Коронавирус • 20 Ақпан, 2022

«Сары» аймақтың санатында да сақтық керек

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысы коронавирус індетін жүқтыру көрсеткіші бойынша сары аймақтың санатына енгенімен, жалпы эпидемиялық ахуал мәз емес. Сондықтан да, індеттің беті біржола қайтты деп арқа-жеңді босатуға болмайды, деп жазады Egemen.kz.

«Сары» аймақтың санатында да сақтық керек

Аймақта соңғы тәулікте індет жұқтырудың сексенге жуық жағдайы тіркелді. Облыс еліміз бойынша алтыншы орында. Жыл басынан бері 18733 адамнан коронавирус зертханалық жолмен анықталып, қырыққа жуық адам індеттен көз жұмды. Ақпан айында ғана сақтық шараларын  қолданбаудың кесірі көріне бастады. Қазір адамдардың еті өліп кеткен. Алғашқы беттегідей бетперде тағу, санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтау босаңси бастады. Салғырттықтың нәтижесі де көзге көрініп тұр. Ақпан айында 4167 адам індетке шалдықты.

«Бүгінгі таңда облыс ауруханаларында жиырмаға жуық науқас өте ауыр халде жатыр. Бір айта кетерлігі, індет жұқтырғандардың басым көпшілігі алпыс жастан асқандар. Өңірде жасы алпыстан асқан жүз мыңнан астам адам бар. Олардың 59 проценті індетке қарсы екпе алса, он мыңнан астамы ревакцинадан өткен. Сөз арасында ревакцинадан өтпеген егде адамдар індет жұқтыра қалса, қауіппен күресу қиын болатындығын тағы бір қайталап айтқым келеді. Ашығын айтқанда, мүлде екпе алмаған адамдар қаһарлы коронавирус былай тұрсын, омикронға да төзе алмайды. Ал, егер уақытында вакцина алған болса, қай штамы болсын жеңіл өтеді», дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Вакцина алуға барлық жағдай жасалған. Облыста қазір 133 пункт тұрақты жұмыс істеп тұр. Екпе науқаны басталғаннан бері вакцинаның бірінші компонентімен 347 946 адам егілген. Бұл облыс тұрғындарының 47,3 проценті. Вакцина салдыру бойынша Егіндікөл ауданы мен Қосшы қаласының тұрғындары жоспарды 100 процент орындап, көш бастап келеді. Бас санитарлық дәрігердің айтуына қарағанда, халыққа қолайлы болуы үшін екпе пункттері жанынан жылжымалы бригадалар да ұйымдастырылған. Олар жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың, зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші бойынша  үйлеріне барып екпе егіп береді.

«Бүгінгі таңда 8805 адам Pfizer вакцинасын алды. Бұл өте төмен көрсеткіш. Қазір біз жасөспірімдер арасында да індеттің етек алып бара жатқандығын көріп отырмыз. Жыл басынан бері мектеп оқушылары арасында індетке душар болу деректері көбейіп кетті. Тіпті, студенттерге қарағанда, оқушылардың арасында алаңдатарлық жағдай туындап отыр. Мұның барлығы екпе алмағанның кесірі. Балалардың бойында індетке қарсы иммунитеттің болмауы осындай олқылыққа жол беріп отыр», дейді бас санитарлық дәрігер.   

Егер вакцинаның бірінші компонентін алғандар 21 күннен кейін екіншісін салдырмайтын болса, онда олардың «Ashyq» қосымшасындағы мәртебелері көк түске өзгереді. Әзірге сары аймақтың санатында болғанымызбен, қауіптің қатері қаперімізде жүргені жөн.