Экономика • 19 Ақпан, 2022

Қаңтар айында шетелге 2,6 трлн теңге аударылған

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.

Қаңтар айында шетелге 2,6 трлн теңге аударылған

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов биыл шетелге аударылған қаражаттың өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға азайғанын айтты.

«ҚР Қаржылық мониторингі агенттігі капиталды шығаруды бақылау шараларын күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысты депутаттық сауалды қарады. Капиталды заңсыз шығаруға жол бермеу мақсатында қаржы реттеушілері - Ұлттық банк (және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп, күдікті трансшекаралық аударымдардың күшейтілген мониторингі жолға қойылды. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын елден тыс жерлерге заңсыз аудару тәуекелі жоғары күдікті операциялар 3 есе көп тоқтатылды және құқық қорғау органдарына жіберілді. Қабылданып жатқан шаралар есебінен шетелге ақша қаражатын шығарудың қандай да бір ауытқушылығы байқалмайды. Керісінше, биыл шетелге 30 пайызға аз аударылды», деді Жанат Элиманов.

Агенттік төрағасы қаңтар айында жасалған шетелдік аударымдар туралы да айтып берді.

«Осылайша, күдікті және шекті операциялар туралы деректерге сәйкес, биылғы қаңтар айында шетелге аударымдар көлемі 2,6 трлн теңгені құрады (2021 жылдың сәйкес кезеңінде – 3,5 трлн теңге). Операциялардың 92 пайызы 9 елге тиесілі: АҚШ-1,1 трлн теңге; Ресей – 814 млрд теңге; Ұлыбритания – 176 млрд теңге; Қытай– 80 млрд теңге; Германия – 79,7 млрд теңге; Лихтенштейн – 44,5 млрд теңге; Швейцария – 43,8 млрд. теңге; Гонконг – 30 млрд теңге және БАӘ – 29,4 млрд теңге», деді ол.