26 Наурыз, 2014

Экологиялық зардаптарды жою жолында

658 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Семей мемлекеттік медициналық университетінде «Экология. Радиация. Денсаулық» атты IX дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оның соңғысында радиациялық экология мен қауіпсіздік, сонымен қатар, экологиялық нашар аймақтарда тұратын халықты емдеу және оңалту мәселелері талқыланды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына Жапония, Оңтүстік Корея, Чехия, Финляндия, Үндістан, Ресей және тағы басқа елдердің танымал ғалымдары қатысты. Ел Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Семей қала­сында радиологиялық медицина кластері құрылған. Құрамына медициналық университет, радиа­циялық медицинаның ғылыми-зерттеу институты және Семей қа­­ласының өңірлік онкологиялық диспансері кіреді.Конференция барысында құрметті қонақтардың қатарында Шимане университетінің президенті Шотай Кобаяши, На­га­саки университетінің вице-пре­зиденті Шуничи Ямасита; Хиро­сима университетінің радиационды биология және медицина ғылыми-зерттеу институтының профессоры, Масахару Хоши, Нагасаки медицина орталығының өкілі Шигето Маеда, «Хиросима-Семей» козғалысының үйлестірушісі Чиеко Кобатаке, Радиологиялық зерттеулер ұлттық институтының өкілі Шигекатсу Фукуда, Үндістанның Шарда университетінен Пратибха Гупта, Финляндияның қолданбалы ғылымдар, денсаулық сақтау және әлеуметтік зерттеулер мектебі ди­ректорының орынбасары Лина Лииматайнен, тағы басқа әлемдік деңгейдегі ғалымдар болып, ғылыми басқосудың салмағын арттыра түсті. Жапониядан келген қонақтар құны 2 млн. долларға бағаланатын медициналық обыр дертін зерттеу және емдеуге арналған жаб­дықты сыйға тартты. Сонымен қатар, конференцияға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақ­­­­тау министрлігінің, ем­­деу-профи­лактикалық меке­ме­­лерінің, қала­лық және об­лыс­тық әкімдік, ғылы­ми-зерттеу ор­талықтарының, еліміз­дің және ТМД елдерінің зерт­ханаларының, облыстық және қалалық денсаулық сақтау депар­­­таменттерінің өкілдері қатысты. Конференцияда жиналған оқы­мыстылар өздерінің пайымды пікір­лерін, зерттеулерін ортаға салды. – Семей полигонының жабылуы – қазақстандықтар үшін ғана емес, әлем үшін тарихи оқиға, – деді Хиросима университетінің радиационды биология және медицина ғылыми-зерттеу институтының профессоры Масахару Хоши. –Қазақ елі жарылыстарды тоқтатып қана қоймай, әлемнің ядролық өміріне өзгеріс әкелді. Қуаттылығы жөнінен әлемде төртінші орынды иеленетін ядролық арсеналынан бас тартты. Оның күш-қуаты Англия, Франция, Қытайдың ядролық қаруларынан әлдеқайда күшті болатын. Қазақстан Президенті осы әрекеті арқылы ха­лықаралық қауіпсіздікке орасан зор үлес қосты. Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның антиядролық тә­жі­рибесін қолдануы тиіс. Семей қаласындағы Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, професор Қазбек Әпсалықовтың ай­туынша, олар ғылыми жұмыс­тарында үнемі Жапония, Ресей, Финляндия елдерінің озық тәжі­рибелеріне сүйенеді. Семей поли­гонындағы сынақтардан зардап шеккендердің 90 пайыздан астамы Шығыс Қазақстан облысының аумағында тұрады. 1992 жылы 18 желтоқсанда «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң ядролық сынақтар әсеріне шалдыққан аумақтарды және ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтар категорияларын анықтайды. – Біздің институтқа қарасты аурухана мен диагностикалық кеңес бөлімі бар, – дейді профессор Қазбек Әпсалықов, – онда радиациядан зардап тартқан халық ем-дом қабылдайды. Ал бұл жолғы конференция біздер үшін аса маңызды. Біз бұған дейін көптеген елдердің ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатып келдік. Бұл жұмыс енді жалғасын таба беретін болады. Әсіресе, Хиросима, Нагасаки университеттерінің радиацияны зерттеуде көп көмегі болды. Халықаралық қоғамдастық біздің жұмыстарымызға қызығушылық танытуда. Біз ядролық қарудан бас тартқан мемлекеттің ғылыми институты ретінде сынақтардың зардабын жан-жақты көрсетуге ұмтыламыз. Конференция барысында шет­елдік ғалымдарға Семей по­­­­ли­гонының жерлері зерттеліп, жарам­дысы ауыл шаруашылығына қай­тарылып отырғандығы, эколо­гиялық жағдайдың жақсаруы тың жаңалық ретінде ұсынылды. 2020 жылға қарай Семей ядролық полигонының аумағы толықтай зерттеліп бітпек. Бүгіндері полигон аумағында жоғары радиоактивті қауіп төндіретіндей жерлер жоқ. Ең зиянды деп табылған кейбір тұстары ғана қоршалып қойылған. Семей полигоны жабылғалы бері ядролық сынақтардың зардаптарын зерттеу жұмыстарына 200 млн. АҚШ доллары жұмсалған. Соның ішінде Қазақстан тарапынан бөлінген қаржы 15 млн. доллар шамасында болса, қалған қаражатты АҚШ, Жапония және тағы басқа халықаралық қорлар беріпті. Полигонның жалпы аумағы 18 500 шаршы шақырымды құраған болса, мамандардың айтуынша, полигонның 5,6 мың шаршы шақырым жері зерттеу нәтижелері бойынша, ауыл шаруашылығы саласына пайдалануға жарамды болып табылады. Жиын соңында адамзаттың денсаулығы, жер экологиясы, ра­диа­циялық қауіпсіздік жөнінде бас­­талған зерттеу жұмыстарын жал­ғастыра беру жөнінде қарар қа­былданды. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.