Қоғам • 15 Ақпан, 2022

«Қазпоштаның» басқалардан несі кем?!

744 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат өркениеті қалыптасқалы бері бірге келе жатқан қызметтердің бірі – хат-хабар алмасу. Заманауи тілмен айтсақ, пошта қызметі. Бұрынғы дәуірде мұның маңызы орасан болатын. Алайда қазіргі таңда интернет қарыштап дамығандықтан аталған сала үлкен қиындыққа тап келді.

«Қазпоштаның» басқалардан несі кем?!

Қазіргі таңда елімізді пошта байланысымен жалғыз «Қазпошта» акционерлік қоғамы айналысады. Компания 2016 жылдан бастап Ұлттық пошта операторы ретінде бекітілді. «Қазпошта» көптеген қызмет түрін ұсынады. Олардың қатарында лицензиясыз банк операцияларының кейбір түрлерін көрсету, брокерлік, дилерлік, трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыру, сондай-ақ жеке тұлғалардың банктік шоттарын ашу және жүргізу бар.

Статистикаға сүйенсек, 2019 жылы оператор 50,7 миллион хат-хабар жіберген екен. Ал жөнелтілген сәлем­демелер саны 3,2 миллионды құраған. Дегенмен «Қазпоштаның» бір басында қордаланған мәселелер жетерлік. Қызметкерлерге қатысты арыз-шағым да жиі түседі.

Мұның өз себебі бар. Мәселен, пош­та бөлімшелерінің 70 пайызға жуы­ғы ауылды жерде орналасқан. Өкінішке қарай, шалғайдағы елді мекендердегі қызметкерлердің жала­қысы көңіл көншітпейді. Ендеше, бол­машы жалақы төлеп, сапалы қызмет талап ете алмайтыны тағы түсінікті.

Акционерлік қоғам сонымен қатар мерзімді басылымдар жеткізумен де айналысады. Компания бүгінде бұл салада үлкен шығынға ұшырап отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша шығын 1,2 млрд теңгені құраған. Компанияның шығыны көп болғандықтан, қызметкерлердің жалақысын көтеруіне де мүмкіндік жоқ.

Айта кетерлігі, «Қазпошта» «Ege­men Qazaqstan» мен оның еншілес басы­лымы «Казахстанская правда» газетін жеткізеді. Мәселен, 2021 жылы акционерлік қоғам 21 миллион дана басылымды оқырманның қолына тапсырған.

Биыл бұл көрсеткіш 12 мил­лион. «Қазпошта» мерзімді басы­лым­дар­ды тарату қызметінің бел­гіленген құны 13,3 теңгені құрайды. Бірақ бұл оның өзіндік құнын (53,6 теңге) ақта­май­ды. Яғни Ұлттық пошта операторы мемлекеттің қолдауына зәру.

Осы орайда, әлемдегі пошта қызметі туралы аз-кем ізденіп көрген едік. БҰҰ Жаһандық пошта одағы халықаралық бюросының мәліметтеріне сүйенсек, шартараптың түкпір-түкпірінде пошта­лық қызмет арқылы хат-хабар алмасу жылдан-жылға азайып келеді. Мәселен, 2017 жылы әлемде 325 миллиард сәлем­деме жіберіліпті. Соның ішінде 3,8 миллиарды шетелдерге бағыт алған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 263 миллиардты және 3 миллиардты құраған.

Бір қызығы, курьерлік жеткізу кері­сінше көбейе түскен. Мысалы, 2017 жылы шамамен 16,5 миллиард тауар иесін тапса, 2020 жылы 25 миллиар­д-­
қа жетіпті. Мұның басты себебі – Amazon, eBay, AliExpress секілді он­лайн дүкендердің дамуы. Соның нәти­­­жесі шығар, шартарапта жеткізу қызметінен түскен таза кірістің де кө­лемі артып келеді.

Жаһандық пошта одағы жыл са­йын әлемдегі осы салаға шолу жасап, үздіктер мен сапасыздарды анықтап отырады. Аталған баяндамаға сүйенсек, 2020 жылғы жер-жаһандағы ең үздік пошта қызметі Швейцарияға тиесілі. Осылайша, табиғат сұлулығының символына айналған ел қатарынан бесінші мәрте оза шапты. Сондай-ақ Аустрия, Германия, Нидерланд, Жа­пония, Фран­ция, АҚШ, Ұлыбри­тания, Канада, Сингапур секілді мемлекеттер үздік ондыққа кірген. Қазақстан бұл тізімде 170 елдің ішінде 52-орынға жайғасыпты.

Швейцарияның мұншалықты үздік нәтиже көрсетуі – Swiss Post компания­сына тікелей байланысты. Сонау XIX ғасырда құрылған компания бүгінде әлемге үлгі. Оған тікелей Швейца­рия конфедерациясы басшылық етеді. Яғни мемлекет меншігінде. Swiss Post жыл сайын үкіметке миллиондаған франк пайда әкеліп отыр. Жұмысшылар са­ны­ның көптігі жөнінен елдегі үшінші компания. Қазіргі таңда 54 мыңға жуық швейцариялық нәпақасын осы компаниядан тауып жүр.

Swiss Post жұмысының тиімділігін мынадан-ақ байқауға болады. 2020 жылы компанияның таза кірісі 178 мил­лион франкті құраған. 191 миллион сәлемдеме жолдап, 1,7 миллиард хат жіберген. 127 миллион жолаушы тасымалдаған. Иә, қателескен жоқсыз. Компания жолаушы тасымалдаумен де айналысады.

Осы орайда, Swiss Post мұндай дең­гейге қалай жетті деген сауал туындайды. Компания жеткізуге қатысты бүкіл саланы барынша қамтуға тырысқан. Хаттар мен сәлемдемелер жіберуден бөлек, пойыз, автобус арқылы жолау­шыларды діттеген жеріне апарады. Тауар тасымалымен айналысады. Қар­жы нарығында да әрекет етеді. Тіпті электронды дауыс беру жүйесін де енгізген. Қысқасы, пайда табуға болатын бүкіл саланы меңгеруге тырысады.

Әйтсе де, Swiss Post мемлекеттен көк тиын алмайды деу әбестік болар. Швейцария билігі елдегі сөз еркін­дігі мен пікір алуандығын сақтауға мүд­делі. Бүкіл өңірлік және мемлекеттік бас­пасөзді оқырмандарға жеткізуге ба­рын салады. Сол себепті жыл сайын компанияға 50 миллион франк субсидия бөледі. Бұл қаражат баспасөзді жеткізу құнының қомақты бөлігін қамтиды. Осылайша, ел үкіметі интернет пен әлеу­меттік желі қарқын алған заманда мерзімді басылымдарды қолдауға тиісті жағдай жасап отыр. Қандай бұқаралық ақпарат құ­ралдары жеңілдік алған тізімге кіре­тінін Коммуникация жөніндегі федералды кеңсесі шешеді.

Ұлыбритания да пошта қызметі дамыған елдерің қатарына кіреді. Атал­­ған елде Post Office және Royal Mail секілді негізгі алпауыт компания­лар бар. Жалпы, 2012 жылға дейін екеуі бір шаңырақтың астында жұмыс істеген. Алайда кірісі азайғаннан ке­йін, екеуін бөлу туралы шешім қа­былданды. Соның нәтижесінде бүгінде Post Office те, Royal Mail де таза табысын арттырып келеді. Мысалы, 2013 жылы ком­пания 120 миллион фунт-стерлинг шы­ғынға ұшыраған. 2020 жы­лы таза пайдасы 86 миллион фунт-стер­лингті құрады.

Екі компания да табысты болған­дықтан, мемлекет бұрынғыдай көп қаражат бермейді. Әйтсе де, үкімет 2021-2022 жылдарға арнап Post Office үшін 227 миллион фунт-стерлинг шытырлатып санап берді. Қаражаттың 50 миллионы пошталық желілерге субсидия ретінде жұмсалса, қалғаны жаңа орталықтар ашуға бағытталады.

Бір ерекшелігі, Ұлыбританияда мерзімдік басылымдарды жеткізу үшін негізгі пошталық қызметпен айналы­сатын компанияларға субсидия бө­лінбейді. Өйткені баспасөзді жеткізу еркін нарыққа шығарылғандықтан, онымен айналысатын компаниялардың саны көп. Сол себепті ел үкіметі табысы мардымсыз жергілікті газеттерге жеткізу құнына деп белгілі бір мөлшерде қаржы бөледі.

Жалпы, мерзімді баспасөзді жеткізу үшін пошта тасымалымен айналысатын компанияларға ақша бөлетін елдер жетерлік. Солардың қатарында Финляндия да бар. Аталған елде жыл сайын газеттер мен журналдарды қолдау ретінде 300 миллион еуро көле­мінде қаражат қарастырылған. Соның қомақты сомасы пошталық қызметке жұмсалады.

Францияда баспасөзді оқырманға жеткізу мақсатында 438 миллион еуро қаражатты пошталық қызметке жұм­сайды. Италияда да қомақты қаржы осы бағытқа бөлінеді. Шамамен 247 миллион еуро Апеннин түбегіндегі басылымдарға беріледі. Нәтижесінде, мемлекет пошталық тасымалдаудың 40 пайызын өтеп береді. Швецияда мерзімді басылымдарды жеткізуге ба­ғытталған арнайы бағдарлама бар. Соның аясында үкімет қомақты қаражат бөледі. Бұдан бөлек, АҚШ, Канада, Жапония, Сингапур секілді дамыған елдер пошта қызметіне қаражат салып, халықтың бұқаралық ақпарат құралдарымен қамтылуына жағдай жасап отыр.

Пошта қызметі кез келген мемлекет үшін маңызды сала екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да дамыған елдер қазынадан пошта қызметіне түрлі субсидия бөліп отырады. Әсіресе сөз еркіндігі мен пікір алуандығын сақтау мақсатында мерзімді басылымдарды жеткізуге қаржысын аяған емес. Ендеше, біздің үкімет те өркениетті елдердің үрдісінен үйреніп, «Қазпоштаға» қар­жылай қолдау көрсетуге тиіс. Газеттер мен журналдарды жеткізуге мемлекет тарапынан субсидия бөлінсе, тоғызыншы территориядағы мерзімді басылымдардың қанат жаюына, пош­та қызметінің дамуына жол ашаты­­ны сөзсіз. Әйтпесе, Ұлттық пошта опе­ра­торының шығынға батуымен бірге, халықтың мерзімді баспасөзбен қауы­шуы да күрделі мәселеге мәселеге айналады. Бұл өз кезегінде ұлт дамуының дегра­дациясына әкеледі.