Әлем • 15 Ақпан, 2022

Еуропа Африканың серіктесіне айналуға тиіс

439 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

БРЮССЕЛЬ. Коронавирус пандемиясына байланысты бірнеше рет кейінге шегерілген Еуропалық одақ пен Африкалық одақ саммиті осы айда (17-18 ақпан) Брюссельде өтеді. Осылайша, Еуропа және Африка елдерінің мемлекет және үкімет басшылары 2017 жылдан кейін алғаш рет жиналмақ. Еуропалық одақтың мақсаты – Африканың таңдаулы серіктесі болу. Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Лейен бастап екі жыл бұрын Африкалық одақтың Аддис-Абебадағы штаб-пәтеріне алғашқы сапарға барғанымызда осындай мақсат қойған едік. 

Еуропа Африканың серіктесіне айналуға тиіс

Мұндай өршіл мақсатқа жету үшін не қажет? Біріншіден, Еуропалық одақ пен Африкалық одақ серіктестігіне қара­п­айымдылықпен қарауымыз керек. Аф­рика – жер көлемі жөнінен АҚШ, Мексика, Қытай, Жапония, Үнді­стан және Еуропаның көп бөлігін бірікті­ретін­дей үлкен құрлық. Онда 54 ел және 2000-ға жуық тіл бар. Сондай-ақ ондағы мүмкіндіктер мен проблемалар әртүрлі. Осыған байланысты құрлыққа біртекті құрылым ретінде қарай алмаймыз.

Екіншіден, мәселеге шынайы қарауға тиіспіз. Мен афро-пессимизм мен афро-оптимизмге қарағанда афро-реализмді жақтаймын. Экономикалық өсім мен сауда қатынастары туралы айт­пас бұрын, Еуропа Африка елдерінде бей­біт­шілік пен қауіпсіздікке қол жет­кізіп, мемлекетті тиімді басқаруға үлес қоса алатынын көрсетуі керек. Де­мо­графиялық дивиденд жөнінде сөз қоз­ға­май тұрып, халықтың бақылаусыз өсуі қо­ғамда түрлі ауқымды қиындық туды­руы мүмкін екенін мойындауымыз қажет. 2030 жылға қарай жыл сайын 30 ми­ллион жас Африканың еңбек нары­ғына шығады. Оларды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін орта білімге басымдық берілуі тиіс.

Сонымен қатар жасыл энергияға жаһандық тұрғыда көшу мен тұрақты дамуды қолдай отырып, халқының жартысына жуығы электр қуаты жоқ, су мен азық-түлік үшін күнде күресуге мәж­бүрлік бар құрлықта тұрғындар­дың негізгі қызметтерге қол жеткізуіне жәр­дем­дескеніміз абзал. Бұдан бөлек, Аф­рика елдеріне болашақта вакцина өндіру әлеуетін дамытуға көмектесіп, қазіргі таңда вакцина салдыру процесін жедел­детуге көмектесуіміз қажет. Құр­лық халқының 90 пайыздан астамы коро­навирусқа қарсы вакцина алмаған.

Осы мәселелерді ескере келе, біздер, еуропалықтар Африкадағы өзекті түйткілдерді күн тәртібіне шығара аламыз деп қателеспеуіміз шарт. Сондай-ақ африкалықтардың басым көпшілігі тап келген қазіргі қиындықтар мен қысқа мерзімді тоқырауды естен шығармаған абзал. Бұл, әсіресе, қазіргідей коронавирус пандемиясы құрлықтағы ахуалды әлсіреткен кезде өте өзекті. Сахелде саяси тұрақсыздықпен бірге қауіп те күшейіп келеді. Екі жыл бұрын бола­шағынан мол үміт күттіріп, билік демо­кратиялық жолмен ауысқан Сома­ли тү­бе­гіндегі ахуал қазір қатты тұрақ­сыз­данған. Африканың бірнеше елі қарызға белшесінен бата түсті.

Сонымен қатар пандемия салдарынан Африкадағы геосаяси бәсекелестік инвес­тиция мен бизнес мүмкіндіктерге емес, құндылықтар мен басқару үлгілеріне иек арта бастады. Осы орайда, әдістері мен мақсаты бізден мүлде бөлек басқа жаһандық ойыншылармен бетпе-бет келіп отырмыз. Олардың көпшілігі Еуро­паның ықпалын төмендету үшін жалған ақпарат тарату науқанына кірі­сіп, гибридтік соғыстың басқа түрлерін қолданудан тартынбайды.

Осындай қиындықтарға қарамас­тан, бізде әлі де Еуропаны Африканың таң­­даулы серіктесі еткіміз келеді. Бұ­ған себеп жетерлік. Біріншіден, Аф­ри­­ка­ның проблемалары – біздің проб­ле­маларымыз. Терроризм мен қауіп­­сіздік шекараға қарамайды. Сахел Еуропадан соншалықты алыс емес. Сомали түбегіндегі тұрақсыздық әлем­дегі ең маңызды сауда жолдарының бірі­не қауіп төндіреді. Содан кейін кли­мат­­тың өзгеруі жаңа көші-қон дағда­ры­сын туғызатыны сөзсіз. Өйткені бұл апат адамдардың өмір сүруіне кедергі келтіріп, олардың қоғамын өмір сүруге жарамсыз етеді.

Біздің мақсатымыз құрлықтағы мүм­кіндіктердің молдығына да байланыс­ты. Африка елдерінің экономикасы мен қоғамы жас және серпінді. Еуропа­ның қартайған қоғамы ерте ме, кеш пе, олар­ға иек артуға мәжбүр болады. Сондай-ақ құрлықта шикізат көп. Жаңартыла­тын энергия технологияларын енгізу және өндіруге көмектесуге орасан зор мүмкіндік бар.

Ақырында, біз геосаяси тұрғыдан ойлауымыз керек. Африка халқы 2050 жылға қарай 2,5 миллиардқа жетеді деп күтіледі. Сондықтан құрлық өсіп келе жатқан жаһандық күш саналады. Өзара тығыз серіктестік орнату Еуропа мен Африкаға әлемдік аренада анағұрлым көбірек ықпал етуге мүмкіндік беріп, өзара қолдайтын көпжақтылық үлгісіне серпін берер еді.

Табысқа жету үшін бізге бірлескен басымдықтарға негізделген күн тәртібі қажет. Қиындықтарды айналып өтпей, нақты, жылдам нәтижелерге жетуге жұмы­луымыз керек. Африкаға қайы­рым­дылық немесе бұқаралық ақпарат құрал­дарының назары қажет емес. Құр­лық халқы іс жүзіне асатын ын­ты­мақтастық пен серіктестікке мұқтаж.

Осы мақсатта Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің, қаржы инсти­тут­тары­ның, даму банктерінің және агент­тік­­терінің мүмкіндіктерін біріктіру­ге тиіспіз. Пандемия «Еуропалық команда» тәсілінің маңызын түсіндірді. Мұндай әдіс бөлшектелген стратегиядан, онымен бірге келетін барлық проблемалардан аулақ болу үшін әдетке айналуы керек.

Басқа елдердегідей Африка да құрам­дас бөліктері бірлесе жұмыс істегенде ғана Еуропалық одақтың маңызы артады. Бұған Еуропалық одақ институттары мен үкіметтері ғана емес, азаматтық қоғам мен жеке сектор да бейімделгені жөн.

Еуропаның болашағына Африканың болашағы әсер ететіні сөзсіз. Осы құр­лықта және басқа жерлерде де Еуро­па­лық одақтың әлеуеті басқа жаһан­дық державалардан асып түсетінін көр­сету арқылы еуропалық ұстанымды қор­ғауға тиіспіз. Осы айдағы саммит жаңа құр­лықаралық серіктестік құрудың бастамасына айналуы қажет.

 

Джозеп БОРРЕЛ,

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның

Әлемдегі күшті Еуропа үшін вице-президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org