Қоғам • 15 Ақпан, 2022

Ошағыңның отын өшірме

1013 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шаңы­рақтың шайқалуы – әлеуметтік мәселе. Былтыр облыста 997 отбасы ажы­расты. Негі­зі, өмір жолын жаңа бастаған жастар. Дәм-тұз жараспауының себебі неде?!

Ошағыңның отын өшірме

Өмірде отау құрудан жолы болмай, өкі­ніш өзегін тілген, жігерін жасыт­қан, тіпті тіршіліктен түңілудің аз-ақ алдында тұрған жастармен тілдес­сеңіз, ажырасудың негізгі себебі – мі­нез-құлықтың жараспауы. Екіншісі, әлеуметтік-тұрмыстық жайт. Психолог ма­ман­дардың пайымдауларына қара­ған­да, жастардың бойында отбасына деген жауапкершілік аз. Олар тұрмыстың қиыншылығынан қашады. Тіпті кеше ғана дүниеге келген сәбиді кім бағады, сенің ата-анаң ба, әлде менің ата-анам ба деген сауалдың өзі тығырыққа тірейтін сыңайлы. Одан соң уақтылы баспаналы бола алмау, сәбилерін балабақшаға орналастыра алмау, жалақының аздығы, табысы мол жұмыс таппау, сайып келгенде қаражаттан қиналуы, осының барлығы ошақ­тың отын сөндіретін өмірдің өкпек желі.

– Бүгінгі жастар боркемік, тағдырдың салған ісіне қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қарсылық көрсете алмайды, – дейді ел ағасы Алпыс Жүсіпов. – Кешегі ата-баба дәстүріне қарасаңыз, ажы­расу деген мүлде болмаған ғой. Тар жол, тайғақ кешіп жүрсе де отбасын сақтап қалған. Қуғын-сүргін жылдары да нақақтан сотталып кеткен ерін іздеп Сібірге барғандардың ісі ерлік емей немене?! Менің ойымша, жастарды ең алдымен отбасылық құндылықтарды сақтай білуге тәрбиелеу керек. Қазір теледидарды ашып қалсаңыз, телефонды басып қалсаңыз, қаптаған шетел сериалдары. Қамсыз, мұңсыз, ғажайып өмір және біздің сүйегімізге сіңбейтін өзгеше салт. Қосылғысы келсе қосылады, ажырасқысы келсе, ажыраса салады. Міне, осындай жаман әдет біздің жастардың да бойына жұғып тұр. Бүгінде рухани жаңғыру туралы жиі айтылады. Бұл әшейін науқандық жұмыс болмауы керек, арыдағы ата-бабамыздың салт-дәстүрі, олардың отбасын сақтаудағы асқан адамгершілікке негізделген жауапкершілігі қайта оралса, мұндай көріністер орын алмас еді.

Қоғамдағы осы бір мәселе жан жарасына айналған. Соңғы жылдардағы ажырасу деректерін сараптасаңыз, келеңсіз көріністің жыл сайын кемудің орнына өсе түскенін байқауға болады. Соңғы бес жыл ішіндегі бар деректі қайта-қайта салғастырып, қарап шықтық. Жас отаудың ошағының оты өшуі жаныңды түршіктіреді.

– Былтыр неке бұзған 301 отбасы тір­келді, – дейді Көкшетау қа­ла­лық аза­маттық хал актілерін тіркеу бө­лі­мінің маманы Күлия Сыздықова, – биылғы екі айда 30 отбасынан өтініш түсті.

Жағдай ушығып тұр. Енді не істемек керек? Бұл орайда әрине, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуі, әр отбасының толымды табысқа ие болуы түсінікті. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, күні кеше үлкен өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастардың орта жолда айнып қалу себебі жауапкершіліктің аздығынан дедік қой. Осы пікірді жандандыру үшін бір мысал келтіре кетелік. Бірер жыл бұрын облыс орталығындағы үйлену тойына шақырылғанбыз. Бел­гі­ленген уақытта той иелерінің де, сал­танатқа себепкер болған жастардың да қарасы көрінбеді. Әлден уақытта жас­тар тойға келмейді деген хабар жеткен. Мән-жайды кейін білдік. Тойға дейін қалыңдықтың құлағына сырғасы тағылған, екі жақ бірін-бірі құдалыққа шақырып, мың жылдық құда боламыз деп төс қағыстырып, құйрық-бауыр жес­кен. Ендігісі соңғы түйін, тілектес, ниеттес қауымды ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа шақырып, үлкендердің ақ батасын алуы. Ақ түйенің қарны жарылған қуаныштың көл-көсір лебі дәл осы жерге келгенде суыған. Ешкім зорлап қосқан емес, өз еріктерімен тілектері бір арнада тоғысқан екі жас неге екенін кім білсін, дәл той болатын күні айнып қалыпты. Ұзын-ырғасы үш жүзге жуық мейман шақырылған. Аста-төк дастарқан, барын киіп, байлауын таққан, тойға келген жұрт аңтарылып қалды. Кінәрат кімде екені белгісіз, әй­теуір, тойдың басталуына тура бір сағат қалғанда, екі жас «біз үйленбейтін болдық» деп хабарлаған. Құлақ естіп, көз көрмеген оқиға.

Жиналған жұрт екі жақтың ата-анасын аяп жатты. Бүгінгідей қымбатшылық заманда бар жиған-тергенін бір той өткізуге жұмсаған, бірақ сол қуанышы өтпей қалған ата-ананың күйі не болды екен? Ысырапты айтасыз, моральдық соққы ше? Есеңгіреп қалған жұрт құдай басқа бермесін деп тілеген. Міне, осыдан кейін кейбір жастардың бойындағы жауапкершіліктің жұқарғанын, нақтырақ айтсақ, жоққа тән екенін байқауға болады. Енді не дерсіз?!