26 Наурыз, 2014

Әлем Қазақстан басшысының қарусыздануға қосқан үлесі туралы

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ядерный-4 Роберт БЛЕЙК, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі: – Біз Қазақстанның табыстарын қуана құрметтейміз. 2010 жылы Астана ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, осы ұйым Мемлекет басшыларының саммитін шақыру туралы уақтылы бастама көтерді. Қазақстан жаңа күшті экономика құра алды. Сондай-ақ, барлық жетекші елдермен әріптестік қарым-қатынас қалыптастырып үлгерді. Бұл – тиімді мемлекеттік саясаттың жемісі. Дэрил КИМБОЛЛ, Қарулануды бақылау жөніндегі қауымдастық директоры: – Қазақстан Президентінің Семей полигонын жабу туралы шешімі өте дана шешім болды. Бүгінде барлығымыз АҚШ Сенатының Невада штатындағы ядролық полигонды уақытша жабу туралы шешім қабылдауына осы қадам итермелегенін жақсы түсінеміз. Содан кейін, яғни 1993 жылы Билл Клинтон ядролық сынақтарға мораторий жариялау туралы шешім қабылдады. Бұл өз кезегінде Ядролық  сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт қабылдануына алып келді. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық полигонды жабуы, шын мәнінде, өте маңызды және тарихи оқиға. Пэрис ТЭРИОТ, АҚШ қоғам қайраткері: – Қазақстанның қарусыздану саласындағы рөлі орасан зор. Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімі әлемдік қоғамдастық осы қорқынышты қару түрінен арыла алады деп үміттендіреді. Уақыт Қазақстан ұстанымының дұрыстығын дәлелдеп берді. Сондықтан Президент Назарбаев 2010 жылғы Жаһандық саммитте триумфпен қарсы алынды. Леонард СПЕКТОР, Ядролық қаруды таратпау проблемаларын зерттеу жөніндегі орталық директорының орынбасары: – Біз Қазақстан туралы айтқанда оны әркез бүкіл әлемге үлгі етеміз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев – ядролық қарусыз әлем құру жолында тер төгіп келе жатқан адам. Ол аса қуатты ядролық арсеналдан бас тартып қана қоймай, байытылған уранды шетелге шығаруды қамтамасыз ете алды. Назарбаев өзге де мемлекет басшыларын ядролық бастамалардан бас тартуға ұмтылуға тұрақты түрде үндеп келеді. Ричард ВЭЙТЦ, Әскери-саяси сараптама орталығының директоры, Хадсон институтының ғылыми қызметкері: – Қазақстан бүгінде өзін әлемдік аренада қуатты, құрметті ойыншы ретінде көрсете білді. Бұл сөзімізге АҚШ президенті Барак Обаманың Нұрсұлтан Назарбаевты Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке алғашқылар қатарында шақыруы айғақ бола алады. Қазақстан Президентінің бүгінде елдегі болып жатқан экономика, жаһандық қауіпсіздік салаларында қол жеткізілген табыстардың қозғаушы күші екені айқын сезіледі. Мен Қазақстан Президентін елдің саясатын ұзақмерзімді басымдықтарға сәйкес табысты құра білетін стратег деп санаймын. Кен ЛУНГО, «Жаһандық қауіпсіздік жолындағы серіктестік» ұйымының президенті: – Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел және бұл өте маңызды. Қазақстанның таратпау туралы жаһандық режімге үлесі Семей полигонын жабу мен ядролық қарудан бас тарту үдерістерінен бас­талды. Бұл шешім Қазақстан Президентінің шешімділігі мен саяси сарабдалдығын білдіреді. Және бұл – аса жарқын үлгі аларлық үдеріс. Бүгінде Қазақстан қарусыздану мен таратпау саласының белсенді қатысушысы болып табылады. Ричард ЛУГАР, АҚШ сенатының Шетелдермен қарым-қатынас жөніндегі комитетінің төрағасы: – Біз Қазақстанның бұл қадамын әрқашан есте сақтауымыз керек. Ядролық қаруды сақтап қалуға ұмтылып, халықаралық нормаларды бұзудың орнына бұл елдің басшылары өте дұрыс шешім қабылдады. Ядролық қару проблемаларын шешу жолдарын іздеген кезде халықаралық қауымдастық Қазақстанның үлгісіне жүгінуі керек. Құрама Штаттарға, Қазақстанға және халықаралық қауымдастыққа әлі де орасан зор жұмыс атқа­руға тура келеді. Бұл бағыттағы жұмыс өзара келісімге келу және ымырашылдық жасау мәселелеріне дайындықты қажет етеді. Соңғы 10 жыл қолдан келмейтін ештеңе жоқ екендігін көрсетті. Қазақстан халқының және басшылығының ел аумағынан барлық ядролық қаруды шығару жөніндегі шешімі бұл мемлекеттің Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа ядролық қарусыз мүше ретінде кіруіне мүмкіндік берді. 1995 жылы сәуірде Қазақстан соңғы оқтұмсықтан құтылды. Міне, нақ осы датаны шын мағынасындағы тарихи  күн деп атауға болады. Грэхэм АЛЛИСОН, профессор: – Қазақстан туралы сөз болған кезде адамдардың көпшілігі тек мұнай туралы ойлайды. Алайда, Қазақстан ядролық қаруды таратуға тосқауыл қою ісінде елеулі рөл ойнауды жалғастырып келеді. Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Шарт жөніндегі келіссөздерге басшылық жасайтын болса, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан ядролық қаруды таратпау  жөніндегі  мұраны нығайту жолында зор мүмкіндіктер ашылар еді. Ядролық жарылыстардың салдарлары туралы толық есеп бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы КСРО мемлекеттері президенттерінің арасында бірінші болып ядролық қаруды жою және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ  құру жөнінде үндеу тастады. Теория жүзінде Қазақстан ядролық ең қуатты державалардың бірі бола алар еді. Егер, өз кезінде КСРО ыдырағаннан кейін өзінің территориясында орналасқан 1400-ден астам ядролық оқтұмсықтарға бақылау жасауды қолға алған болса, онда Ұлыбритания, Франция және Қытай мемлекеттерінің арсеналдарын бірге қосқаннан да көп ядролық арсенал Қазақстанның иелігінде болар еді. Оқтұмсықтардың басым бөлігі АҚШ-қа бағытталған ракеталарға қондырылған еді. Оның орнына Қазақстан өзінің аумағында орналасқан барлық ядролық қаруды ерікті түрде Ресейге берді және ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қол қойып, ядролық қарусыз мемлекет болды. Бүгінгі таңда Қазақстан ядролық қаруды таратудың алдын алу жөніндегі қозғалысты басқару үшін өте қолайлы мүмкіндіктерге ие болып отыр. Сэм БАРОНИ, саясаттану докторы: – Қазақстан Республикасының осы бір тарихи қадамы бүкіл әлем шеңберінде: қазіргі жаһандық ядролық қауіп-қатерін сейілткен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл және зор адамгершілік қадамы ретінде мадақталып қана қоймай, бейбітшіліктің Нобель сыйлығымен марапатталуы керек. Бір ұлы адамның басшылығымен аса күрделі қиындықтарды жеңіп қана қоймай, гүлдену жолында зор жетістіктерге жеткен мемлекет ретіндегі Қазақстан үлгісі жарқырай берсін.