Пікір • 14 Ақпан, 2022

Білімге көңіл бөлу керек

898 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдегі соңғы болған оқиғалар көпшілігімізді дүрліктірді. Сансыз сұрақтарға жауап іздеп басымыз қатты. Мемлекет тергеу жұмыстарын жүргізіп, ақ пен қараны ажыратып берер деп сенеміз.

Білімге көңіл бөлу керек

Бұл күндері әрқайсымыз өз өзімізге сұрақ қоюымыз керек. «Біз не істей аламыз?» «Біздің жаңа Қазақстанымыз қандай болады?» Қоғам, өз ішіндегі мәселелерді талқылап, оларды шешудің жолын іздестіре білу керек. Біздің ең үлкен мәселеміз – алауыздық. Ауызбіршілігіміз жоқ. Біз жиналып ортақ мәселелері ортаға салып, бірге шешім іздеп және ең бастысы сол шешімді жүзеге асыру үшін жобалар әзірлеуді, жүргізуді білмейміз. Бәлкім бұндай мәдениеттің қа­лып­таспағандығы бұған себеп шығар. Мектептеріміз­де, уни­­­верситеттерімізде жас­тар­ды бірігіп жұмыс істеуге, жоба жа­сау­ға бағытта­май­мыз. Сон­дық­­тан да болар, ересек­тер­дің ара­сын­да ұйым­дасу, мәселелерді бірге шешуге деген құлшыныс жоқ.

«Көп біріксе ел болады» дейді. Біздің қазіргі өзекті мәсе­леміз – жастар. Оларға қалай білім береміз, еліне пай­далы азамат қылып қалай тәр­бие­лей­міз. Сол маңызды. Ұран­датусыз, жаһандық құндылық­тарға сай азаматтарды өсіру керек.

Қазақ мектептерінде бір сы­ныпта 40-қа жуық оқушы отыр. Оқу-әдістемелік құралдар жет­кіліксіз. Балалары мектепке барып жатқан барлық ата-ана бұны біле­ді. Мектеп пен ата-ана арасында текетірес, бірін-бірі жазғырушылық көп байқалады. Ал енді, ата-ана ретінде, сол мек­теп­тің жақ­саруы­на, мұғалімдер­дің өсуіне, жетілуіне қанша­лық­ты үлес қосып жатырмыз? Бір мұғалім 45 минуттық сабақта 40 балаға қалай білім беріп үл­гереді? Мысал ретінде, биыл ҰБТ тапсырған 140 мыңнан астам мектеп оқушысының 40 пайызға жуығы шекті балды жинай алмай қалды. 55 мыңға жуық мектеп оқушысы 140 балдан 50 балл жинай алмады деген сөз.

Мектеп жүйесінде оқу бағ­дар­ламасынан қалып қойған балалар көп. Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық болады. Жо­ғары оқуға түсе алмаған бала, көше­де қалады. Оның соңы неге барып ұласатынын шамалап топшылай жатарсыздар.

Осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігімен Алатау ауданында «Алатау шы­ғар­­­ма­­шылық орталығы» деп ата­­ла­тын білім беру саласында маңыз­ды жоба бас­тадық. Оның негіз­гі бағыты Алатау ауданын­да орналасқан 26 мектептің оқушы­ларына қосымша білім беру, мектептердің әлеуетін көтеру, аудан тұрғындарының бі­лік­­­ті­лігін арттыру, жалпы ағар­ту­­шы­­лық жобаларды жүзе­ге асыру.

Бұл қанатқақты жоба, жақсы нәтижелер берсе, Алматының бас­қа аудандарында осындай ор­та­лықтар ашу жоспарлан­ған. Бұл жобадан үмітіміз зор. Соң­ғы болған оқиғалардан кейін бұн­дай жо­балардың өзектілігі арта түс­кендей көремін өзім. Көп мәселе­нің түбірі – білімде жатыр деп ойлаймын.

 

Бекжан ТОЛЫБАЙ,

Сүлеймен Демирел атындағы университеттің корпоративтік даму директоры