Ғылым • 18 Ақпан, 2022

ҚазҰУ ғалымдары күн энергиясын тұтынудың тиімді әдісін ойлап тапты

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Отандық жас ғалымдар ойлап тапқан күн энергиясын сақтаудың инновациялық үлгісі еліміздегі шалғай орналасқан елді мекендерге пайдасын тигізіп, қалалы жерлерде экологиялық ахуалдың жақсаруына ақпал етеді, деп жазады Egemen.kz.

ҚазҰУ ғалымдары күн энергиясын тұтынудың тиімді әдісін ойлап тапты

Бүгінде энергетика саласының негізгі өнімі – электр энергиясын сақтау мүмкіндігі жоқ. Алдағы уақытта ауқымды электр стансалары өнеркәсіптік энергияны сақтау және әртүрлі электр жинақтаушы нысандар өндіруге назар аударуы қажет.

Көптеген елдерде энергияны тұтыну көлемі жыл мезгілдеріне байланысты. Соған орай энергияны маусымдық сақтау технологияларын меңгеру қажеттілігі туындайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жас ғалымдары «Күн жылу энергиясын көпқабатты ғимараттар мен тұрғын үй қалашықтарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мақсатында маусымдық жинақтау технологиясын» жүзеге асырды. Механика кафедрасының қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD және инженерия докторы Мәдина Тұңғатарова баламалы энергетика саласына қажетті технологияның қыр-сырын сипаттай келіп, «Бұл жоба Бақытжан Ахметовтің докторлық және Таңнұр Аманжолов, Зарина Тұртаева, Абзал Сейітовтердің магистрлік диссертациясының бір бөлігі ретінде басталған. Біз Дүниежүзілік банктің «Нәтижелі инновациялық жобаларды ынталандыру» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға өтініш бердік. Жоба іріктеуден сәтті өтіп, 3,5 жыл бойы жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржылай қолдауға ие болдық. Жобаның басты идеясы – тұрғын үйлерді ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ету мақсатында күн энергиясын сақтау. Жаз айларында күн энергиясы тым көп бөлінеді, бірақ оның нағыз қажет болатын кезі – қыс мерзімі. Сол секілді күндіз күн энергиясын көп алуға болса, түнгі уақытта адамдар энергияны көп тұтынады», деп атап өтті.

Докторанттар мен магистранттар алғашқы жұмыстарын Болгарияның София атындағы техникалық университетінде тағылымдамадан өту барысында жүзеге асырды. Сонымен бірге «Ньютон – Әл-Фараби» гранты негізінде Бақытжан Ахметов Ұлыбританияда жүріп жобаға өз үлесін қосқан. Мәдина Тұңғатарова күн энергиясын сақтаудың инновациялық үлгісі еліміздегі шалғай орналасқан елді мекендерге көп пайдасын тигізеді деген пікірде.

Бүгінде ауыл-аймақтарға  газ немесе көмір жеткізудің өзі қымбатқа түседі. Жаңа технология кішігірім аудандар мен коттедждік қалашықтарға арналған. Алматыдағы жылыту маусымы кезінде жылу электр стансалары қарқынды жұмыс істейді. Салдарынан ауа ластанады. Жас ғалымдарды әлемде осы проблеманы шешуге бағытталған қандай технология түрлері бар екені толғандырған. Мысалы, Канада елінде осы жобаға ұқсас технология бар. Мәселен, Канададағы бір тұрғын үй коттедждік қалашығын алар болсақ, оның 97 пайызы аталмыш технологияның көмегімен жылумен қамтамасыз етілуде. Ал Канада географиялық тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласына ұқсас. Бұл небары үш жылдың ішінде қол жеткізген нәтиже. Демек, бұл – толық жүзеге асыруға болатын технология.

Ғалымдар атап өткендей, қажетті компоненттердің көпшілігі шет мемлекеттерден әкелінетіндіктен, күн энергиясын сақтау технологиясының өзіндік құны қымбатқа түседі. Дегенмен адам денсаулығына, экологияға қосатын үлесін ескерер болсақ, бұл перспективалық жобаға айналмақ.

«Нәтижелі инновациялық жобаларды ынталандыру» бағдарламасы проектіні коммерцияландыруға бағытталған. Әрбір нысанның энергия тұтыну көлеміне қарай есеп жүргізу қажет. Талдау жасаған кезде нысанның қуатына байланысты жобаның өтелу мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімді құрады. Жобаны жүзеге асыру барысында ҚазҰУ-дың Агро-био орталығында осы технология жасалды. Бұл орталық Алматы облысына қарасты Байсерке ауылында орналасқан. Жобаны коммерцияландыру мақсатында Алматы облысы Көксай ауылындағы мешітте осы технологияны орнатқан едік. Бұл объект күн энергиясын маусымдық жинақтаудың арқасында жылы сумен қамтамасыз етілді. ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жобасы осы жерде соңғы бір жылда үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бұл технология жоспарланған мөлшерден де көп энергия алуға және сақтауға мүмкіндік береді. Инновациялық болуының да себебі осында», дейді Мәдина Тұңғатарова.

Сонымен бірге «Ньютон – Әл-Фараби» гранты негізінде Бақытжан Ахметов әртүрлі парафин түрлеріне алюминий оксидінің нанобөлшектерін қосып тәжірибе жасаған. Бұл да аккумулятордың өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Демек, жобаның негізгі инновациялық жаңалығы күн энергиясын сақтау технологиясының тиімділігін арттыру. Мамандардың айтуынша, инновациялық технологияға Шымкент қаласындағы бетон зауыты қызығушылық танытқан. Бірақ ол өте ауқымды қуат көзін қажет ететін нысан болғандықтан, жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қаражат көлемі де ауқымды болады. Негізінде, бұл технологияны мектептер мен жылыжайларда, т.б. мекемелерде қолданған өте тиімді. Ғалымдар мемлекет тарапынан жоба толық қаржыландырылмайтындықтан, жеңілдетілген несиелер ұсынса экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік туған болар еді деген пікірде.

Жас мамандардың атсалысуы осы жобаның әлеуметтік әсерін көрсетіп, тәжірибелерін жан-жақты шыңдауға  ықпал етті. Нәтижесінде З.Тұртаева «Абай-Верн» бағдарламасы арқылы докторантураны Францияда білім алуда. Ал Б.Ахметов Сингапурдың Наньян техникалық университетінде білімін жалғастыруда. Ғалымдар болашақта альтернативті энергетика саласындағы  жаңа технологиялар елімізде қарқынды дамиды деген сенімде.