Президент, менің ойымша, болған оқиғалардан толық қорытынды жасап, маңызды мәселелерді қозғады.
Менің ойымша, бұл ашық әңгіме – халыққа бұдан да маңызды мәлімдемелердің басы.
Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Qazaqstan» телеарнасының журналисімен сұхбатындағы үш негізгі тақырыпты атап өткім келеді.
Президент Қазақстан ҰҚШҰ-ның бізге көрсеткен көмегі үшін ешкімге және ешнәрсеге міндетті емес екенін ерекше атап өтті. Барлығы ортақ мүдде үшін жасалды.
Мен өзім жақында ғана ҚСЗИ директоры болып тағайындалдым. Бұған дейін 4 жыл Ресей Федерациясында дипломат болып қызмет еттім. Сондықтан біздің елдеріміз арасындағы әуелден келе жатқан бейбіт қарым-қатынастар туралы жақсы білемін.
Осы сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің елдеріміз арасында ешқашан түсініспеушілік болмағанын және болмайтынын айтты. Біз барлық деңгейде бауырлас халықпыз деп айта аламыз. Мен мұны өзім де растаймын. Бұл бос сөздер емес. Бұл – шындық. Жалпы, шекара шегенделген, делимитацияланған, демаркацияланған.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бізде Ресеймен ешқандай шекара, жер мәселелері мен проблема жоқ. Бізде болашаққа қатысты үлкен жоспарлар бар.
Президенттің маған ұнаған тағы бір ойы – біз қаңтардағы оқиғалардан маңызды сабақ алуымыз керек. Қазір тергеу жүріп жатыр, мамандар, беделді заңгерлер жұмыс істеп жатыр.
Менің ойымша, қазір асығыс қорытынды жасауға, сонымен қатар жалған ақпарат таратуға, адамдарды қызықтыруға болмайды. Президент Қ.Тоқаев қоғамның жоғары сеніміне ие және ол жасанды емес, сондықтан теріс пиғылдылардың ойы іске аспайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдегі қаңтар айындағы оқиғалар жөніндегі тергеуде ешкімге өз бетінше әрекет етуге жол берілмейтінін атап өтті. Шешімдер қабылдау кезінде ашықтық, айқындық және әділдік болуға тиіс.
Үшінші маңызды мәселе – Жаңа Қазақстанның келбеті туралы айтылды. Президент бізде бірте-бірте күрделі реформалар болатынын нақты айтты. Ел алдында үлкен міндеттер тұр. Қазақстан – біздің Отанымыз. Бізде басқа Отан жоқ, біз оның іргесін бірге қалаймыз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Жаңа Қазақстан – экономикасы дамыған, құқықтық тұрғыда әділ және күшті мемлекет. Онда әр азамат үшін әділ және тең мүмкіндіктер болады.
Еркін ТҰҚЫМОВ,
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар кандидаты