Осыған байланысты, Көкшетау қаласының әскери-техникалық мектебінде Ауғанстандағы соғыс ардагерлерімен кездесу өтті. Іс-шараны Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығы ұйымдастырды. Кездесу жастардың Отанға деген патриоттық сезімін арттыру және ардагерлерге деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында өткізілді. Сондай-ақ кездесу барысында әскери-техникалық мектеп бойынша экскурсия өткізілді.
Іс-шара Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан толық шығарылған күнінің қарсаңында ұйымдастырылды. Ақмола облысы «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері» ҚБ төрағасы Дуанбай Қазыбайұлы кіріспе сөз сөйледі. Кездесуге арнайы шақырылғандар Жақсылық Нұрмахамбетұлы мен Дуанбай Қазыбайұлы өз өмірлерінде өткен сұрапыл соғыс туралы айтып берді.
Басқосу ашық форматта өтіп, әрбір қатысушы соғыс туралы сұрақтар қойды. Студенттер әскери борышын өтеген жауынгерлердің ерлігі мен батылдығы туралы көптеген мағлұматты бойына сіңіріп, осындай батыр ағаларымыздың өз аузынан айтқан әңгімелерін тыңдағандарына ризашылықтарын білдірді.
Жиында әскери хроника кадрлары көрсетіліп, сахнадан Ауған соғысына байланысты туған әндер шырқалды. Сондай-ақ қатысушылар Ауғанстанда болған барлық жергілікті соғыстар мен қақтығыстарда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Ауған соғысының батырларын ұмытуға құқығымыз жоқ. Олар – барлығымызға, әсіресе жастарымызға үлгі, Отанға деген борышын өтеу аса маңызды екенін көрсете білді. Оларды Отанды шын сүюдің үлгісі деп танимыз», деді облыстық ЖРО басшысы Мәнсия Есекеева.
Іс-шара соңында «Ауған соғысының мүгедектері мен ардагерлері» ҚБ төрағасы облыстың барлық жастары атынан алғыс хатпен марапатталды.