Әдебиет • 18 Ақпан, 2022

Кофе және әдебиет 4

263 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып ойланасың: оқырман кімге өкпелі? Жазушы кім­ге өкпелі? Қоғам кімге өкпе­лі?.. Тыңдасаңыз, осы үш тараптың да бір-біріне қояр уәждері орынды сияқты көрі­неді. Оқырман жазушыдан жақсы шығарма күтіп, көңілі қалған. Авторлар кітап оқитын оқырман іздеп, шарқ ұрып жүр (ақиқатында, қазір кітап оқитын қауым бар: бірақ тым аз). Ал қоғам екі жақты да кінәлайды һәм өзінің де айыпты екенін мойындайды. Расында да, оқырман кітап оқымайтыны үшін, ақын-жазушылар жақсы жаза алмайтыны үшін, қоғам әдебиетке көңіл бөлмейтіні үшін кінәлі емес пе?.. Иә, «әдебиет – ардың ісі» болғанымен, әдебиетте сот жоқ.

Кофе және әдебиет 4

Әдебиеттің басты та­қы­­рыбы – адам һәм адам­ның жаны. Көркем шы­ғарманың кейіпкері ең­бек­қор құмырсқа, яки алтын балық болса да оның негізі адамдық игілік­терге құрылады. Яғни әде­биет – сол қоғам, сол тіршілік, сол өмір. Сол кезеңдегі халықтың түсі­нігі, көзқарасы, сезімі, күнкөрісі, ойы мен сөзі – бәрі-бәрі шығармаға арқау болмақ. Егер сіз өмір сүрген уақытта әде­биет­те қозғалыс болса, сіздің айналаңыз, тіпті отбасыңыз, сіз көрген қиындықтар, куә болған жалпыхалықтық оқиғалар көркем әңгімеде суреттелуі мүмкін. Ол, әрине, айт­қанымыздай, әдеби өмірдің тыныс-тіршілігіне байланысты. Әлқисса.

* * *

Жыл басында болған дүрбелең мұндай ауқымды сипат алып, «Қаңтар қасіре­тіне» айналады деп ешкім күткен жоқ. Қа­ра­пайым халыққа да, би­­лікке де үлкен зардап шектірген бұл оқиға қо­ғам­ның көңіл күйін, әлеуметтік жағдайын, сон­дай-ақ көптеген мә­се­ленің шындығын көрсет­ті. Әдебиеттің тамыр со­ғысы сол қоғамның тір­ші­лігімен тікелей байла­нысты болғандықтан, аталған оқиға да әдеби шығармаға сюжет болуы әбден мүмкін.

Қоғам «Қаңтар қасіреті­нен» шын кей­пін көргендей болды. Бәл­ки, бұған дейін де ха­­лық­тың жағдайын біл­ген болармыз, бірақ мұн­ша­лықты бетпе-бет емес: мәселен, әлеуметтік жағ­­дай­дың төмендігі. Оған кейінгі уақыттағы қым­батшылықты қосыңыз. Айлықтан айлыққа, несиеден несиеге дейінгі өтіп жатқан өмір. Бүгінгі халықтың ең үлкен арманы – 45 шаршы метр екі бөлмелі үй: басқа ештеңе емес. Ол баспананы, шамамен жиырма жылға ипотекаға аласыз, төлеп болғанша қарттыққа табан тірейсіз. Өзге жұрт Шри-Ланкада жирафпен таңғы ас ішеді һәм онысын үлкен арманға баламайды. Ал біздің қо­ғамның үлкен қуанышы – 45 шаршы метр жер. Абсурд.

Ал біз халық неге театр­ға бармайды, халық неге кітап оқымайды дейміз. Классика туралы сөз қозғаймыз. Бәлки, адам­ның рухани деңгейі – мәдени өмірге қызығып, кітап оқуы әлеуметтік жағ­дайына байланысты емес шығар. Дегенмен, «сананы тұрмыс билейді» емес пе?.. Әдебиеті дамыған елдің халқы да жақсы өмір сүрсе керек-ті.

* * *

Қоғамдағы әдебиеттің деңгейі осындай болған соң мәдени-рухани өмірде, әсіресе ескерткіш тұрғызу жұмысы қарқынды жүре­ді. Мәселен, Абайдың 175 жылдық мерейтойында қай өңірде қанша ескерткіш қойылғаны туралы жаңа­лықтар есіңіз­де болар. Абайға дейін де, кейін де қан­ша­ма ескерт­кіш бой көтер­ді. Тіпті ай­­наламыз ес­керткіштер қа­ласына айналып бара жатқандай.

Әдеби мерейтойларға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «...той деген тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін керек», деп шегелеп айтқан еді. Мәдени жылнамаға зер салсақ, биыл да бірқатар мерейтой жоспарланып отыр: Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы, Сырбай Мәуленовтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Сафуан Шаймерденовтің 100 жыл­дығы..., тағысын тағылар. Алдағы мерей­той­лардың барысы, тек ескерт­кіш орнатумен шек­­телмесе екен дейміз. Оқыр­манға, қоғамға, әде­биет­ке пай­да­лы жобалар, игілік­тер жасалса, «Жаңа Қазақ­станның» рухани өміріне серпін берер еді.

P.S. Құрметті оқырман, біз секілді таңғы кофеңізді ішіп отырып, әдебиет туралы көп ойлана бермеңіз: жүрекке зиян.