Қоғам • 14 Ақпан, 2022

Жылыту мәселесінде жағдай қиындап тұр

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпан айы Жамбыл өңіріне ақтүтек боранымен бірге келді. Жел­тоқ­сан және қаңтар айларында жайлы болған қыс мезгілі ақпан­да тосын мінез танытуда. Күн райы күрт құбылып, жергі­лік­­ті жұрт­шылықтың да алаңдаушылығын тудырып отыр.

Жылыту мәселесінде жағдай қиындап тұр

Көктем ерте келетін аймақта қыс мезгілінің соңы қалай болатыны да белгісіз. Бұл ретте өңірдегі жылыту маусымының жай-күйі де өзекті. Өткен жылы облыста жылыту мәселесіне байланысты біраз олқылықтар орын алған еді. Бір ғана Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында қазандық істен шығып, талай тұрғын қақаған қыстың ортасында жылусыз қалған. Осы жағдай өңірдегі жауапты басшылардың жұмысының салғырттығын көрсеткен болатын.

Мұндай оқыс жағдайлар алдағы уақытта да қайталанбауы үшін облыс басшылығы тарапынан тиісті лауазым иелеріне тапсырма берілуде. Бірақ оның да орындалу барысы баяу болып тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері жылу энергетика кешендерімен 1,1 млн гигакалорий жылу энергиясы өндірілген екен. Өңірдегі барлық 8 ірі жылу көздері, 83 локалды қазандықтар және 444 автономды қазандықтар штаттық режімде жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ аталған басқарма басшысы қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерді қоса алғанда барлығы 3 285 нысан жылумен қамтылғанын айтты. Дей тұрғанмен бұл салада күрделі мәселе де бар. Мәселен, Жаңатас қаласының орталық қазандығына 12 мың 870 тонна әлеуметтік мазутты жеткізу жоспарланғанымен, бүгінгі таңда оның 6,5 мың тоннасы ғана жеткізілген. «Наш быт» ЖШС тарапынан қалған мазут көлемі жеткізілмей отыр.

«Осының салдарынан, өткен жылы мазутқа бөлінген 296,2 млн теңге игерілмей қалды. Сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар айына қаралған 397,9 млн теңге де игерілмеді. Аудан әкімдігі өз кезегінде келісімшарт талаптарының орындалуын жеткізушіге міндеттеп, қажетті мазут көлемін уақтылы толықтыруға тиіс. Бұдан бөлек, «Игілік» және «Жамбыл-Жылу» кәсіпорындарына 1 062,5 тонна мазут қарызы бүгінге дейін өтелген жоқ», дейді Құдайберген Қорғанбаев.

Сонымен қатар Жаңатас қаласының орталық қазандығын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу өткен жылы аяқталмай қалған. Бұл мақсатта бюджеттен бөлінген 21,3 млн теңгенің 19,3 млн теңгесі игерілмеген.

Отын тасымалдау, жалпы, жылыту жүйесін жандандыру мәселесі өңір­де әлі де өзекті. Қазынадан қыруар қа­ражат бөлінгенімен, оның бірқатар бөлігі күні бүгінге дейін игерілмей жатыр. Сондықтан да тиісті отын көлемі құралмай келеді. Жауапты басшылар әр сылтауды айтып жалтарғанымен, Жаңатас қаласындағы жағдай әлі де жұмыстың жүйелі емес екенін көрсетуде. Шағын қаладағы былтырғы жағдай да әлі ел есінен шыға қойған жоқ...

 

Жамбыл облысы