Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасындағы қарақшы, лаңкестердің Алматыға сырттан келгенін, олардың мақсаты кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату болғанын баса айтты. Сондай-ақ ол қарақшылардың билікке неге қарсы шыққанын да айтып өтті.
– Мәселе мынада: төңкерісшілер елімізде қолға алынған реформаларға кедергі келтіруге тырысты. Тіпті Президентке де қарсы болды. Өзгерістер олардың мүдделеріне тиімді емес еді. Өйткені, реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдету. Халық та осыны талап етіп отыр. Сондықтан, бағытымызды өзгертпейміз, реформалар міндетті түрде өз жалғасын табады, деді Президент.