25 Наурыз, 2014

Құнды бастама

366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Музей қызметкері Ахмет Дүйсенбаев 26 ақпандағы «Егемен Қазақстан» газетінде «Еуразия топонимдері» атты материал жария­лады. Бұл өте құнды әрі зәру тақырып. Әр зерттеушінің ойында жүретін мәселе болатын. Автордың бұл тақырыпты көтергені өте орынды, құптарлық іс. Тек бастаған істі әрі қарай тереңдетіп, кеңейтіп зерттей беру керек. Алдымен мақаланың аты жөнінде. Оны «Еуразия топонимдері» деп атаған. Авторды түсінуге болады. Бұл бастама. Келешекте оны  «Еу­ра­зияда түрік топонимдері» деп атаған жөн. Өйткені, мақаланың түпкі мақсаты да сол. Одан соң әрбір келтірілген топонимдік сөздерге толық түсіндірме беру қажет. Өйтпейінше, түрлі талас пікірлер туындайды. Ең бастысы, көтерілген мәселе өте тың. Сондықтан осынау күрделі ғылыми, идеологиялық, тарихи, лингвистикалық мәселеге түрлі мамандарды қатыстырған жөн деп есептейміз. Өйткені, бұл біздің бабалар тарихына тікелей байланысты мәселе. Бағзы тарихымыз аңшылықтан кейін қолға тағы жылқыларды үйретуден басталды. Мал жағдайына байланысты олар Еуразияда талай жерді шарлады, қоныстанды, тұрған, жүрген мекеніне лайықты ат қойды, тіршілік белгісін қалдырды. Тарихшылар көне тарихты зерттегенде палеон­тологияға мән береді, сүйенеді. Бұл дұрыс. Бірақ, одан кем емес деректі бізге топонимдер, мақал-мәтелдер қалдырды. Міне, тарих философиясы дегенде осыларға мән бергеніміз жөн. Біз Америка үндістері (майя, ацтектер, сиу, т.б.) тілінде «кін» (күн), «чилан» (жылан), «бақа» (бақа), «тепе» (төбе), «иаш» (жас) деген сияқты түрлі сөздер бар екенін кейін білдік. Сол сияқты Гренландия эскимостарында «ата» (әке), «аата» (ата), «ана» (ана), «аана» (әже) сияқты сөздер сақталғанын байқадық. Соңғы жылдарға дейін бұдан хабарсыз едік. Әлемдік деңгейде талай ғылыми конгрес­тер өткізілген екен. Біз бұдан да бейхабар болып келгенбіз. Ол түгіл бұрынғы КСРО жерінде түркі тілінде көптеген топонимдер бар екеніне де онша мән бермегенбіз. Ахмет Дүйсенбаев олардың бетін ашты. Автор еңбегінде 400-дей топонимдерді келтіріпті. Бұл тек бастамасы ғана. Төл тарихымызды зерттеу, біріншіден, бабаларымыз рухы алдындағы парызымыз. Екіншіден, тарихымызды бүкіл әлемге таныстырып, осыған қазіргі елдерді тәнті етіп, мойынсұндыру. Үшіншіден, біздерді «жабайы» деп келген еуроцентризм саясатына берілген нақты дәлелді жауап болмақ. Адамзат тарихында көшпелілер әкелген өркениеттің әсері Еуразия елдерінде әлі күнге дейін сақталғанын көру қиын емес. Біздей мол тарихы бар Еуропада басқа этнос болса, әлемге жар салған болар еді. Біз осыны ұғынуымыз керек. Егер тарихта алған орнымызды көрсетпесек білімді болғанымыздан не қайыр? Бабаларымыздың тарихы әлемде ешбір этносқа ұқсамайды. Ерекше. Біз сол бабалардың тікелей ұрпағымыз. Олай болса адамзат тарихында алатын орнымыз да бөлек. Тарих шын болуы керек дейміз. Бізге керегі сол ақиқат. Досмұхамед КІШІБЕКОВ, академик. Тимур КІШІБЕКОВ, философия ғылымдарының кандидаты. АЛМАТЫ.