Экономика • 15 Ақпан, 2022

Латифундистерді азайтамыз ба, әлде көбейтеміз бе?

594 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөз бекер айтылмаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» алғашқы Жолдауында: «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес», деген болатын.

Латифундистерді азайтамыз ба, әлде көбейтеміз бе?

Арада екі жарым айдай уақыт өткенде, Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Президент осы мәселеге қайта оралып: «Мен Жолдауда жерді өңдеумен айналыспайтын латифундистерден оны қайтарып алу міндетін қойдым. Бұл өте маңызды тапсырма қызыл сөз үшін беріл­ген жоқ. Адал да еңбекқор фермер­лер, шаруалар мал бағатын жер таппай­тын жағдайға дейін жеттік. Алайда менің тапсырмам өте баяу орын­далып жа­тыр. Қазіргі жағдайды өзгерт­пеуге мүд­делі адамдардың қысымына ұшыра­ған­дықтан, бұл жұмысты созбаққа салу ұйғарылған сияқты», деп мәлімдеген еді.

Содан бергі екі жылдан астам уақыт­та орталық уәкілетті орган – Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мен Үкімет­тің бұл бағытта тындырған істері шамалы, бірнеше қадам ғана ілгері жылжу бар. Біріншіден, Мемлекет басшысы құр­ған Жер реформасы жөніндегі комис­сия әзірлеген ұсынымдарды іске асыру мақсатында былтырғы 30 маусым­да «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қаты­нас­тарын дамыту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғанын айтқан жөн. Соған сәйкес 2022 жылғы 1 қаң­тар­дан бастап жергілікті атқарушы орган­дардағы жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функ­циялары Ауыл шаруашылығы министр­лігіне қайтарылды. Осыған орай, биылғы 19 қаңтардағы Үкімет қаулысымен өңірлерде АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық департаменттері құрылды. Себебі қолданыстағы жер заңнамасын бұзушылықтар жергілікті әкімдіктер тарапынан жасалатындығы анықталып отыр. АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржановтың мәліметіне қарағанда, орталық уәкілетті органға тек жер мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың үстінен 2020 жылы – 2 614, 2021 жылы 1 613 арыз түскен. Олардың дені сауда-саттықсыз (аукцион, конкурс) жер учаскелерін беру, оларды беруден негізсіз бас тарту, жеке және заңды тұлғалардың жер учаскесін беру туралы өтініштерін қарау мерзімдерін сақ­та­мау болып отыр. Әрине, мұндай бұзу­шылықтарға сыбайлас жемқорлық сипаты тән. Алайда енді мұндай келең­сіз­діктерге жаңадан құрылып жат­қан Жер ресурстарын басқару жөнін­дегі аумақтық департаменттердің қыз­мет­керлері жол бермейді дегенге де сену қиын. «Қосылғыштардың орнын ауыстыр­ғанмен, қосынды өзгермей­дінің» кебі болып шықпағай, әйтеуір.

Екіншіден, жуырда Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырыл­ған ақпараттық жүйесі іске қосылды. Алайда одан ауыл шаруашылығы құры­лым­дарының атауы мен шаруа қожа­лықтарының басшыларының тегін ғана білуге болады. Ал мыңдаған гектар жерге иелік етіп отырған ірі серіктестіктердің иелері, һәм латифундистер кімдер екені жайлы мәлімет жоқ. Мұны әзірге Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі шенеуніктердің өздері ғана біліп, құпия ұстап отыр. Жұртшылық болса, жер мәселесінде толық ашықтық пен әділдік болуын талап етуден танар емес. Бұған әлеуметтік желілерде жарияланып жат­қан көптеген пікір айғақ.

Мемлекет басшысы осы көпшілік көкейіндегі мәселеге биылғы 8 ақпанда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы да ерекше назар аударып: «Мен бос жатқан жайылымдық жер­лерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсыр­ған болатынмын. Қазір халық үшін ай­рық­ша маңызы бар жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен әкімдік­тер көзбояушылыққа жол берген. Министр­лік жайылымдық жердің тап­шылығы 6,8 млн гектарға немесе 32 пайызға азай­ды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аума­ғын кеңейтудің нәтижесінде мүм­кін бол­ды. Алайда Бас прокуратураның тексе­рісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайы­лымдық жердің тапшылығы әлі де азай­маған. Ақмола, Атырау және Қоста­най облыстарында ауыл тұрғын­дарын­а малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған мем­о­­рандум жасалған. Шын мәнінде, жа­йы­лымдық жердің тапшылығы қағаз бетін­де ғана азайған. Бұдан бөлек, ай­мақ­­тар халықтың жайылымға деген сұра­ны­сын төмендетіп көрсете бастаған. Үкі­мет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының нара­зы­лығын өршітпесе, кемітпейді. Үкімет­ке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын.

Бұдан әрі. Жерді ұтымды пайдалану­дағы маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бер­­меу. Мен бұл туралы айтқанмын. Бүгін нақ жерді көбірек алып, инвести­ция салмай, өнімсіз шоғырландыру жайлы айтпақпын. Бірқатар өңірде мәс­ли­хаттардың шешімдерімен жер телім­дерінің мөлшерлері ғылыми-негіздеу тәсілінсіз бекітілген: Атырау облы­сында – 98 мың гектар, Алматы облы­сын­да – 96 мың гектар, Шығыс Қазақ­стан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі бір қолға 98 мың гектар ауылшаруашылық жерін беруге рұқсат ететін қаулы жобасын әзірлей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адамдардың қазіргі иелігін бекіту, яғни нормативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқты көрінеді. Түсінік бере кетейін: мемлекет үлкен жер учаскелеріне қарсы емес. Бұл жақсы да – экономикалық айна­лымға жер көбірек енгізіледі, ауқым­дылық әсері жұмыс істейді, бәсекеге қабі­лет­тілік артады. Алайда қатаң қарсы міндеттемелер, жерді нақты пайдалану үшін жауапкершілік болуға тиіс. Сондықтан Үкіметке жер телімдерінің шекті мөлшерлерін анықтап, биылғы 1 мамырға дейін бекіту үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруды тапсырамын», деді.

Расында да, осыған дейін еншілеп алған жерлерін өңдеумен айналыспай­тын латифундистерден оны қай­тарып алу жұмы­сын созбаққа салып келген Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіндегі шенеу­ніктердің шын ниет­тері аңғарылып қалған секілді. Латифундистердің қатарын азайтуды емес, көбейтуді көздейтін құжат жобасын дайындағандықтары – соның дәлелі емес пе?! Олардың қатарында, бейре­сми деректерге қарағанда, аталған министр­ліктің бұрынғы және бүгінгі кейбір басшы қызметкерлерінің болуы да әбден мүмкін. Сондықтан олардың өздері отыр­ған бұтақты кесіп нелері бар?..

Шынтуайтында, ондаған-жүздеген мың гектар ауылшаруашылық жерлерін латифундистер қалай алғандығына Бас прокуратура назар аударса, талай бы­лық-шылықтың беті ашылып қалар деген ойдамыз. Ең бастысы, күн көріп отырған малын бағуға жайылым таба алмай, қиналып жүрген және өздеріне тиесілі жер үлестерін жалға берген компаниялардан уәде етілген пайларын ала алмай, алданып, жер үлестерін де қайтарып ала алмай қорланып жүрген ауыл адамдарының жанайқайлары Үкіметтің құлағына жетсе екен дейміз.