«Мен күні бұрын жоспарыммен бөліскенді ұнатпаймын. Өйткені Риота Муратаға қарсы өтетін жекпе-жектің маңызы зор. Одан аттап өтіп сөйлеуге болмайды. Сондай-ақ басқа боксшылардың аттарын атап, оларды жарнамалағым келмейді. Кез келгенінің атын атасаң, әрі қарай айқайлай жөнеледі. Ал біреулерді елемесең, ол да алдыңғысынан асырып, бірдеңелерді айтып шығады. Олардың кіммен жұдырықтасатыны белгілі. Жекпе-жектерінің датасы да, өткізілетін орны да анықталған. Промоутерлері мен менеджерлерінің таңдауы солай болды. Өз басым үлкен жекпе-жектерге қай кезде де дұрыс қараймын. Сонымен қатар кейбір боксшылардың жоспарына кедергі келтіргім келмейді. Қазір біреуінің атын атасам, менің айтқанымды мысалға келтіріп, жоспардағы жекпе-жегінен бас тартуы ықтимал.
Бәрі дұрыс болуы үшін алдымен Муратамен қолғап түйістіріп алайын. Негізі қаржылық жағынан да, имидждік тұрғыдан да тиімді жекпе-жектерді бірінші кезекте назарға алатын боламын. Кімнің нарықтағы сұранысы жоғары екені міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ әлем чемпионы белдігі бар боксшылар назардан тыс қалмақ емес», деді Геннадий Головкин өз ойымен бөлісіп.