Қазақстан • 16 Ақпан, 2022

Қарулы күштердегі жемқорлық ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіреді

922 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте жемқорлықтан таза қоғам қалыптастырудың алғышарттары туралы айта келіп: «Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз», деді.

Қарулы күштердегі жемқорлық ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіреді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Қасіретті қаңтар» еліміздің бас­ты құндылығы – тәуелсіздігімізді ны­ғайтатын негізгі шарттардың бірі осы індеттің тамырына балта шабу екенін түсіндіріп берді, көзімізді жеткізді. Әсіресе қорғаныс, күш­тік құрылымдар саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыз­дықтау­дың, онымен жоспарлы әрі жү­йелі түрде күресудің маңызы өте зор. Қазіргі таңда Қарулы Күштерде сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы сыбайлас жемқорлыққа қар­сы ымырасыз күрес жариялады. Ал бұл күресті неден бастау қажет? Сала­да­ғы қоғамдық кеселді жеңудің тә­сілдері, ұста­нымы қандай? Жалпы, жем­қорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіле ме? Қан­дай қызмет салаларында жем­қорлыққа жиі жол беріледі?

Бұл сұрақтарды тізбелеуіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу коми­­­тетінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жем­қорлыққа қатысты 20 қылмыс тіркелген екен. Бұл сан 2020 жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмен. Алайда жаңа жыл бас­талмай жатып әскери ведомствода бір сыбайлас жемқорлық фак­тісі анықталып үлгерген.

Жыл басында әскери ведомствода Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі заңнаманың сақталуын бақы­лау жөніндегі комиссияның ал­ғаш­қы оты­рысы өтті. Мемлекет басшы­сы­ның тап­сыр­маларын іске асыру төңі­ре­гінде ұйым­дастырылған жиын­да Қорға­ныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов ко­мис­сия­ға Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы іс-қи­мыл­дың 2022-2026 жылдарға арнал­ған мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру барысында маңызды міндеттер жүктелгенін айта келіп: «Әскердегі сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын бюрократияны жоюға, айқын­дық пен ашықтықты арттыруға бағыттай­мыз», деген-ді. Осыған орай біз қоғамның көкейінде жүрген жоға­рыдағы сұрақ­тары мен комиссия төр­ағасы басымдық берген ашықтық пен айқындық туралы осы ведомствоның Әскери полицияның бас басқармасының офицері, әділет под­полковнигі Нұрлан Әкімбековтің пікірін білген едік.

Әскери полиция органдарының не­гізгі міндеттерінің бірі – сыбайлас жем­қорлыққа қарсы алдын алу іс-шаралары екенін атап өткен Н.Әкімбеков бұл бағытта министрлікте кешенді жұмыстар қолға алынғанын атап өтті. «Өз қатарымыздағы жемқорлыққа қарсы тәуекелдерге талдау жүргізу, ішкі және сыртқы талдау – осы іс-шаралардың негізгілерінің бірі», дейді ол. Подполковниктің айтуынша, ведом­ст­­вода қоғамдық кеселдің алдын алу бо­­йынша шаралар өткізу және әскери қыз­мет­шілердің сыбайлас жемқорлық­қа қар­сы мәдениетін қалыптастыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді. «Қорғаныс ми­нистрінің бұйрығымен бекітілген сы­­бай­лас жемқорлық тәуекелдігі жо­ғары лауа­зымдарға тағайындалатын адам­­дарға поли­гра­фологиялық зерттеу өт­кізу секілді ке­шенді шаралар да атқа­рылуда. Барлық гар­низондарда сы­байлас жемқорлыққа қарсы комиссия­ құрылған. Гарнизон басшылары – осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның төр­ағалары», дейді Н.Әкімбеков.

Айта кетейік, министрліктің жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия сыбайлас жемқорлыққа тә­уекел­ді жою жөнінде барлығы 34 ұсы­ным әзір­леген. Қазіргі таңда бұл ұсы­нымдарды жою бойынша тиісті құрылым басшыла­рына бағыт-бағдар беріліп, шаруалар ат­қа­рылуда.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, Сы­­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл туралы заңнамасына сәйкес Қор­ға­ныс ми­нистрлігінде де сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы талдаулар жүргізілуде. Атап айт­қанда, кадрлар жұмысында, мемлекеттік сатып алу, тылдық қамта­масыз ету, күр­делі құрылыс, жөндеу жұ­мыстары, тұрғын үйлерді беру сондай-ақ жергілік­ті әскери басқару органдары қызметі­нің саласында іске қосылған талдаулар қазіргі таңда өз нәтижелерін көрсетіп келеді. Мәселен, өткен осы тал­даулардың қорытындысы бойынша 79 ұсыным енгізілген екен.

Қорғаныс министрлігінде ең көп тал­­­­­қы­­ланатын тақырыптың бірі – мем­­ле­­­кеттік сатып алулар. Қоғамда мемле­кет­тік сатып алулар рәсімдерінің то­лық әрі ашық жүргізілуіне қатысты сын да көп, кү­мән да басым. Әсіресе әскери есепке алу және әскерге шақыру науқа­нын­дағы жем­қорлықтың алдын алу мәселе­сі әлі күнге өзектілігін жоймай келеді. Мем­ле­кеттік сатып алу – сыбайлас жем­қор­лық­тың ең күрделі мәселелерінің бірі еке­нін әділет подполковнигі де мойын­дай­ды. Бұл мәселелерді жою жө­нінде бір­неше іс-шара қолға алынғанын айт­қан ол соның біріне тоқталды. Оның айтуын­­ша, қазіргі таңда мемлекеттік са­­тып алу комиссияларының құрамына бақы­­лаушы ретінде қоғам, әскери полиция ор­­ган­дары, бас қаржы инспекциясы және тиісті құрылымдық бөлімшелердің құзы­­ретті өкілдері мемлекеттік сатып алу­­ға қатысады. «Айта кететін тағы бір жағ­­дай, Қарулы Күштердің сыбайлас жем­қорлыққа қарсы стандартына сәйкес мемле­кеттік сатып алулар жүргізу кезінде сол осы іс-шаралардың барлығы бейне, аудиожазба арқылы жүргізіледі және келешекте оны туындаған мәселелер бойынша қарастыруға болады», дейді Н.Әкімбеков.

2021 жылдың қаңтар айында Қару­лы Күштерде жемқорлықпен бай­ла­ныс­ты 3 қылмыс анықталған. Биыл қаң­тарда бір деректің тіркелгенін мәлім­деген Н.Әкімбеков өткен жылмен салыс­тырғанда салада жемқорлық жасап, құқық бұзғандардың саны 67 пайызға азайғанын алға тартты. Оның айтуынша, әскери ве­домствода сыбайлас жемқорлыққа қа­тысты оқиғалар мен қылмыстарды анық­­тауға Қорғаныс ми­нистрлігінің өзі тікелей атсалысады. «Мәселен, осы жы­лы анықталған сыбайлас жемқорлық қыл­мысты әскери полиция және әскери тер­геу органдарының қызметкерлері әш­кереледі. Ал өткен жыл­ғы сыбайлас жем­қорлық қылмыстың ішін­де үш қылмысты Қорғаныс минис­тр­лігінің органдары анық­таған. Айта ке­тетін тағы бір мәселе, сы­байлас жем­қорлыққа қарсы қылмыс бо­йынша көбіне әскери қызметшілердің өздері арызданады. Осының өзі әскери қыз­метшілерде жемқорлыққа қарсы мәде­ниеттің қалып­тасқанын аңғартады», дейді ол.

Бүгінде Қарулы Күштер қатарында «Адалдық алаңы» кеңселік жобасы да жұмыс істейді. Бұл жобаның басты мақ­саттарының бірі – азаматтардың Қару­лы Күштерге деген сенімін арттыру. Сон­дай-ақ жоба аясында азаматтардың, әс­кери қызметшілер мен олардың отба­сыларының заңды құқықтары мен мүд­делерін қорғауға да баса мән беріледі.

Мемлекет басшысы жұртшылық са­на­­сына «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» деген қағиданы сіңі­ру керектігін айтып, бұл кеселмен кү­реске бүкіл қоғамды жұмылдырудың ма­ңыздылығына тоқталды. Ең бастысы, бұған бір реттік науқан ретінде қа­ра­­мау керек екенін де қадап айтты. Ал әскери ведомствода бұл тапсырма қа­лай жүзеге асырылып келеді? Бұл сұ­рақ­қа Н.Әкімбеков «Қорғаныс ми­нистр­лігінде сыбайлас жемқорлықты ұлт­тық қауіп­сіздікке төнген қатер ретінде тани­ды. Қорғаныс министрі Жоғарғы Бас қолбас­шының сыбайлас жемқорлыққа ымырасыз күрес жөнінде тапсырмасы шеңберінде орынбасарларының, Бас штаб орынбасарлары мен құрылым­дық бөлімшелердің басшыларынан сыбайлас жемқорлық­қа қарсы қызметті басты бағыттарының бірі ретінде санауды талап етіп отыр. Жемқорлықпен күрес аяу­­сыз әрі жүйелі түрде жүргізіледі», деп ­жауап берді.