Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Көрші елде тіркелген көлікті мініп жүр
Бірақ бүгінгі қоғамда темір тұлпар тек қозғалыс құралы ретінде ғана бағаланады. Соған қарамастан, көлікке жарымай, ертелі-кеш жұмыс пен балабақша арасында жаяу-жалпы шапқылап жүрген жандар бар. Сананы тұрмыс билеген заманда көлік құны да барған сайын аспандап барады.
Еліміздегі көлік қымбатшылығын отандастарымыз ең алдымен «ӨКМ операторы» ЖШС жетекшілік еткен кәдеге жарату алымының айтарлықтай жоғары болуымен байланыстырады. Неге?
Себебі шетелден көлік импорттағысы келген тұлға 1 көлікке (қозғалтқышының көлеміне қарай) 459 450 теңгеден бастап, 3 522 450 теңгеге дейінгі аралықта кәдеге жарату алымының ақысын төлеуге тиіс. Бұған көлік құралын алғашқы тіркеу жарнасын қосыңыз. Яғни өндірілгеніне 2 жыл толмаған көліктер үшін – 765, 65 теңге, 2 жыл мен 3 жыл аралығындағы көліктер үшін – 153 150 теңге, ал 3 жылдан жоғары көлікке 1 531 500 теңге төлеуге тура келеді. Мұндай жарналарды естіген соң шетелден көлік импорттауға қай адамның құлқы болсын?
Алайда адамнан айла артылған ба? Бірер жыл бұрын амалын тапқандар Армениядан көлік жеткізе бастап еді, іле-шала оның да жолы жабылды. Ендігі күні ебін тауып елімізде көрші Ресейде тіркелген көліктерді тақымдап жүргендер көп. Бірақ ел аумағында тіркеліп, Қазақстан азаматының атына рәсімделмеген көліктің әлі де болашағы бұлыңғыр. Себебі мұндай көлік иелері жол ережесін бұзуға, жол-көлік оқиғасы орнынан қашып құтылуға бейім келеді. Одан қалды, көрші елден келген көп көліктің криминалдық тарихы бары да анықталып жатыр. Былтыр қарашада «даудың басы осы Дайрабайдың көк сиырынан басталып», бірқатар азамат «тұлпарын» полиция тұрағына қаңтаруға мәжбүр болды.
Оның да өзіндік себебі бар. «Өзге елден көлік сатып алған қазақстандық азамат оны 10 тәулік ішінде өз атына тіркеуге қоюға міндетті. Алайда көбі бұл талапты елемейді. Ресейлік тіркеудегі 210 мыңға жуық көлік Қазақстан территориясында жүр. 150 мыңы – заңды негізде, тиісті сенімхаты бар. 600 көлік – Ресей ІІМ криминалды полициясы жіберген тізім бойынша ұрланған көліктер қатарында. 200 көліктің қайда екенін анықтадық. Сонымен қатар 80 мыңға жуығы не Ресейде, не бізде тіркелмеген. Ол көліктер Қазақстанда техбайқаудан өтпеген. Техникалық жағдайының қандай күйде екенін де ешкім білмейді», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Тапқан-таянғанына көлік сатып алып, кейін оны тәртіп сақшыларына тапсыра салуды кім қаласын? Ашуға булыққан көлік иелері еліміздің түкпір-түкпірінде ереуілге шықты. Әрине, отандастарымызға көрші елден көлікті сатып алғанын растайтын құжатпен ХҚО-ға барып, өз атына рәсімдеуіне де болар еді. Бірақ кәдеге жарату алымы мен көлік құралын алғашқы тіркеу жарнасы аспандап тұрған соң, көбінде ондай қаражат қайдан болсын?
«Шаңырағымда төрт балам бар. Әйелім жұмыссыз. Бала бағып отыр. Нәпақамды таксилеп тауып жүрмін. Мойнымда ипотека мен өзге де несиелерім бар. Алайда тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Бір жыл бұрын тиыннан теңге құрап Ресейде тіркелген бір көлікті сатып алдым. Сонымен адам тасып, жан бағып отырмыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері көрген сайын шүйлігіп, құжатымды тексереді. Неге тіркемейсіз деген сөзді де жиі естимін. Бұл көлік – 2014 жылғы. Яғни осыдан 8 жыл бұрын шығарылған. Оны атыма ауыстыру үшін 1,5 млн теңгеге жуық алғашқы тіркеу жарнасын төлеуім керек. Бұған қоса кәдеге жарату алымы тағы бар. Әрине, алғашқы жарнасын құйып жаңа көлік алуға да болар еді. Бірақ 5 млн теңгеден төмен көлік бар ма қазір?», деді Азамат есімді көлік жүргізуші.
Қарапайым халықты дәл осындай деңгейге жеткізген «ӨКМ операторынан» өзге айыптыны айта алмаймыз. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады», демекші «Қасіретті қаңтар» да осындай әділетсіздіктің, ернеуінен асып толған әлеуметтік мәселелердің ушығуынан орын алғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында «Кəсіпкерлер мен жалпы қоғам тарапынан «Оператор РОП» деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке «Оператор РОП» ЖШС-нің утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша шара қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Алымдардың өзіне келсек, олардың ставкасы қайта қаралғаны жөн», деген болатын.
Президенттің тапсырмасы ескерусіз қалған жоқ. Үкіметтің биылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес «өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің» жаңа операторы болып «Жасыл даму» АҚ айқындалды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еншісіне өткен кәсіпорын, бұдан былай өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асырады. Бүгінде «Жасыл даму» АҚ көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу бойынша операцияларды жүргізу үшін штаттық режімде кәдеге жарату төлемдерін қабылдап, артынша төлем сертификатын беруде.
Қарапайым халықты қашанғы қанайды?
Белгілі болғандай, 2015 жылдан бастап іске қосылған «ӨКМ операторы» ЖШС осы жылдар аралығында азды-көпті 691,9 млрд теңге табыс тауыпты. Бұл туралы биыл 12 қаңтарда Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. «2016 жылдан 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақша қаражатының көлемі 691,9 млрд теңгені құрады. Алынған қаражат Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмсалуда. Атап айтқанда, отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түрінде бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49, 1 млрд теңге жұмсалды. Бүгінгі таңда қаражат қалдығы екінші деңгейдегі банктерде сақталып, 220,6 млрд теңгені құрайды», деді ведомство басшысы.
Алайда Президенттің кәдеге жарату алымының мөлшерін қайта қарау туралы тапсырмасы әлі талқыланып жатыр. Биыл 8 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Əлихан Смайылов автокөлік пен ауылшаруашылық техникаларына салынатын утиль алымы айтарлықтай төмендейтінін жеткізді. Сонымен қатар Премьер-Министр жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы үшін 100 млрд теңге бөлінетінін де жариялады.
«Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламаларының 2 нұсқасын қарастырып жатқанын айтқым келеді. Бірінші нұсқада жеңілдікті несиелеуге 4 жылға (бірінші жылға – 30 млрд) 150 млрд теңге бағыттау қарастырылуда. Несие беру шарттарын 2015 жылдан іске қосылған ескі бағдарламалармен бірдей етіп қалдыру ұсынылады», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.
Екінші ұсынылып отырған нұсқа халықтың әлеуметтік осал топтарына бастапқы жарнасыз несие беруді қарастырады. Оған «ӨКМ операторы» компаниясында жиналған қаражаттан шамамен 100 млрд теңге бөлу ұсынылады. Сондай-ақ бір адамға берілетін несие шегін 7 млн теңге ету бастамасы талқыланып жатыр. Бұл ұсыныс қабылдана ма, жоқ па, ол жағы экономикалық тиімділігі мен мақсатына байланысты айқындалады. «Қалай болғанда да, екі нұсқа да қазіргі уақытта межесіне жеткен жоқ. Олар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған түрде қабылданбауы да мүмкін. Сондықтан нақты шешімдер туралы айтуға әлі ерте. Жалпы алғанда, 2022 жылы барлық құжаттық және заңдық процестері аяқталғанда жеңілдікпен автонесиелеудің жаңа бағдарламасы іске қосылады», деді Ж.Омархан.
Осылайша, алдағы уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша халыққа жеңілдікпен автонесие берудің жаңа бағдарламасы әзірленеді. Бүгінде бағдарламаны қайта іске қосудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Соның бірінде көпбалалы отбасыларды, күш құрылымдары қызметкерлерін, дәрігерлер мен мұғалімдерді қолдау жөнінде кіші бағдарлама қосу ұсынылады. Сондай-ақ «Бірінші отбасылық автомобиль» кіші бағдарламасын қосу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы елімізде 2015 жылы іске қосылған болатын. Бұл несие 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі – 82 млрд теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30 525 қарыз берілді. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөлікті сатып алған. Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасының бірқатар шарттары бар. Мәселен, 1 жеңіл автокөлік құны 15 млн теңгеден, несие мерзімі 7 жылдан, несие алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауы тиіс. Бүгінде аталған бағдарламамен елімізде құрастырылған Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдерді сатып алуға болады.
Автонарықта әділ бәсеке жоқ
Былтыр елімізде 92 800 көлік өндіріліпті. 2020 жылы бұл көрсеткіш 75 мың шамасында болған еді. Яғни 1 жылда отандық автоөндіріс саласының қарқыны 24%-ға артқаны байқалады. Мәселен, былтыр 9 айда «СарыарқаАвтоПром» 38 мыңнан аса автомобиль шығарып, бұл көрсеткіш 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 147%-ға артты. Пандемияға қарамастан, автозауыт жылына 60 мың автокөлік шығарып келеді. Қостанайдағы зауыт бүгінде JAC, Chevrolet, Kia, Renault, Lada, SAZ брендтердің өнімдерін шығарады. Елдің ішкі нарығын қамтумен қатар, сол 9 айда зауыт 5 мыңнан аса көлігін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттеріне экспорттады. Отандық автоөндірушілер кедендік баж салығынан, тауарға қосылған құн салығынан, табыс салығынан босатылған. Бұған қоса 2015-2020 жылдар аралығында жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына 82 млрд теңге қарастырылды. Соған қарамастан көлік бағасы «жарықтың жылдамдығымен» жоғарылап барады. Мәселен, Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының дерегіне сүйенсек, 2015 жылдан бері елімізде жаңа көліктердің орташа бағасы 2 есе қымбаттапты.
Бүгінде ел аумағында шамамен 4,5 млн-ға жуық автокөлік бар. Соның тең жартысы осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын өндіріліпті. Мәселен, колеса.кз сайтында 1992 жылы (осыдан 30 жыл бұрын) шығарылған Audi 80 көлігінің орташа құны елімізде 1 398 849 теңгені құрап отыр. Ал дәл осы жылғы Toyota Camry көлігінің орташа бағасы 1 960 887 теңгеге теңеседі. Темір тозбай тұрмайды. Соған қарамастан үш онжылдықты еңсерген көліктің өзін көп адам қолма-қол ақшаға ала алмайды. Әсілінде, әлемнің өзге елдерінде 30 жыл ой мен қырды шарлаған көліктердің құны ары кетсе 300-400 мың теңгеден аспайды. Тіпті одан да арзан болуы мүмкін. Алайда жалпақ жұрттың жанына бататын жалғыз ол ғана емес. Айталық, 2015 жылы небәрі 3,5 млн теңге тұрған Toyota Corolla көлігі жеті жыл жүрілген соң орташа бағасы 8 480 000 теңге деп көрсетілуінде. О заман да бұл заман, мінілген көлік бастапқы құнынан 3 есеге жуық қымбаттаушы ма еді? Бұдан соң еліміздегі автокөлік нарығы әділетті деп айтуға ауыз бармайды.
Соның барлығына жалғыз-ақ кәдеге жарату алымы мен алғашқы тіркеу жарнасының жаға ұстатарлық қымбатшылығы кінәлі. Осыны мойындайтын һәм тиісті шара қабылдайтын кез келді. Әрине, кәдеге жарату алымы Қазақстанға ғана тән алым түрі емес. Дамыған елдерде мұндай алым 100 мың теңгеден аспайды. Ал біздің мемлекетте бірнеше млн теңгені құрайды. «Әкесін сабағанды көрдім. Бірақ әкесін арбаның доңғалағына байлап қойып сабағанды көрмедім» демекші, бүкіл әлемде кәдеге жарату алымы бар. Тек Қазақстанда ғана оны адамның қолы жетпестей етіп аспандатып қойған.