Осыған байланысты Венаға барған делегаттардың бір бөлігі Германияға жиналды. Иранның сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахиан Мюнхенге ат басын тіреді. Сондай-ақ іс-шараға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен вице-президент Камала Харрис те қатыспақ.
Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақүй тізгінін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.
Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қоймай, Иранға қатысты ең қатаң санкциялар қабылдайтынын жеткізген. Кейіннен ресми Вашингтон аталған елдегі бірнеше компанияға, жеке тұлғаға қатысты экономикалық, кейбіріне тіпті саяси тыйымын үдетіп жіберді. Мәселен, Иранның аймақтағы ықпалының белгісі саналатын «Революция сақшыларын» террористік ұйым деп сипаттады.
Вашингтон билігі мұнымен тоқтамай, Парсы шығанағы төңірегінде өз әскерінің санын арттырды. Былтыр АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушықтырып, ядролық келісім туралы ұмыттырып жіберуге шақ қалған-ды.
Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өндірісіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабылданған келісім бойынша байыту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.
Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды
20 пайызға байытқанын мәлімдеді. Яғни Парламент шығарған заңда көрсетілген мөлшерден асып түскен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.
Президенттік орынтаққа Джо Байден жайғасқан соң, АҚШ тарапы Иранмен арадағы келісімді қайта жандандыруға ниет білдірді. Сөйтіп келіссөздер басталған. Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ қатысады.
Мюнхендегі кездесу кезінде Венадағы келіссөздер тоқтап қалмас үшін тараптар делегацияларының бір бөлігі Аустрия астанасында қалды. Еуропалық одақтың келіссөздерді үйлестіруге және қадағалауға жауапты жоғары лауазымды қызметкері Энрике Мораның айтуынша, қазіргі таңда Иран келісімінің ақырғы нұсқасын әзірлеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
Дегенмен сарапшылар Ресейдің Украинаға шабуыл жасауы мүмкін деген қауіп келіссөздерді қиындатуы мүмкін екенін алға тартады. Оқиға бұлай өрбіген жағдайда келісімге қатысушы тараптар арасына жік түсуі мүмкін. Қазіргі таңда АҚШ-тың Иран бойынша арнайы өкілі Роберт Малли ресейлік әріптесімен тұрақты түрде кездесіп, келелі мәселелерді талқылап жүр. Қақтығыс бастала қалған жағдайда екеуара әңгіме тығырыққа тірелуі мүмкін.
Сонымен қатар сарапшылар кезінде Украинаның ядролық оқтұмсықтарын алып, оның қауіпсіздік кепілі атанған Ресейдің агрессивті әрекеті Иран шенеуніктерін ойландырып тастауы ықтимал екенін айтады. Егер кепіл берген елдер бірнеше жылдан кейін оны бұзып, аумақтық тұтастығына қауіп төндірсе, онда ондай құжаттан не пайда бар?
Венадағы делегаттардың алаңдауына негіз бар. Бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, қазіргі таңда келісімнің 30 пайызы әзірленіп қойған. Уағдаластықтың жұмысын бәсеңдету құжаттың қабылдауын кешіктіреді.
Айтпақшы, қазір Иран мен АҚШ тараптары қатысатын келіссөздер Венадағы Bayerischer Hof қонақүйінде өтіп жатыр. Бірақ екі елдің делегациялары өзара кездеспейді. Оның орнына араағайын ретінде Еуропалық одақтың өкілдеріне жүгінеді.
Мюнхен конференциясы барысында Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Иранмен жаңартылған келісімді қабылдайтын күн жақын екенін мәлімдеген. «Біз қазір шарықтау шегіне жеттік. Аптаның ішінде емес, бірнеше күнде мәмілеге келеміз деп ойлаймын. Ираннан саяси шешім күтеміз. Олар құжатты қабылдамаса, жақын күндері күрделі дағдарыс туындайды немесе олар барлық тараптың мүддесін құрметтейтін келісімді қабылдайды», деді Ле Дриан.
Иран келіссөздердің аяқталып қалғанын жоққа шығармайды. Елдің атынан келіп жүрген бас келіссөзші Али Багери Кани өткен аптада мұны растады. «Келісімге жақындай түстік. Бірақ бәрі келісілгенге дейін мәміле жасастық деп айта алмаймыз», деді ол.
Венадағы келіссөзге қатысушылардың бәрі келісім жобасы дайын болып қалғанын айтады. Бірақ бірқатар күрделі мәселе әлі шешілген жоқ. Атап айтқанда, Иран АҚШ-тың болашақта келісімнен шықпауына заңды кепілдік беруді талап етіп отыр. Мұны іс жүзінде жүзеге асыру қиын.
2015 жылы қабылданған «Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары» шарт ретінде есептелген жоқ-тұғын. Сондықтан оны АҚШ конгресінің автоматты мақұлдауы қажет емес еді. Енді палата келешекте Иранмен арадағы ядролық келісімді қарау құқығы жөнінде заң қабылдады. Осы себепті ендігі жерде «Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына» қатысты мәселеде конгрестің даусы ескеріледі.
Оның үстіне, АҚШ президенті Джо Байденнің заңды түрде мұндай кепілді бере алмайтыны түсінікті. Өйткені конгресте қазір Иранмен арадағы келісімді сынға алатындар көп. Тіпті кейбір демократтардың өзі келіссөздерге күдікпен қарайды.
Сондықтан 2015 жылғы келісімге де, Иранды сол кезеңдегі деңгейге қайта оралту қиынның қиыны болмақ. Біріншіден, қазіргі таңда елде бар байытылған уран қайда сақталады? Оған кім жауапты? Мұны да нақтылау қажет. Бұрын Иранның ураны Ресейге жеткізілген. Келісімге қатысушылар бір нұсқа ретінде осы тәсілді қайталап көруі мүмкін.
Екіншіден, центрифуга деп аталатын, уранды байытуға арналған заманауи құрылғыларды қайтпек керек? 2018 жылдан бері Иран озық технологиялы бірнеше центрифуга орнатты. Тегеран билігі олардан оңайлықпен бас тарта қоя ма? Бұл да талқылануға тиіс мәселе. «Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары» Иранға уранды 3,67 пайызға дейін ғана байытуға рұқсат етеді. Іс жүзінде аталған елдің ғалымдары радиациялық өнімді 60 пайызға дейін байытты. Бұл – атом бомбасын жасауға жеткілікті мөлшер.
Кейбір мемлекет Иранның заманауи центрифугаларын жойғанын қалайды, бірақ Тегеран билігі оларды сақтауды жөн көреді. Мұның шешімі ретінде центрифугаларды іске қосуға қажет кабельдер және басқа электронды қондырғыларды ғана жою қарастырылып жатыр. Бірақ мұны жүзеге асыру көп уақыт алады.
Үшінші маңызды мәселе – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) рөлі. Ұйым Иранның ядролық міндеттемелерін қаншалықты орындайтынын тексеруі керек. Бұған дейін МАГАТЭ инспекторлары Иранның уран байыту нысандарына барып тұратын. Бірақ кейінгі кезде Тегеран оларға кіруге қатаң тыйым салды.
Дегенмен кей бағыт бойынша жағымды жаңалық бар. Кейбір сарапшылар АҚШ тарапы алғашқы қадам жасауға дайын екенін айтады. Соған сәйкес, Иранның 100 миллиард доллар қаражаты бұғаттан босатылмақ. Бұдан бөлек таяуда Иран мен Оңтүстік Корея келіссөздер өткізіп, 7 миллиард долларға жуық Иран ақшасын қайтару мәселесін талқылады.