«Айша бибі» полигонында «Оңтүстік» өңірлік әскерлері взводтарының жауынгерлік жаттығу атыстары басталды. Оның мақсаты – шынайы ұрысқа мейлінше ұқсас жағдайда әрекет етіп, жаттығу міндеттерін іс жүзінде пысықтау. Бұл шаралар Елбасы – Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың оқу процесін жаңа мазмұнмен толықтыру, жауынгерлік дайындықтың қарқынын күшейту туралы нұсқауымен үндесіп жатыр. Жақында Қорғаныс министрлігінде өткен жедел-стратегиялық жиында Елбасы жаттығулар қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге сай болуы қажет деген болатын.
Қазір «Айша бибі» полигонында 5-ші таулы атқыштар бригадасының бөлімшелері өздерінің дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл ел Қарулы Күштері сапындағы бірден-бір ерекше құрама болып табылады. Биыл бұл бригадада алғаш рет жауынгерлік дайындықтың жаңа тәсілдері тәжірибе жүзінде сынақтан өткізілуде.
Жалпы, взводтық жауынгерлік жаттығу атысы барысында бөлімше командирлерінің, механик-жүргізушілердің, көздеуші-операторлардың және атқыштардың өзара үйлесімді жұмысына баса назар аударылады. Сонымен қатар, таулы атқыштардың жеке дайындығына да айрықша мән беріледі. Қазір олар әлемге әйгілі «Калашников» автоматынан, танкіге қарсы гранатомет пен минометтерден, БМП-2 жауынгерлік машинасынан атып жаттығу үстінде.
Жаттығу барысында Қарулы Күштер тектерінің өзара үйлесімді іс-қимылдары да пысықталу үстінде. Мысалы, құрлық әскерлеріне әуе қорғанысы күштерінің майдандық авиациясы әуеден қолдау көрсетуде. Авиацияның іс-әрекеті мен нысаналарын құрлық әскерлерінің өкілдері өз кезегінде қазіргі заманғы байланыс құралдары арқылы жерден бағыттап отырды.
Бүгінде «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында таулы қорықшы бөлімшелерінің әскери қызметшілері де өздерінің арнайы дайындықтарына кірісті. Олардың басты ерекшелігі – таулы аймақтарда және тікелей ұрыс қимылдары кезінде жылқыларды тиімді қолданып, әрекет ету. Үздіксіз жаттығу жұмыстары нәтижесінде аттар атыс-шабыстан үрікпей, бұйрықты тез қабылдап, жауынгердің сенімді серігіне айналғанын көрсетті. Бұл бөлімшелердің сарбаздарына қойылар талап та жоғары. Олар шың-құздарға өрмелеу әдістерін жақсы меңгеріп, арнайы құралдармен тау жартастарына шығып, түрлі кедергілерді жеңе білуге тиіс. Бұл үшін жалпы әскери ұрыс тактикасынан бөлек, адам денесінің физикалық тұрғысынан өте жақсы дайындығы да қажет.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.