Жалпы, кез келген саяси оқиғаның қозғаушы күші болатыны белгілі. Бүгінгі еліміздегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші халық. Халықты дүр сілкінткен мәселе – тұрмыстың төмендігі, қымбатшылық, сот жүйесіндегі әділетсіздік, баспананың жоқтығы, оқу орындарындағы былық, білімсіздік және бұдан бөлек көптеген түйіндер. Нақтыдай айтқанда, бұлардың барлығы тұрғындардың болашаққа деген үмітін жоятын басты факторлар. Бұл туралы 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев баса айтты. «Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр», деді ол.
Президенттің бұл сөзіне қосыла отырып, елімізде табысы өте төмен азаматтардың саны әлдеқайда көп екенін айтқым келеді. Ресми статистикаға енбей қалған, табыс көзі қажетті деңгейден де төмен, отбасын асырау үшін барын салғанымен, бала-шағасын толыққанды асырауға мүмкіндігі жоқ жандар өте көп. Мен ауылдан, қарапайым халықтың арасынан шыққан депутат ретінде ауыл тұрғындарының жағдайын, халін, тұрмыс-тіршілігін, жанайқайын өте жақсы білемін. Ауылдардағы инфрақұрылымның, жұмыстың жоқтығы, бар жұмыстағы жалақының аздығы, балалардың дамуы үшін жағдайдың тиісінше жасалмауы, қара жұмыс істейтін азаматтарымыздың жұмыс берушілер тарапынан әділетсіздік көруі, өз құқықтарын қорғай алмауы, құқықтарының аяққа тапталуы біздің қоғамымызда жиі кездеседі. Бұған тіпті етіміз үйренгені соншалық, мән бермейтін деңгейге жеткеніміз жасырын емес.
Әлеуметтік проблемалардың өршуі бұл қарапайым халықтың ғана емес, бүкіл мемлекеттің тағдырына әсер етеді. Неге? Мұны түсіну үшін америкалық психолог, әлеуметтанушы Абрахам Маслоудың әйгілі «пирамидасын» еске алу жеткілікті. Адамның қоғамда сапалы өмір сүруі үшін бес қажеттілігі қажет. Оның біріншісі тұлғаның физиологиялық қажеттілігі болса, ең кемелі, ең шыңы – жеке қажеттіліктерін өтеу болып саналады. Бұл пирамиданың өлшемдеріне салсақ, қазіргі таңда біз әлі де физиологиялық қажеттілік өтелмеген қоғамда өмір сүріп жатқандай әсерде боламыз. Біз білімді, саналы, өркениетті елдер қатарына әу бастан-ақ мақсат қойып, бірақ халықтың әлеуметтік «күйзеліске» ұшырағанын аңғармауымыз – орны толмас қателіктердің бірі деп есептеймін. Сол себепті Президенттің бірінші кезекте халықтың жағдайын көтеруге деген ұмтылысы әбден орынды деп санаймын. Осы орайда мемлекет басшысының инфляцияны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атағаны да саналы қадамдардың бірі. Оның «инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті», деп мәлімдеуі осы жайттарға деген көзқарасын айқындайды.
«Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті де тұтастығын сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз», деді Мемлекет басшысы.
Халықтың тұрмыс жағдайын арттыру ісінде газбен қамту проблемасы өзекті. Қазақстан әлемдегі мұнай мен газға бай 15 елдің қатарына кіретінін білеміз. Десе де, Қарағанды, Балқаштағы, тіпті елордамыздың маңындағы елді мекендерге газ тарту мәселесін әлі де түбегейлі шеше алмай отырмыз. Алматы облысында да әлі күнге дейін газ тартылмаған өңірлер бар. Биыл көптеген өңірлерде көмір бағасының қымбаттауы үлкен проблемаға айналғанын көріп отырмыз. Шалғай жерлерде көмірдің бір тоннасы 26 мың теңгеден сатылғанына куәміз. Мұның барлығы халықтың жүйкесіне тиіп кетті.
Біз тез арада еліміздің әр тұрғыны үшін өмір сүруге қолайлы «Жаңа Қазақстан» құруға атсалысуымыз қажет. Ол үшін әлбетте биліктің іс-әрекеті дұрыс болуға тиіс. Әл-Фараби бабамыз айтқан «Қайырымды қала» тұрғындары бақытқа жету жолында бірге әрекет етуі керек деп санаймын.
Әлия ӘБСЕМЕТОВА,
Мәжіліс депутаты