Қоғам • 14 Ақпан, 2022

Үйсіз жұртты жарылқайтын бастама

1297 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қарапайым халықтың әл-ауқатын көтерудегі негізгі басым­дықтардың бірі – баспанамен қамту. Әсіресе, ең аз қамтамасыз етілген азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізуіне қолғабыс етуде мемлекет қамқорлығы сезіледі. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жал­дамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.

Үйсіз жұртты жарылқайтын бастама

Пәтер жалдау ақысының көтерілуіне жол берілмеуі керек

Президенттің ай­туын­­ша, тұр­мы­сы төмен тұрғын­дар­­дың бас­пана жал­дауға кететін шы­ғынын азай­туға септесе­тін бас­тама был­тыр қолға алынуы керек еді. Енді бұл әлеу­меттік баста­маның іске асырылуын биыл 1 ма­мыр­дан кешіктірмеу қатаң тап­сырылды.

«Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлы платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемле­кеттен төленеді. Тұрғындар отба­сылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, ме­дицина және тағы басқа қажет­тіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабыл­дау мерзімін биылғы
1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.щ

Енді әлеуметтік қолдаудың бұл түрі қалай жүзеге асады, мұның игілігін кімдер көре алады – осы мәселелерге тоқталсақ. Қазір елімізде 590 мыңға жуық азамат баспанаға мұқтаж, оның ішінде 210 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Бұл – көп балалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Оның ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық кезекте тұрғандар қысқа мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл деректерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов келтірді.

– Жалға берілетін пәтерлерді алуға бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы азаматтар құқылы. Біз айтып отырған бастама салынып жатқан үйлерді жалға алуға ғана қатысты емес. Қазір кез келген аймақта нарықтағы пәтерлер жалға беріліп келеді. Ондай пәтерлерді жалдап тұратындар да осы бағдарламаға қатыса алады. Біз жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидаларын әзірледік. Бағдарлама операторы болып «Отбасы банк» белгіленді. Бұл атаулы көмек аза­мат­тардың ортақ жауап­кершілігіне негіз­делген. Яғни жалдау ақысының 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен, оның ішінде 40%-ы рес­публикалық бюджеттен, ал 10%-ы өңір­лік бюджеттен өтеледі. Ал қалған 50%-ын жалға алушылар өздері төлейді, – деді Б.Қашақов.

Оның айтуынша, 70 мың азаматты қолдау үшін 50 млрд теңге бөлінеді. Бұл сома кезектегілер санына қарай жыл са­йын өзгеруі мүмкін. Республикалық бюджетке жүктемені азайту үшін жергілікті бюджеттерден 10% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру қарастырылған. Яғни рес­публикалық бюджеттен жыл сайын­ғы шығындар 40 млрд теңгені, ал жер­гілікті бюджеттерден – 10 млрд теңгені құрайды.

Айлығы шайлығына әрең жететін тұрғындардың баспана жалдауы үшін мемлекеттен өтемақы ала бастауы қуан­тады. Дегенмен бұл бастама үйлерді жал­дау ақысының көтеріліп кетуіне ықпал ете ме деген қауіп те жоқ емес. Сарап­шылар бұл мәселеге де мән беріп отыр.

– Бағдарламаны әзірлеу кезінде мұн­дай қауіп ескерілді. Егер бұл жағ­дайды қадағаламасақ, онда жақында жалдау құнының қымбаттайтыны анық. Сондықтан біз 1-3 тұрғынға – жалдамалы тұрғын үйдің 40 шаршы метрінің жартысы, 4-5 адамға – 60 шаршы метрдің жартысы, 6 және одан да көп адамға – 80 шаршы метрдің жартысы үшін өтемақы төлеуді нақтылап отырмыз. Тәжірибе көрсеткендей, айласын асырғысы келетін адамдар табылады. Мысалы, зейнетақы қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға рұқсат етілген кезде айла-шарғылар негізінен бір-бірін жақсы білетін немесе туыстық байланысы бар сатып алушы мен сатушы арасындағы алдын ала сөз байласу арқылы болды. Сол себептен бұл жолы барлық құжатта жалға алушы мен жалға беруші арасында туыстық қарым-қатынас болмауы керек деп белгіледік. «Отбасы банк» деректер базасы бойынша жалға алынған тұрғын үйдің кімге тиесілі екенін және тараптар арасында туыстық байланыс бар-жоғын тексереді. Әрине, бәрі жіті қадағаланғанымен де, бір саңылау тауып, пайда көргісі келетіндер болады. Әкімдік пен «Отбасы банкі» тұрғын үй жалдау саласына мониторинг жүргізеді. Егер тексеру кезінде белгілі бір отбасы көрсетілген мекенжайда болмаса, алдымен оған ескертеді, содан кейін төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім шығады. Біздің ойымызша, бұл шаралар бағаның өсуін тежейді, – деді Б.Қашақов.

Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Анна Шацкая да бұл бастама­дан кейін пәтерлерді жалдау ақысы­ның өсуінен қауіптенеді. Бұл ретте ол бағдарламаға сәйкес келетін пәтерлердің жалдау құнын белгілеу бойынша мониторинг жасалуы керек екенін алға тартты.

– Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау – көптеген дамыған елде кең таралған тәжірибе. Ал біздің елде пәтер жалдауды субсидиялау табысы төмен халықтың осал топтарына, яғни кезекте тұрғандарға қатысты болып отыр. Әрине, бұл бас­тама мұндай отба­сылардың шығынын айтарлықтай жеңіл­дететіні сөзсіз. Бірақ жалдау ақы­сының өсуі, субсидияға қатысты түрлі айла-шарғылардың орын алуы сияқты қауіптің бары рас. Өкінішке қарай, біраз жұмысшы әлі күнге дейін табысын жасырып, «көлеңкелі» айлық алып келеді. Табысын әдейі төмендетіп, жыл­жы­майтын мүлігін жасырып, жеңіл­дік төлемдерін алатындардың тізіміне енгісі келетіндер көп. Мұндай жағдайда жеңілдіктен үмітті отбасы­ның нақты қаржылық жағдайын білу қиын болуы мүмкін. Пәтер жалдау ақысының бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында мемлекетке осы бағдар­ламаға сәйкес келетін әртүрлі формат­тағы пәтерлердің жалдау құнының ең жоғары деңгейін белгілеу үшін нарыққа тұрақты мониторинг жүргізіп отыру қажет. Әлбетте, жалға алынған тұрғын үйдің мақсатты пайдаланылуын үнемі бақылау керек, – деді А.Шацкая.

 Бастама қалай

жүзеге асады?

Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субси­диялаудың жаңа тетігіне қатыс­ты жұрт көкейінде көп сауал бары анық. Осы бағдарламаға оператор болып белгіленген «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова Facebook-тегі парақшасында біраз сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, бұл төлемдер – тұрғын үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде берілетін, өтемақы түріндегі мемлекеттік қолдау. Ескеретін жайт, бұл өтемақы көлемінде коммуналдық төлемдер қамтылмайды. Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау кезінде бұл төлем­дер жүзеге асырылмайды, яғни сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдар­ламаға қатыса алмайды.

–   Қазірдің өзінде басталмаған бағдар­ламаға «Бөтен тұрғын үйді неге жалға алу керек, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салуға рұқсат етілсін» деген сыңайда түрлі сын айтылып жатыр. Кейінгі үш жылда мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын 20 мыңға жуық отбасы бастапқы жарна түрінде 10% өз қаражатын қолданып, несие­лік тұрғын үй алды. Тұрғын үйді жалға алатын азаматтардың жекелеген сан­аттары бар және олардың табысы бас­тапқы жарна жинақтау үшін аз. Қазақстан бойынша орташа құны 10 млн теңге деп есептесек, 50 млрд теңге қаражатқа жалға беру мақсатымен жылына 5 мың пәтер салуға болады. Ал іске қосылатын жаңа бастама ай сайын орта есеппен 120 мың теңгеге баспана жалдап тұратын 70 мың отбасын қамтып, олардың жалдау ақысын 50% өтемақы арқылы жабуға мүмкіндік береді. Қамтылғандар саны 12 есе ұлғаяды. Яғни жауап қарапайым: жылына 50 млрд теңгеге ие бола отырып, белгілі бір қатаң шарттар шеңберінде таңдалған 5 мың отбасыны немесе 70 мың отбасыны қамтуға болады. Таңдау әлбетте максималды қамту пайдасына жасалады, – деді Л.Ибрагимова.

«Отбасы банк» басшысының айтуынша, баспананы жалдау үшін мемлекеттен өтемақы алуға Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде төрт санат бойынша тұрған азаматтар ғана өтініш бере алады. Бұл – 1 және 2-топтағы мүгедектер; мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Үміткерге қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. Отба­сы мүшелерінің соңғы алты айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүше­сіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс дең­гейі­нен аспауы тиіс. Осылайша, отба­сы­ның бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт. Мысалы, жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көпбалалы отбасыны алайық. Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін, жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Яғни бұл отбасы төлемдерді талап ете алады деген сөз.

Электронды цифрлы қолтаңбаны пайдаланып өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарт­тарға сәйкестігін тексеріп, төлемді таға­йын­дау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады. Бұл ретте ұсынылған құжат­тарды қарау және тексеру мерзімі 10 жұ­мыс күнінен аспайды. Жалға алу келісім­шарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде жалға алушы «Отбасы банкке» жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдай алады.

Үйді жақын туыстары мен жұбай­ларынан, оның ішінде бұрынғы жұ­бай­лар­дан, сондай-ақ ерлі-зайыптылар­дың жақын туыстарынан жалға алуға бол­майды. Жақын туыстарға ата-ана, бала­лар, асырап алушылар, асырап алын­ғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарын­дас­тар), аталар, әжелер, немерелер жатады.

Қалай дегенмен, бұл әлеуметтік баста­маның қарапайым халыққа қайыры болары анық. Тек пайдакүнемдікке жол берілмей, шын мұқтаждардың ғана қажетіне жарайтын тиімді тетікке айналса игі.