27 Наурыз, 2014

ҰМТЫЛЫС

415 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
«Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойылған басты мақсат еліміздің әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуы екендігі белгілі. Жалпы, осы ретте айта кетер бір мәселе, біздің мемлекетімізде халықтың алдына ұзақмерзімдік стратегиялық мақсат белгілеп, оны жүзеге асыру тәжірибесінің қалыптасқан­­­­­дығы. Соның жарқын бір мысалы ретінде бұған дейін қабылда­нып, іске асырылған «Қазақстан-2030» Стра­тегиясын айтуға болады. Тәуелсіздік­­­­­­тің елең-алаң шағында қабылданған бұл құжат еліміздің алдындағы бағдаршам секілді бізді тура жолдан тайдырмай, нақты белгіленген бағытқа қарай бастап келді. Соның нәтиже­­сінде біз 16 жылдың ішінде үлкен істерді тындырып, отыз жылға межеленген жолдың негізгі соқпақтарын жүріп өтіппіз. __________________________

Халықты адастырмайтын бағдаршам

Әрине, осы аралықта бүкіл әлем үлкен өзгеріске түсті. Адамзаттың алдында жаңа сын-қатерлер пайда болды. Үшінші индустриялық революцияның толқынында мүл­дем жаңа технологиялар өмірге келіп, солардың нәтижесінде елдер арасындағы бәсеке одан әрі күшейе түсті. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде жүріп жатқан кең ауқымды өзгерістерге праг­ма­тикалық тұрғыдан баға бере келе, халқымыздың алдына жаңа мақсат қойды. Егер біз «Қазақстан-2030» Стратегиясында әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылуды мақсат етсек, бұл мақсат негізінен алғанда жүзеге асты. Соның жарқын куәсі біздің елімізге Бүкіләлемдік экономикалық форумның және Бүкіләлемдік банктің өткен жылы берген рейтингтік бағалары деуге болады. Бұл бағалаулар бойынша біз «Қазақстан-2030» Стратегиясында белгіленген негізгі мақсатқа, яғни әлемдегі ең дамыған елу елдің қатарына қосылу межесіне өткен жылы қол жеткіздік. Демек, біздің алдымызға халықты адастырмай тура жол­мен бастайтын жаңа бағдаршам қажет болды. Ол бағдар­шам – Елбасының тарихи Жолдауында әйгіленген «Қазақстан- 2050» Стратегиясы.  Бұл құжатта көрсетілген басты мақсат – алдымыздағы 2050-ші жылға дейінгі мерзімнің ішінде Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына енуі. Осы ретте айта кететін бір мәселе, мұндай ұзақмерзімдік стратегиялық бағдарлама әзірлеу ісі әлемнің көптеген елдеріне тән емес. Мұның себебі түсінікті. Әлемдегі көптеген елдердің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы олардың басшыларына өздері жетекшілік етіп отырған халықтардың болашағын тереңнен қарастыруға мүмкіндік бермей келеді. Әрине, алыс болашақты ойлағаннан кейін оған қол жеткізудің негізгі тетіктерін де белгілеу қажет. Бұл тетіктер мемлекеттің қолында бар қаржы ресурстарынан бастап сол елдің аумағында орналасқан кен орындары, халқының жаппай сауаттылығы, географиялық тұрғыдан орналасуы секілді көптеген басымдықтардан құралады. Міне, біздің Қазақстанымыздың қолында осындай артықшылықтардың барлығы бар. «Біз қазақстандықтардың ел болашағының тұтқасын нық ұстауы үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық. Бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді» деген еді бұл жайында Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың нақты жоспарларын әйгілеген биылғы Жолдауында. «Қазақстан-2050» Стратегиясы алыс болашақтың межелерін белгілеген, соған жетудің тура жолдарын көрсеткен бағдаршам болуымен қатар, бүгінгі күні сандаған ұлтты құрайтын халқымызды бір мақсат жолында топтастырған, жарқын келешекке жігерлендірген басты идеологиялық құжаттардың біріне айналуда. Мұны айналамызда жүріп жатқан жұмыстардың барысына, халқымыздың көңіл-күйіне қарап та аңғаруға болады. Иә, әлемнің осынау аумалы-төкпелі алмағайып сәтінде өз еліңнің қайда кетіп бара жатқандығын біліп отырудың өзі адамға үлкен күш береді екен. Өйткені мақсат – айқын, жол – түзу. Ол мақсат әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Ал оған жетудің жолы «Қазақстан-2050» Стратегиясында нақты белгіленген. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». _________________

Мақсат – айқын, мүдде – бір

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жария­лады. Киелі сан 7 тараудан тұратын Жолдау дәйекті басымдықтарымен қымбат. Ауыл шаруашылығы еліміздің өте күрделі  саласы болғандықтан, бұл саланы дамытуда қайратты еңбек, қажырлы қолдау керек. Міне, сол керекті қолдаулар осы қасиетті Жолдауда анық көрсетілген. Азық-түлікке қажеттіліктің ұдайы арта беретіндігін ескерткен Президент Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіруді анықтап берді. Жаһандық ауылшаруашылық өндірісіндегі бәсекенің өсе беретіндігіне байланысты,  жермен жұмыс істейтіндер, жаңа технологияларды енгізе отырып, өнімділікті ұдайы өсірумен қатар, әлемдік сапаға сай тауар өндіруді өмірдің өзі талап етіп отырғандығын еске салды. Сондықтан фермерлерге, шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге, бір сөзбен айтқанда шағын және орта бизнес өкілдеріне, жаңа инновациялық кәсіпорындар төңірегінде дамуды Үкіметке жүктеп отыр. Бұл жерде Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып көптеген түйінді мәселелердің тиімді шешілетіндігіне кәсіпкерлер аса қызығушылық танытып отыр. Енді ірі кәсіпорындарға керекті құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектерді басқа елдерден алдырмай-ақ өзімізде өндіруге мүмкіндік туады. Сонда шығарған өніміміз түгелдей дерлік Қазақстанда өндірілген болады. Бұл – үлкен жетістік. Қанша халық жұмыспен қамтылып, еліміздің экономикасы қарыштап дамиды. Негізі Елбасымыз әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарына қосылу мерзімінің бірінші, 2030 жылға дейін, дамыған мемлекеттердің тәжірибесін елеп-екшеп игеріп, өңдеуші кәсіпорын­дарды көбейтіп, осы саланы керекті қаржылармен қамтамасыз етіп, осы арқылы кедергілерді жоюды мақсат етіп отыр. Келесі, екінші 2030-2050 жылдарға дейінгі кезеңде ғылыми  қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген үрдісте орнықты дами отырып, дәстүрлі салалардағы жоғары сапалы өнімдерді экспортқа шығару ісі жолға қойылмақ. Бұл – отыздықтан орын алудың тиімді тәсілі. «Ауыл жылдары» деп жарияланған 2003-2005 жылдардан бері қарай мемлекетіміз ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіруші қызмет саласына көптеген қолдаулар көрсетсе, кейінгі жылдары өңдеуші салаға баса назар аударуда. Жолдау тарауларындағы қолдау­ларды тиімді пайдалансақ, қызығушылық танытып іске асырсақ, Президентіміз алға қойған отандық өнімнің 50 пайызын өзіміз өндіріп, армандаған 30 елдің қатарына қосылуға кәміл мүмкіндігіміз бар. Тұрғанбек Қанаев, диқан, «Құрмет» орденінің иегері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы. ____________________

Бизнесті дамыту жолы

IMG_3274 (1)«Қазақстан-2050» Стратегиясында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру міндеті алға қойылды. Осы ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесінің мәні өте зор. Өйткені онда  заман талабына сай бизнесті дамытудың түбегейлі жоспар-шаралары анық әрі айқын көрсетілген. Әсіресе, жоспарлы тексерісті тоқтату туралы айтқаны кәсіпкерлердің ойынан шығады. Жөн-жосықсыз тексерулердің кәсіпкерлер үшін пайдасынан зияны көп. Егер кәсіпкерлер заң талаптары бойынша еңбек етіп, бизнестерін жүргізсе тексерушілердің олармен «шатағы» болмауы тиіс. Мәлімдемеде мынадай жолдар бар: «Екіншіден бизнеске ыңғайлы болу үшін кәсіпкерлік кодексінің жобасына кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жөніндегі заңдардың барлық нормалары шоғырландырылуы тиіс». Сондай-ақ, Қазақстанда жаңадан бизнес-омбудсмен құрылатыны жөніндегі қағида кәсіпкерлердің құқын қорғау жолындағы әрекет екеніне көзіміз жетеді. Мен өзім құрылыс инженерімін. Құрылыспен айналысатын және оның жобаларын жасайтын өз кәсібімнің «білгір-профессорымын» десем артық болмас. Өйткені бизнес, еңбек және кәсіби біліктілік бұл салада қатар жүреді. Қоғамда жақсы тәртіп болып, іс-әрекет заң аясында, парасат-пайым және адал ұстаным негізінде жалғасса – бәрі дұрыс әрі дау-дамайға ұласпайды. Сондықтан мәлімдемедегі құрылыс кәсібі мен бизнесі жөніндегі қағиданың мәні ерекше. Құрылыс саласында біздің мекемеде  қалыпты жұмыс, ізденіс және алға қойған мақсатқа жетудің нышаны бар. Көпсекбай ТӨЛЕБАЕВ, «Алматыгипрогор-1» ЖШС директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы. _____________________________

Табиғи газды пайдалана бастады

Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу – стратегиялық мақсат. Алайда, оның алғашқы нысандары қазірден көрініс бере бастағандай. Соның бір мысалы тұрғындарды жаппай көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі. Жақында Түркістан қаласындағы 100-ден астам тұрғын үйге табиғи газ берілді. Осылайша көне шаһардың тұрғындары экологиялық таза әрі ыңғайлы отын түрін пайдалана бастады, ал отбасының берекесі болған аналар мен арулар табиғи газды тұрмыста пайдаланудың қолайлылығын сезініп, артықшылығын бағалап та үлгерді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан қаласындағы қалаішілік жерасты газ құбырларын жүргізу  жұмыстарына  наурыз айынан бастап кіріскен болатын. Қала ішіндегі газ тарату желілерінің, құрылыстардың және үйлерге қосылатын құбырлардың құрылысы бойынша жұмыстар, сондай-ақ абоненттерді газбен жабдықтау жүйесіне қосу  жұмыстары «Бейнеу-Бозой-Шымкент»  магистральды газ құбырының бойындағы елді мекендерді газдандыру жөніндегі жоспар-кестеге сай жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталған уақыттан бері 7 бригада құрамындағы 60 адамның күшімен 5 шақырымнан астам газ құбыры төселді. Өтінім берген 210 үйдің 100-ден астамына үй ішілік газ құбыры тартылды және табиғи газ берілді. Компания тұрғындар үшін жүктемені азайту мақсатымен газ желілеріне қосылу шығындарын бөліп төлеуге де мүмкіндік беріп отыр. Қала ішіндегі газ желілері «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының жаңа техникалық саясатына сәйкес газ тарату құбырларын жерастылық төсеу әдісімен тартылуда. Осылайша қаланың архитектуралық келбетіне нұқсан келмейді және газ қауіпсіз жеткізіледі. Өткен жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан Түркістан қаласына дейін газ жеткізетін жоғары қысымды газ құбырының құрылысын аяқтап іске қосқан еді. Компанияның өз қаражаты есебінен жүргізілген инвестициялық жоба шеңберінде 22 шақырым жоғары қысымды газ құбыры жүргізілді, 1 автоматтандырылған газ тарату стансасы, 2 газ реттеу пункті салынды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.