Қазақстан • 21 Ақпан, 2022

Президент халықтың талап-тілегіне басымдық беріп отыр

607 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбаты туралы пікір білдірді. Ол өз ойын Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жазып, барша қазақстандық Жаңа Қазақстан құру жолында белсенділік танытып, Президентіміздің саясатын қолдау аса маңызды екенін айтты.

Президент халықтың талап-тілегіне  басымдық беріп отыр

«Президентіміздің «Qazaq­stan» ұлттық телеарнасына берген сұхбатын көріп шықтық. Мемлекет басшысы сұхбат барысында халқымызды мазалаған өзекті мәселелерге тоқталып, еліміздің дамуы мен болашағы туралы ойларын білдірді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар оқиғасынан кейін еліміз­де қалыптасқан жағдайға кеңі­нен тоқталып өтті. Қазір қоғам­да ұсталғандарға қатысты құ­қық бұзушылық деректері тура­лы жиі айтылып жатқаны бел­гілі. Мемлекет басшысы бұл мәсе­лелер бойынша бірнеше рет жиын өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі сұхбатында да азаматтарымыздың құқығын қор­ғау және әрбір іс бойынша әділ шешім шығару аса маңызды еке­нін атап өтті. Президентіміз айт­­­қан­дай, азаматтардың құ­қы­ғын бұз­­ғандар жазасыз қалмайды.

Қазіргі таңда елімізде бар­лық салада жүйелі реформалар жүр­гізіліп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндағы басты мақ­сат елдің әл-ауқатын артты­ру, әділетті қоғам құру, олигопо­лияны жою, саяси трансфор­мация жасау және еліміздің эко­номикалық дамуын жеделдету екеніне баса мән берді. Бұл – халықтың талап-тілегі.

Мемлекет басшысы төңкеріс­шілер осы реформаларға кедергі келтіріп, еліміздің іргесіне сызат түсіруді көздегенін айтты. Мұндай қиындықтар реформаларды шектеуге емес, керісінше оларды қарқынды жүргізуге себеп болады деп сенеміз. Сұх­баттан Президентіміздің осын­дай қағидаға арқа сүйеп отыр­ғанын байқау қиын емес.

Сонымен қатар сұхбатта қоғамға маңызды идеологиялық месседждер де назардан тыс қалған жоқ. Біз бүгінде Жаңа Қазақстанды құрамыз деген жоспардың аясына топтастық. Әрине, бұл жоспар өздігінен жүзеге аспайтыны түсінікті. Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші – біздің азаматтарымыз, олардың Отанға деген адалдығы, еңбекқорлығы мен біліктілігі.

Жаңа Қазақстан – жаңа міндет, ортақ мұрат. Оған қол жеткізу үшін әрбір азамат өз саласында сапалы еңбек етуге тиіс. Қазір еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін сақтап, әрі қарай нығайту – ең басты міндет.

Президентіміз айтқандай, қазақ­стан­дықтардың Қазақстан­нан басқа Отаны жоқ. Осы ортақ Отанымызды одан әрі дамы­ту және жаңарту жолында бар­ша­мыздың жұдырықтай жұмылып әрекет етуіміз аса маңызды.

Сондықтан құрметті достар, елдің береке-бірлігін сақтап, сабырлық пен жауапкершілікке табан тіреп, байсалдылық таны­тып, бар мәселені байыппен шешуге күш жұмсауымыз қажет. Осы жолда бәріміз Пре­зи­денті­міздің саясатын қол­дап, Жаңа Қазақстанды құруға бел­сен­ді ат­салысайық», делінген Се­нат Төр­ағасының желідегі жаз­басында.