Бұл жерде мейлінше қисын­ды қадам қажет. Егер 60 жастағы шенеу­нік өз қызметін ойдағыдай атқарса, инсти­тут­тық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұмыс­тан шығаруға болмайды», деп Үкімет пен Мем­лекеттік қызмет істері агентті­г­іне тиіс­ті тапсырма бергені белгілі. Прези­дент­тің бұл ұстанымы Парламент үшін де маңызды деп санаймын. Жетінші шақырылымдағы Мәжіліс құрамына алтыншы шақырылымда табысты қызмет істеген 60 жастан асқан депутаттардың бірде-біреуі партиялық тізім бойынша енгізілмегендігі көңілге қонбайды. Мәселен, қазір онда белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері – тәжірибелі экономист Омархан Өксікбаев, білім мен ғылым саласының білікті маманы Бейбіт Мамраев, медицина саласының майталманы Зәуреш Аманжолова сынды ғылым докторларының орындары ойсырап тұрғандығына еш шүбәм жоқ. «Қосақ арасында босқа кетті» дейді қазекем мұндайда. Оларға қоса, бірнеше шақырылымда депутат болып, халыққа белсенділігімен, турашылдығымен және қайырымдылығымен кеңінен танылған Нұртай Сабильяновтың да алпыс жасқа толмаса да, Мәжілістен шеттетілгендігі дұрыс болды деу қиын. Парламент осындай тұлғалармен ғана ықпалды болмақ.

Түйіндей айтқанда, өз басым Қазақ­стан­дағы парламентаризмді одан әрі дамы­ту мақсатында алдағы уақытта мажо­ри­тарлық және пропорциялы сайлау жү­йе­лерінің екеуін де тең дәрежеде енгіз­ген жөн деп ойлаймын. Екі жүйе бірінің ол­қылығын бірі толтырып, елімізде ықпалды Парламент құруға берік негіз болар еді.

...Бірде астанадағы Қалибек Қуаныш­баев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына бірнеше Мәжіліс депутаты өзара орысша сөйлесіп кірді. Соны жақтырмаған қарапайым театр қызметкерлерінің бірі оларға: «Сіз­дер – халық қалаулысыздар ғой, өз ана тілдері­ңізде сөйлесіп, басқаларға неге өнеге көр­­с­ет­­пейсіздер?», деді. Оған ләм-мим деме­­ген депутаттардың біреуі орындыққа оты­р­ып жатып: «Мен – халық қалаулысы емес­­пін, партияның қалаулысымын...», деп күң­кілдегенін құлағым шалып қалды. Ойында жүрген өз шындығын айтқаны да...