25 Наурыз, 2014

Елбасы Капустин Яр зардабына ден қойды

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

КобейсиновЕлбасы Капустин Яр зардабына ден қойды – дейді «Нарын» қозғалысы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Кәкен Көбейсінов

Түгін тартса майы шыққан шұрайлы да шырайлы Нарын топырағы өткен ғасырдың елуінші жылдарында ядролық сынақ алаңына айналды. Кеңестік солақай содыр саясаттың салдарынан орын алған Капустин Яр және Азғыр полигондарының зардаптары қазір біртіндеп жойылып келеді. Оның қоршаған ортаға келтірген залалы мен зия­нын азайту жөнінде қолға алынған іс-шаралар да жеткілікті. Қоғамдық бірлестік жетекшісі, Ақжайықтың ардақты ақсақалы Кәкен КӨБЕЙСІНОВПЕН әңгімеміз осындай бағытта өрбіді. – Кәкен аға, сіз кеше Ел­ба­сымыздың Нидерланд ко­роль­­дігіне қарасты Гаага қала­сында өткізілген ядролық қауіпсіздік жөніндегі дүние­жү­зілік саммитке қатысқанынан БАҚ арқылы таныс шығарсыз деген ойдамын. Өйт­кені, сіздің ядролық жарылыс­тарды тоқ­тату, оның зар­дапта­рын ауыз­дықтау жө­ніндегі мәсе­лелерге келгенде құлағыңыз қа­шан да түрік жү­ретіні бізге жақсы белгілі. – Әрине, хабардармын. Әлемдік тұрғыдағы мұндай өзекті де көкейкесті мәселелерден шет­қақпай қалуға бола ма? Нұрсұлтан Әбішұлының Семей атом полигонын жабу жөніндегі Жарлық шығарған күнінен кейін Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні датасының бүкіл­халықтық күнтізбеге енгі­зі­­луіне қозғау салды. Біздің Ел­басы – қай кезде де жүйесіз, қисынсыз сөйлемейтін, іс пен сөздің бірлігін сақтай білетін халықаралық деңгейдегі ірі тұлға. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев – бүкіл әлем бойынша ядролық қауіпсіздік мәселелеріне бастамашы бола білген әрі осы терең гуманистік миссиясы арқылы әлемдік деңгейде мойындалған қайраткер. Дәл осылай екеніне біз кешегі күні тағы да айқын көз жеткізе түстік. – Кәкен аға, мемлекет бас­қарып отырған адамның әрбір сағаты мен минуты есептеулі. Сондықтан Елба­сы екінің бірін қабылдай бермей­тіні табиғи жайт. Осыған қара­мастан, бү­гінгі сексеннің сеңгірінен асып отырған мә­уелі бәйтеректей ша­ғыңызға дейін Президент Нұр­сұлтан На­зарбаевтың қа­был­дауында үш рет болған екенсіз. Осы кез­десу­лерден ке­йін полигон зардаптарын жою мақсатында қандай шаралар белгіленгенін айтып бере аласыз ба? – Турасын айту керек, біздің Елбасы өз халқының тағдырына ерекше ден қойып келеді. Үлкен айтыс-тартыстар мен қарсылықтар жағдайында, егемендік алмай тұрып Семей атом сынақ полигонын жапты. Азғыр полигоны да жабылды. Бірақ оның зардабы әлі толық жойылған жоқ. Сонау 2000 жылы Президент мені қабылдағаннан кейін өтінішім бойынша үкіметке және тиісті министрліктерге тапсырма берді. Соған сәйкес арнайы сарапшы комиссия құрылып, полигон аймағына он рет ғылыми-зертханалық зерттеулер жүргізілді. Республика үкіметі жанынан алты ведомствоаралық жұмыс тобы мен комиссия құрылды. Соның нәтижесінде 2004 жылдан бас­тап жергілікті бюджет қаржысы есебінен полигон зардабын шеккендерге әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіле бастады. Менің Елбасына айтқан ұсынысым бойынша 2005 жылдан бастап әскери-сынақ полигоны зардабын тартқан Батыс Қазақстан облысы тұрғындарын оңалту жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған аймақтық бағдарлама қабылданды. Бұл бағдарлама кейін 2008-2010 жылдарға да жасалып бекітілді. Қазір облыстағы бала жастан мүгедек – 867, 18 жасқа дейінгі 689 бала, I топтағы 325 адам, II топ­тағы – 1052, III топтағы 1136 адам, барлығы 4069 адам үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік жәрдемақы алады. Жаңақала кентінде полигон зардабын шеккендерді оңалтуға арналған облысаралық емдеу кешені ашылды. Капустин Яр және Азғыр полигондары зардабына ұшырағандарды әлеуметтік қорғау және оңалту жөнінде республикалық бағдар­лама қабылдау қажеттілігі де талас туғызбайды. Мен бұдан бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу кезінде осы мәселені де айтқан болатынмын. Бұл ұсынысқа да Мемлекет басшысы түсіністікпен қарады. Сондықтан да, бұл мәселенің үкімет жанында құрылған комиссияда қаралуына тапсырма берді. – Сонда сіз кездесу кезінде Елбасына нақты қандай ұсы­ныс-пікірлер айтып едіңіз? – Аймақ тұрғындарына ауыз-судың жетіспейтіні, су сапасы мен құрамының нашарлығы, оның құрамында ауыр металдардың көптігі, осы аймақтағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің жылдан-жылға селдіреп азайып бара жатқаны туралы айтқанмын. Әрине, ұсынысым аяқсыз қал­ған жоқ. Осыған байланысты Орал қаласында Капустин Яр мен Азғыр полигондарының экологиялық залалын анықтайтын республикалық комиссияның көшпелі мәжілісі өткізілді. Онда әскери полигондардың әсер ету аймағындағы экологиялық мә­селелер қаралды. Алдағы уақытта бұл комиссия бюджеттік бағдарламаларға енгізілуге тиісті қаржы көлемін анықтап, үкіметтің алдына тиісті мәселе қояды деген сенімдемін. Өйткені, оларға Елбасының қойып отырған басты талабы да осы. Мен «Нарын» қозғалысы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде сынақ зардаптарын анықтау бағытында жүргізілген зерттеулердің қорытынды материалдарын республикалық комиссия төрағасына табыс етіп, қосымша зерттеу жүргізудің қажеті жоқ екенін мәлімдедім. Комиссия отырысын қорытындылаған Қор­­шаған ортаны қорғау вице-ми­нистрі, комиссия төрағасы Бектас Мұхамеджанов бұған дейін айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілетінін мәлімдеді. Яғни, бұдан кейінгі кезеңде ұлттық ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе отырып, полигондардың аймақтағы адамдар денсаулығына тигізген кері әсерін зерттеуге бағытталған бірнеше бағдарлама дайындалмақ. Бұл жөнінде тиісті зерттеу жұмыстары басталып та кетті. Әрі осы зерттеулердің қоры­тындысына орай нақты шешімдер қабылданады деді ол. Енді біз осы комиссияның түп­кілікті шешімін күтеміз. Міне, Нарын бойын жайлаған қалың елдің көкейіндегі осы шешімін тауып үлгермеген жайт­тар Елбасымыздың өзі тікелей қозғау салып, тиісті тапсырма бергеннен кейін ғана жанданды деп есептеймін. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы. ___________________ Осыдан ширек ғасыр бұрын Ядерный-1