Аймақтар • 14 Ақпан, 2022

Қаңтар оқиғасы: Азаптау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі азаптау фактісімен 37 қылмыстық істі тергеуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар оқиғасы: Азаптау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды

«Оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі – 27, ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы - 6 іс, прокуратура органдары - 4 істі тіркелген», деді Алматы облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті басшысының орынбасары Дулат Мадияров.

Ведомство өкілінің айтуынша, «Қаңтар оқиғалары» бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істерді тіркеуге негіз болып құқыққорғау органдары қызметкерлерімен жәбірленушілерге қылмысты мойындату үшiн азаптау көрсеткен деген арыздар мен шағымдар табылған.

«Полиция қызмектерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты арызбен жәбірленушілердің қорғаушылары, туыстары, ата-аналары және өздері де Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүгінген. Сонымен қатар бұқара ақпарат құралдарына күнделікті талдау жасалынып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», деді Дулат Мадияров.

Қазіргі таңда, істің жан-жақтылығын қамту мақсатында күнделікті қарқынды бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде. Атап айтқанда, барлық арызданушылар жәбірленуші ретінде танылып, олардан азаптаудың қалай және қай жерде болғандығы туралы жауап алынды, тану және беттестіру әрекеттері, олармен оқиға болған жерге барып мән-жайдың қалай болғандығы туралы тергеу әрекеттері жүргізілуде, жарақаттардың ауырлық санатын анықтау үшін сәйкес медицина саласының қызметкерлерінің қатысуымен сот-медициналық сараптамлар тағайындалды. Әр жазған арыз бойынша бөлек қылмыстық істер тіркеліп, жәбірленушілердің өкілдерімен жеке дара жұмыстар атқарылып жатыр. Әр қылмыстық іс бойынша процестік прокурорлар тағайындалды. Барлық қылмыстық істер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Агенттігі мен прокуратура органдарының қатаң бақылауында тұр.

«Өз тарапымнан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі әр іс бойынша кінәлі тұлғаларды анықтауға және жауапкершілікке тартуға бағытталған әрекеттерді жалғастыратындығын мәлімдейді.Басқа ақпарат, тергеудің құпиялылығын сақтау мақсатында жариялауға жатпайды», деп толықтырды Алматы облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті басшысының орынбасары Дулат Мадияров.