Ендігіде осындай оң үрдісті Премьерден бастап министрлер мен әкімдер жалғастырғаны абзал. Онсыз қоғамдық келісім мен бірлікке қол жеткізу мүмкін емес.
Орын алған қателіктерді түзетуге келгенде Мемлекет басшысы қызбалыққа салынбай, керісінше ақылға жүгініп әрекеттенуге басымдық беретінін айтты.
Өз басым бұл ұстаныммен толық келісемін. Айналып келгенде гүлденген әрі әділ қоғам бұрынғыны қопара салумен орнаса, үш революциядан өткен, төрт президентінің үшеуі сотталған Қырғызстан қайда қалды? Иә, соңғы жарты ғасырда он бес мемлекеттік төңкерісті бастан өткерген Сирияның күні не болды?
Өзгерістер әлбетте қажет, бірақ қантөгіс пен елдің шаңырағын шайқау арқылы емес. Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға тартқаны да – осындай өркениетті жол. Ал енді саяси реформалардың жалғасын сөз етсе, Мемлекет басшысы 1 наурызда Nur Otan партиясының кезектен тыс съезін шақырту туралы шешім қабылдады.
Оған бүкіл аймақтардың өкілдері қатысып, Жаңа Қазақстанды құру міндетіне сай партияны жаңарту және оның әлеуетін жұмылдыру мәселелері қаралады. Мұның өзі тиісті өзгерістердің үдемелі, алайда асығыстыққа не асыра сілтеуге жол бермей байсалды жүріп жатқанын тағы да байқатады.
Қалай болғанда да қоғамдық-саяси сахнада басқа күштер әлі қалыптасып үлгермей отырғанда, ағымдағы түйткілдер мен міндеттер жедел шешімді талап еткенде басқаша әрекет ету зор қателік болар еді. Сайып келгенде кез келген реформа атаулы әлдебір эксперимент емес, бүгін сәтсіз шықса ертең қайта байқап көретін. Тұтас елдің, миллиондаған азаматтың тағдыры сөз болғанда жауапкершілік пен қырағылық әрдайым бірінші орында болу керек.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы