Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

Әрбір қылмыстық іс – бақылауда

162 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаралы қаңтар оқиғалары кезінде жасалған қылмыстарды тергеу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау іс-шараларына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Әрбір қылмыстық іс – бақылауда

Бас прокуратура өкілінің мәлім­деуінше, қазіргі таңда арнайы прокурорлар жетекшілік ететін ведомствоаралық тергеу тобы жап­пай тәртіпсіздік және терроризм актілері бойынша 181 істі тергеп жатыр. Сотқа дейін тергеп-тек­серу саны 3 096-ға жет­кен. Бұл істердің басым бөлігі мен­шік­ке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстарына қатысты.

Қылмыстық кодекс бойынша азаматтарға күш қолдану, биз­нес объектілері және жеке мүлік­ті қирату, билік өкіліне қарулы қарсылық көрсету бойын­ша да тергеу істері бар екенін айтқан Е.Қилымжанов кейбір адам­дардың іс-әрекеттері халық ара­сында үрей мен қорқы­ныш туғызып, мемлекеттік орган­дардың қызметін тоқтатуды мақ­сат еткенін мәлімдеді. «Сол үшін олар мемлекеттік билік­тің символы ретінде әкімдік ғима­раттарына, сондай-ақ күштік құрылым объектілеріне ша­буыл жасады. Сондықтан осындай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризм актілері ретінде сараланады», деді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алудың негізгі мақсаты атыс қаруын иемдену болған. Ал қаңтар оқиғалары кезінде Алматы облысының полиция департаментінен 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 23 мыңнан астам оқ-дәрі ұрланған. Мәселен, бір ғана Жамбыл облысында 209 автомат, 134 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық оқ-дәрі қолды болған.

«Алматы резиденциясында қиратулардан кейін 130 қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анық­талды, оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мыл­тығы бар. Сондай-ақ 10 аңшылық дүкен тоналып, ол жерлерден 1 629 мылтық ұрланды. Жалпы алғанда, осы оқиғалар кезінде үш мыңнан астам қару ұрланған. Қолды болған қарудың тек үштен бірі немесе 967-сі ғана табылды. Ал 2 мыңнан астамы, соның ішінде гранаталар, пулеметтер, мылтықтар, тапаншалар мен гранатомет әлі де қылмыскерлердің қолында», деді Е.Қилымжанов.

Ол сондай-ақ осы жылдың 16 ақпанында Бас прокуратура, ІІМ, ҰҚК және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеген барлық қылмыстық істер бойынша 741 күдікті сот санкциясымен қамауға алынғанын да хабарлады. Олардың ішінде бұрын сотталған 113 күдікті, тыйым салынған экстремистік ұйымның 42 қатысушысы және ұйымдасқан қылмыстық топтың 35 өкілі бар. Брифингте Бас прокуратура өкілі қамауға алынғандардың жеке бас­ына қатысты мәліметтер тың­ғылықты зерттелгенін, олардың Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты порт­реттері жасалғанын да айтты.

«Ұсталғандардың басым бө­лігінің жоғары білімі мен тұрақты жұмысы жоқ. Сондай-ақ олардың дені 30 жасқа дейінгі жастар. Алматы қаласында анонимді сауал­нама жүргізу барысында әрбір үшінші қиратушы осы жағдай­ды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлау арқылы пайда табу­ды көздегенін мойындады», деген Е.Қилымжанов қазіргі таңда прокуратура органдары мен азаматтық ұйымдар өкілдері­нің тізе қосып жұмыс істеп жат­қанын алға тартты. Олар қамауға алынғандар мен ұсталғандардың жағдайын күнделікті тексеріп, бүгінге дейін қолданған бұл­тарт­пау шараларын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізуде.

«Жеке бастарын, денсаулық жағдайын және өзге де материалдарды ескере отырып, 157 адамға қолданылған қамауға алу шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепіл, үйқамақ және жеке кепіл­герлікке ауыстырылды», деді спикер. Алайда ол бұл де­ректердің алдағы уақытта өзгеруі мүмкін екенін айтты. Себебі аймақтарда бұлтартпау шараларын қайта қарау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар прокурорлар жаппай тәртіпсіздікке қатысы жоқ 103 адамды уақытша ұстау изоляторынан шығарған.

Ал ІІМ Тергеу депар­та­мен­тінің басшысы Санжар Әділов тергеу изоляторларына түсетін адамдардың міндет­ті түрде медициналық қараудан өтетінін мәлімдеді. Дене жара­қат­тары анықталған жағдайда бей­нетүсірілім жасалып, жедел ме­дициналық көмек көрсетілетінін мәлімдеген полиция полковнигі: «Жарақат алуға қатысты әрбір факті прокуратура органдарына хабарланады. Мекеме жағ­дайында білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмағанда, олар азаматтық денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізіледі және арнайы күзетілетін палаталарда ем қабылдайды», деді. С.Әділов барлық тергеу әрекеттері арнайы жабдықталған бейнебақылау камералары орнатылған мекемелерде жүргізілетінін де атап өтті.

Министрлік өкілінің мәлім­деуінше, қазіргі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өнді­рісінде 2565 қылмыстық іс бар болса, олар бойынша 271 адам күзетпен ұсталған. Ұс­тау және бұлтартпау шарасын таң­дау туралы барлық шешімдер қыл­мыс­тық-процестік заң талаптарына қатаң сәйкес әрі міндетті түрде прокуратурамен келісу бойынша және сот санкциясымен келісе отырып қабылданады. Сонымен қатар ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық ба­қылау комиссияларының өкіл­дері барлық арнайы мекемелерге кедергісіз кіре алады. Меке­ме­лердің барлық тұрғын, комму­нал­дық-тұрмыстық үй-жайлары қоғамдық өкілдердің қатысуымен комиссиялық тексеруден өткі­зілуде.

С.Әділовтің сөзінше, ұсталған адамдарға қатысты заңсыз іс-әрекеттер туралы әрбір өтініш бо­йынша Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізеді. «Қазіргі уа­қытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралды. Олар бойынша қылмыстық істер қозғалып, Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. 18 өтініш бо­йынша азаматтардан түсінік алынып, бейнежазбаларды зерттей отырып, мұқият қызметтік тексеру жүргізілді, билікті асыра қолдану фактілері расталған жоқ», деді ІІМ өкілі.

ІІМ-нің мәлімдеуінше, қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша 13 қылмыстық іс тіркелген. Осы бапқа қатысты екі адам қамауға, тағы екеуі үй қа­маққа алынған.