Әдебиет • 18 Ақпан, 2022

Кітапқа кірген кейіпкер

864 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өмірдің қилы кезеңдерін бастан кешіп, тағдырдың сан түрлі сынағына тап болса да достыққа адал жандар болады. Адам бойындағы осы бір асыл қасиет жастарды да барды бағалауға үйретеді. Атақты Шерхан Мұртаза мен Әбдуәлі Данаевтың достығы да – ғибратты ғұмырға негіз болған, талай жылғы тарихы қалыптасқан айнымас достық. Сонау отызыншы жылдардың қиын да күрделі кезеңдерінде дүниеге келген бұл буын сертке берік, достыққа адал еді. Сол буынның ішінде өскен Шерхан мен Әбдуәлі де сондай болды. Тағдыр талай сынаса да олар дос көңілінен танбады. Бала күндерінен бері екі достың арасына сызат түскен жоқ. Бір-бірін сыйлаған, құрмет тұтқан қалпында ғұмыр кешті...

Кітапқа кірген кейіпкер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» деген кітабында сол уа­қыт­тағы Жамбыл қаласындағы мек­теп интернатында оқығанын жазады. Осы жерде оларға Мұхамет­жан Қаратаев сабақ берген. Жам­был Жабаев атындағы білім ошағы сол кезде қаладағы қазақ­ша білім беретін жалғыз мек­теп болған екен. Бүгінде атал­ған білім нысаны Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп бо­лып жұмыс істеп келеді. Бала Шер­хан мектепке оқуға келгенде, бұл жерде өзге оқушылармен қатар, Әбдуәлі Данаев та болады. Осы арадан, осы кезден басталған достық әйгілі Шераға дүниеден өткенше үзілген жоқ. 1950 жылы мектеп бітірген соң Шерхан Мәс­кеуге оқуға аттанса, Әбдуәлі де Ленинград қаласына білім алуға жолға шығады. Кейіннен Шерхан Мұртаза қазақ көркемсөзінің хас шеберіне айналса, Әбдуәлі Данаев ұзақ жылдар бойы теміржол саласында қызмет атқарды. Екеуінің сол жылдары бір-бірімен жазысқан хаттары да сақталған. Жалпы, екі достың өмірдегі жолы екі бөлек бол­ғанымен, олардың ойы мен көзқарасы бір болды.

Тура сөйлеу, әділін айту сияқты қасиеттер де екі достың ұқсастығын көрсетеді. Шерхан Мұртазаның «Ел Темірбек Қо­жакеевті «Мықшеге» дейді. Ал біздің Әбдуәлі Данаев «Нақше­ге». Ойы терең азамат. Бұл кісі жастайынан уақытты бағалай бі­летін, берген уәдесінің үдесінен шығатын, нақтылықты сүйетін жан», дейтіні де сондықтан. Бұ­дан бөлек, Шерхан Мұртазаның талай сұхбатынан да Әбдуәлі Данаевтың есімін жиі кез­дес­ті­реміз. «1950 жылы мектепті бі­­тірдік. Әбдуәлі мен Қаратай мек­тепті күміс медальмен бітірді. Өмір бойы бір-бірімізден көз жазып қалған емеспіз. Оларды мен ұмыта алмаймын», депті жазушы бір сұхбатында. Ал Қаратай деп отырғаны – белгілі қайраткер тұл­ға Қаратай Тұрысов. Қаламгер­дің бала кездегі достарына деген ал­ғаусыз көңілі, қиын-қыстау кез­дерде бір нанды бөліп жеген сәт­терін ұмытпауы да достыққа адал­дығы деуге болады.

Көпшілік Әбдуәлі Данаевты «Теміржол генералы» деп атай­ды. Бұл кісінің талай жылғы ты­нымсыз еңбегі ел есінде. Еліміз­дің теміржол саласына қосқан үлесі көп. Дегенмен маманды­ғы басқа болса да қазақ әдебиеті­не де­ген көңілі алабөтен. Өңір­ге өлке­тану­шы, шежіреші ре­тін­­де белгілі. Еңбек адамдары­ның өмірінен жа­зылған бірқатар әңгіме, повестері де бар. Досы туралы Шерхан Мұртаза былай деп жазады: «Әбдуәлі Данаев екеуміз баяғыда бір мектепте, бір класта, интернаттың бір бөлмесінде бірге жатып оқыдық. Оның көркем әдебиетке деген іңкәрлігі сол кезде-ақ белгілі болатын. Бірақ ол кейін инженер мамандығын таңдады. Сөйтсе де әдебиет сиқырынан айыға алған жоқ. Теміржол ин­же­нерінің формасын киіп жүріп те ол әңгіме, шағын повестер жазды. Олары жеке кітапша болып та шықты». Мәселен, Әбдуәлі Да­наевтың «Іңкәр шақ» деген кітабы – сағынышты жылдарға сапар шеккен жинақ. Ол да оқыр­ман қауым­нан өз бағасын алған. Бұдан бөлек, оның қазақ тілі­нің мәртебесін арттыру, теміржол са­­ласын ілгерілетуге байланысты ма­қалалары да мерзімді баспа­сөз беттерінде жарияланып келеді. ­Ал теміржол саласының қыр-сыры­на баулитын жекелеген еңбекте­рі өңірдегі жоғары оқу орында­ры мен арнаулы орта оқу орында­рында оқытылады.

Әбдуәлі Данаев – Шерхан Мұр­тазаның досы ғана емес, шығар­ма­ларындағы басты кейіпкердің бірі де. Жазушының Мемлекет­тік сыйлықты алған «Қара маржан» романында еңбек адамы ретінде суреттеледі. Шығарма­да Данаев бейнесі түрлі күрделі кейіп­керлердің арасынан дараланып көрінеді. Жазушы осы ар­қылы сол буынның, жетімдік пен жоқшылықтың тақсыретін тартқан буынның еңбекке ерте араласқанын көрсетеді. Алай­да ол жолда түрлі кедергі көп болғанын көркем шығарма арқы­лы айтады. «Сұрағыңыз кісі таңғаларлық, Таубай Бурабае­вич. Біріншіден, Данаев жолдас, сіз ойлағандай көлденең көк атты емес, Министрлер Кеңесі қаулысына сай жолдамамен келген. Екіншіден, оның Нәртас ке­­нішінің бас инженері болып тағайындалуы жөніндегі комбинат бұйрығы қалалық партия ко­митетінің сіз басқарған бюросында бекітілген. Үшіншіден, ком­бинаттың бас инженері Хам­зин жолдас Данаевтың канди­да­турасына алғаш қарсылық біл­діргенмен, арада бірер сағат өт­пей-ақ келісімін берген. Төр­тін­шіден...» Жалпы, романда жа­­­зушы Данаев деген кейіпкер ар­­қылы сол кездегі елде жүрген еңбек адамдарының бейнесін жа­саған деуге болады. Ал еңбек адам­дарына тән барлық қасиетті қа­ламгердің Әбдуәлі досының бойынан көруі де заңдылық еді. Өйткені сол буынның барлық бейнесі Әбдуәлі Данаевтың да болмысында бар болатын...

 

Жамбыл облысы