Кешегі өткен ғасырда Қазақстанның белгілі де беделді қайраткерлерінің бірі ғана емес, бірегейі болған Ақ Жайық өңірінің түлегі Мұзаппар ағаны елі есіне алып, ең алдымен, оның үлкен азаматтық қасиеттерін айтып отырады. Үлкен ұйымдастырушы қабілетімен қатар, кішіпейіл, ақжарқын, адамды бірден ішіне тартып тұратын, байсалды кісі болатын. Тек туған өлкесінде ғана емес, Қазақстанның бірқатар аймақтарында өшпес із қалдырды, үлкен құрметке бөленді.
Мұзаппар Дайыров 1914 жылы Астрахань облысының Қарабала ауданындағы Ахтуба ауылында дүниеге келді. Әкесі Қозыбақ ақсақалдың он баласының бірі. Үлкен отбасының иесі өмір бойы қой бағумен болған. Колхоз құрылғанда алғашқылардың қатарында мүше болып кірген. Баласы Мұзаппардың өзі де өмір жолын шаруашылық жұмысынан бастаған.
Интернатта жатып, 7 класты бітірген Мұзаппар Саратов, Астрахань қалаларына барып, білім алады. Еліне қайтып оралып, өз колхозында комсомол ұйымының хатшысы болып істейді. Жалын оты лаулап тұрған жас жігіт қыз-жігіттердің арасында жақсы беделге ие болады. Ол кезде РСФСР-дегі Сталинград өлкенің орталығы болатын. Сонда өткен комсомол ұйымының конференциясына делегат болып қатысады. «Ол уақытта жастар ойындағысын ашық айтатын, сөз жарыстары қызу да қызғылықты болатын, – деп еске алатын Мұзаппар аға. – Жалығып, қалғу дейтін болмайтын. Маған үлкен әсер еткен өлкелік партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы, революционер И.П. Варейкс болды».
1939 жылы Оралдағы Комвуз деп аталып кеткен оқу орнын бітірген Мұзаппар Орда аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. Осы кезден бастап талапты жастың тез өрлеу жолы басталады. Көп кешікпей аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылады. Бір жылдан кейін Батыс Қазақстан обкомы ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары, соғыс басталардың аз-ақ алдында Жаңақала аудандық партия комитетінің кадрлар жөніндегі хатшысы болып сайланады. Аз ғана уақытта өзін іскерлігімен, елмен тіл таба білетіндігімен жақсы жағынан көрсете білген Мұзаппарды 28 жасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Бұл 1942 жылдың наурызы еді.
Қан майданда арпалыс жүріп жатыр. Соғыстағылардың ғана емес, тылда қалған кәрілер, қатын-қалаш, бала-шағалардың басына түскен ауыртпалық ұлан-ғайыр еді. Жаңақала өңірі облыс орталығынан шалғайда, мал ғана өсіретін үлкен аудан, 47 колхозы, 2 машина-трактор стансасы бар. Жерінің көпшілігі – құм. Майданға азық-түлік, жылы киім жөнелтудің қатаң тапсырмасын мүлтіксіз орындау керек. Украинадан, Ресейден босқан, арып-ашып келгендерді жайғастыру қажет. Бір күздің үш айында мұнда 4000 адам орналастырылды. Оларға баспана, азық-түлік берілді. Бұл тек айтар ауызға ғана жеңіл. Сталинград майданының тылы есептелген Жаңақала, Жәнібек, Орда аудандарының халқы бомба астында қалған уақытта болды.
Жігерлі де іскер Мұзаппар Дайыров басқарған Жаңақала ауданының еңбекшілері майданға ауыл шаруашылығы өнімдерін керегінше жөнелте отырып, соғыс жылдарында мал басын едәуір өсіруді қамтамасыз етті. Жанқиярлық еңбектерін жоғары бағалап, КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитеті Жаңақала ауданына бес рет Қызыл Ту табыс етті. Қазақстандағы ең көп алғыс алған – осы Жаңақала ауданы.
1945 жылдың басында Мұзаппар ағаны Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жұмысына ауыстырады. Соғыс жылдарында бұл өңір құлдырап қалған-ды. Сталинград шайқасына жақын тұрғанның да әсері тигені анық. Екі теміржол стансасы, бірнеше елді мекен бомба астында қалып, көп зиян шеккен-ді. Халықтың да әл-ауқаты күйзелісте екен. Ауданның жаңа басшысы білекті сыбанып жіберіп, шаруашылықты қалпына келтіруге кірісті. Ел аралап, жеңістің жақын қалғанын айтып, адамдардың рухын көтерді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, іс алға басты. Бір-екі жылдың ішінде-ақ елдің еңсесі көтерілді. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы тез көтерілді. 1945-1947 жылдардың қорытындысы бойынша Орда ауданы шарықтап алға шықты. Мына бір мәлімет таң қалдырмай қоймайды. Негізгі түліктер жылқы мен қой ғой. Осыларды өсіруден жедел алға кеткен Карл Маркс атындағы колхоздың сегіз адамы ең үлкен марапатқа ие болды. Колхоз председателі Қарасай Сәриев, жылқы фермасының меңгерушісі Қалеш Ғалымжанов, жылқышылар Қабден Темірғалиев, Кенже Құрмашев, аға шопан Төлеген Өтешев Социалистік Еңбек Ері атағын алды, аға шопандар Нәсия Дәулетова, Қанат Кенжалиев, Хасен Әжіғалиев Ленин орденіне ие болды. Ғажап емес пе?
1946 жылдың күзінде Ордаға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов барады. Оның қалай болғанын, ойда жоқта Жұмекеңнің өз аузынан естігенімді айта кетейін. Алдымен кездесу жайлы бірер сөз. 1955 жылдың жазында Алматыда үлкен актив жиналысы өтті. Оған Н.С.Хрущевтің өзі қатысты. Сол жиыннан қайтқанда вагон купесінде Шаяхметовпен бірге келгенім бар. Ол кезде Жұмекең Оңтүстік Қазақстан обкомының бірінші хатшысы, Шымкентке келе жатыр. Ақжарқын, елгезек кісі екен, қайдан, кім екенімді сұрады.
– Иә, Оралда болғанмын. Қаймағы бұзылмаған қалың ел, «жігіттері жігерлі, қыздары сүйкімді» дегендей. 1946 жылы барғанмын. Ол кезде сіздерде обкомның бірінші хатшысы Мінәйдар Салин болатын. «Ордаға барайық», десем: «Ойбай, оған барып-келу үшін бір жеті керек. Тым алыс, жақын аудандарды аралайық, дейді. «Киелі жер ғой, барайық және тезірек қамданайық», – деймін мен. Сонымен жолға шықтық. Екі қонып, үшінші күні жеттік. Орданың халқы қатты ұнады, ыңқыл-қыңқылы жоқ, бәрі жайдары, шаруашылық басшылары өз істеріне мығым. Аудандық комитеттің бірінші хатшысы Дайыров инабатты, байсалды жас жігіт, бірталай тәжірибе жинақтаған, болашағы алда тұрған қызметкер екен. Елді көтеріп тастапты. Көргенімізге разы болып оралдық.
Білгіштер айтатын: «Жұмекең кісі танығыш, көңілінен шыққан жас кадрларды ұмытпайды, тезірек өсіргенше асығады, олар жөнінде сұрап, біліп отырады», деп. Сондай көңілінен шыққан, бір көргеннен ұнаған осы біздің Мұзаппар аға болған сияқты. Олай дейтініміз, 1947 жылдың қысында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Мұзаппар аға депутат болып сайланды. Ал наурызда болған сессияда Жоғарғы Кеңес Президиумының хатшылығына жоғарылатылды. Осы жерде Жұмекеңнің шапағаты тигені анық.
– Бұрын аудан шеңберінен шықпаған маған алғашқы кезде оңай болған жоқ, – дейтін Мұзаппар аға. – Республика деңгейі тым аумақты, оның үстіне кеңес жұмысында болмағандық та әсерін тигізді. Ал Жоғарғы Кеңес Президиумының құзырында өте маңызды, күрделі мәселелер шешіледі. Басшыларым Даниял Керімбаев, Шекер Ермағамбетова, Әліби Жангелдин өте тәжірибелі адамдар, тез баулыды. Жұмысымды игеріп алдым, қарамағымдағылармен түсінісіп істедік. Үкімет адамдарымен, министрлермен, депутаттармен қарым-қатынастарымыз да айтарлықтай болды. Әрине, алдымен, Жұмекеңе алғысым мол. Республиканың бірінші басшысы, анда-санда шақырып алып, жұмысымның жайын сұрайтын, кейде облыстарға шыққанда бірге алып жүретін. Жасырмайын, үлкен кісі қолтығымнан демеп отырды, өне бойы көз қырын салып жүрді. Жұмекеңнің кадрларға деген қамқорлығы айтарлықтай-ақ еді. Оның алақанының жылуын көргендер көп-тін. Ардақты ағаның аты ұмытылып бара жатқанына қынжыласың. Амал қанша, – деп күрсініп қоятын.
«Шалғайдағы Нарыннан Оралды аттап Алматыдан бір-ақ шықтың. Облыс деңгейінде істеу де керек шығар», деп достары айтып жүретін. Өзінің ойы да осыған шабатын. Жоғарғы Кеңесте төрт жыл істеп те қалды, едәуір тәжірибе жинақталды. 1951 жылдың басында Жұмабай Шаяхметов шақырып алып: «Ақмола облыстық партия комитетіне хатшы болып барасың. Ел мен жерді көру керек», – дегені.
Осы облыста үш жыл істеген соң, 1954 жылдың басында Павлодар облыстық партия конференциясында Дайыров бірінші хатшы болып сайланды. Одан ақпан айында Қазақстан Компартиясының кезектен тыс съезі өтті. Онда тың жерлерді игеруді жедел жүргізу мәселесі қаралып, республика партия ұйымының басшылары жаңарды. П.К. Пономаренко мен Л.И. Брежнев келді. Ж.Шаяхметов қатардағы хатшы болып сайланды. Екінші хатшы болған Афоновты Павлодар обкомына бірінші хатшы етіп жіберді. Үш ай ғана істеген Дайыров екінші хатшы болып қалды. Кейін екі жыл Мәскеуге барып білімін жетілдіріп келгеннен соң Дайыров Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне кірісті. Халық құрметіне бөленген ол бұл өңірде төрт жыл жүріп, тың игерушілердің қақ ортасында ғұмыр кешті.
1961 жылдың басында Мұзаппар Дайыров Семей облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Табаны күректей жеті жыл істеген соң, Алматыға шақырылды. Қазақстанның мол астығын қабылдап, тазартып, ылғалдан кептіріп, жоғары сапаға жеткізіп, КСРО-ның барлық түкпіріне, шет елге жіберетін министрлікті басқару тапсырылды. Осы жерде 15 жыл абыроймен жұмыс істеп, еңбек демалысына шықты. Бұл кезде Мұзаппар аға 69 жаста еді. Зейнет жасқа жеткеннен кейін де 9 жыл істеудің өзі көп нәрсені аңғартады.
Республиканың Дайындау министрлігі Дайыров басқарған уақытта шарықтап дамыды. Материалдық-техникалық базасы барынша нығайды. Мұзаппар аға былай деп айтатын: Сол 15 жылда 300 элеватор, 111 ұн мен құрама азық зауыттары, 157 шақырым теміржол салынды. Осы, басқа да қажеттілікке 3 миллиардтан аса сом қаржы жұмсалды. Бұл – орасан көп нәрсе».
Жыл сайын егін орағының алдында дәстүрлі жиындар алдында 2-3 күн бұрын Мұзаппар өз шаруашылықтарын аралайтын. Д.А. Қонаев: «Жігіттер мол астық береміз деп отыр. Қалай, Мұзаппар Дайырович, ол өнім сенің қоймаларыңа сыймай қалып жүрмей ме?» – дейтін. «Біздің жігіттер миллиардтан артығын да қабылдауға әзір, оған күмәнданбаңыз», – деп жататын дайындау министрі. Көп жыл екеуін көргенде, Димекеңнің Мұзаппар ағаға зор ілтипатпен қарайтынын байқап жүрдік. Ел аралағанда өзімен бірге алып жүретін.
Мұзаппар Дайыров Арқаның төрт облысында істеді. Ол жақта да айшықты ізі қалды. Республика басшылығына 40 жылдай араласып, зор беделге ие болды. Туған өлкесін де ұмытқан жоқ. Бірде Мәскеуден келе жатып Оралға түсті. Ресми қарсы алып жатқандарға: «Сіздер тұра тұрыңыздар», деп ежелгі жастық шақтарының достары Мәжит Тауышов, Бақтығали Валиевпен шүйіркелесті. Әңгімелерінің таусылмағанына куә болып едім.
Мұзаппар аға ұзақ та жарқын өмір сүрді. Әке болып бала, немере сүйді. Өзінің адал еңбегінің, қажырлы қайратының арқасында ел сыйлаған, халқы қалаған үлкен мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ерен еңбегін Үкімет жоғары бағалады. Ленин, Октябрь Революциясы, төрт рет Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына 8 рет, яғни 32 жыл бойына сайланды. Осындай орасан сенім арқалаған ағаны қалай мақтаныш етпессің.
Бисен ЖҰМАҒАЛИЕВ,
еңбек ардагері.
ОРАЛ.
Суретте: Мұзаппар ДАЙЫРОВ.