Бизнес • 21 Ақпан, 2022

Бизнесті қолдау шаралары жалғасады

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кірістерді арттыру бағдарламасын әзірлеу, жеке инвестицияларды тарту, адами капиталды дамыту, сондай-ақ сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібі. Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП ІХ съезінде осы және басқа да мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Бизнесті қолдау шаралары жалғасады

Министрлер кабинеті басшысының хабарлауынша, қазіргі уақытта арнайы Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Оның аясында кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіру, ауқымды жұмыспен қамтамасыз ету, индустриялық және ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру, өндірістерді технологиялық жаңғырту, адами капиталды дамыту және т.б. бо­­йынша шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Ә.Смайылов­тың айтуынша, ел Президенті­нің тапсырмасын орындау мақ­сатында Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәртібінің жобасын әзірледі. Бұл олардың ашықтығын арттыру­ға бағытталған және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтады. Сондай-ақ аталған механизм жергілікті өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға, сатып алу процесін оңайлатуға және бизнес кедергілерді жоюға бағытталған, соның нәтижесінде, 10 мың ШОБ субъектісіне көмек көрсетіледі.

«Отандық тауар өндіруші­лерден 400 млрд теңгеге 10 мыңға жуық тауар позициясы сатып алынады. Бұдан өзге, заң жүзінде ашық­тықты арттырып, жер қой­науын пайдалану құқығын беру және келісімшарттар талап­­тарын өз­гер­ту рәсімдерін жеңілдету жос­­пар­ланып отыр», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр бизнесті қолдау, инвестициялық ахуал мен бизнес-ортаны жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Аталған бағыттар аясында бүгінгі таңда мемлекет салық­тық ынталандырулар ұсын­ды, кәсіпкерлік субъектілерінің облигацияларын кепілдендіру құралдары әзірленді, моно-шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде жеңілдікті микрокредиттеу ұсынылуда.

Одан әрі дамыту шеңберінде жаңадан құрылған Отандық кәсіпкерлер кеңесімен бірлесіп, инвестициялық ахуал мен бизнес-ортаны жақсарту жөніндегі шаралар іске асырылатын болады. Сонымен қатар жеке инвести­цияларға баса көңіл бөлінетін Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді.

Сондай-ақ ол мемлекеттің жекеменшік институттың берік­тігіне және заң үстемдігіне кепіл­дік беруінің, сондай-ақ биз­неске инфрақұрылымды тең қолжетімді етуінің маңыз­дылығын атап өтті.

Ә.Смайыловтың айтуынша, алдағы уақытта Үкімет жұмысы өңірлердегі шағын және орта бизнеске басымдық бере отырып, мемлекеттік қолдау шара­ларын ұсынудың тиімділігі мен ашық­тығын арттыруға бағыт­талады.

Сөз соңында Ә.Смайылов елімізде экономиканы қалпына келтіру мен оны дамыту драй­веріне айналатын жобалар әзірлеу қажет екенін атап өтті.

Премьер-Министр съезд деле­гат­тарын Президент алға қойған міндеттерді іске асыруға және жақында құрылған Үкімет жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің жұмысына белсенді араласуға шақырды.

Еске сала кетейік, өткен жылы вице-премьер ретінде Ә.Смайылов апта сайын шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде кеңестер өткізген болатын. Осы кезеңде қызметтің 18 бағыты бойынша 160-тан астам шаруашылық мәселелері қаралды, қозғалған проблемалардың 75%-ға жуығы шешімін тапты. Тағы 250 мәселе биылғы 17 ақпанда мемлекеттік органдар мен Палата өкілдерімен өткен кеңесте шұғыл түрде қаралды.