Президент • 17 Ақпан, 2022

Президент тергеудегі азаптаулар туралы: «Шаш ал десе бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды

1098 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Qazaqstan» ұлттық арнасына сұхбат берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қасіретті қаңтар оқиғасында жазықсыз жапа шеккен азаматтардың мәселесіне бейжай қарауға болмайтынын шегелеп айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент тергеудегі азаптаулар туралы: «Шаш ал десе бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды

Тіпті құрамына адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен заңгерлер енген қоғамдық комиссия мәселенің мәнісін зерттеуге кірісіп кеткенін де атап өтті. Олар әрбір істің заңдылығын мұқият зерделемек. Президент өз сөзінде қоғамдық комиссияның жұмысына биліктің де, құқық қорғау органдарының да араласпайтынын тіліне тиек етті.

«Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова,  Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын», деді Президент.

Сондай-ақ Президент құқық бұзушылық деректері жазасыз қалмайтынын да сөз етті.

«Әрбір құқық бұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады», деді Президент мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп.