Аймақтар • 22 Ақпан, 2022

Ректор студенттермен кездесті

604 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Басқарма төрағасы - ректор Дархан Біләлов университеттің белсенді студенттерімен және жастар комитетінің мүшелерімен Town Hall форматында кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ректор студенттермен кездесті

Іс-шараға әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов және Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбеков қатысты. Кездесу онлайн және офлайн форматта өтті. Карантин шараларына байланысты 200-ден астам студент ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Дархан Біләлов білім алушыларды тәрбиелеу және дамыту бойынша жұмыста университет пен институттар басшылығының тірегі болып табылатын студенттік активпен осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, студенттердің тұрмыс жағдайын білу үшін жатақханаларды аралап, ондағы студенттермен кездескендігін, университетте жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі студенттер арқылы бағаланатындығын сөз етті. Сондықтан алдағы уақытта да студенттермен жиі кездесіп, барлық сауалдары мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екендігін айтты.

Студенттердің сұрақтарына жауап берген ректор заманауи студенттердің білім беру саласындағы технологияларды меңгерудегі мүмкіндіктерін айтып, оқу үдерісінде қолданылатын платформалардың ерекшеліктеріне тоқталды. Университеттің инфрақұрылымдық және техникалық оқу құрылғыларымен қамтамасыз етілу мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатқандығын, мәселені толық шешу қаражат пен уақытты қажет ететіндігін түсіндірді. Бұл ретте, әрине, академиялық процестерге басымдық беріледі деді.

45646

Ректор Дархан Біләлов педагогтың рөлі мен оның мәртебесі туралы студенттердің есіне салды. «Бүгінде педагог қызметінің маңыздылығы және оның ел мен өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігі айтарлықтай артты. Сондықтан сіздер жаңа білім мен дағдыларды игеріп, оларды үнемі жетілдіріп отыруларыңыз керек. Бұл сіздердің болашақтарыңыз үшін маңызды. Болашақ педагог ретінде студенттер қазірдің өзінде өз алдына кәсіби жауапкершілікті арттыру міндетін қоя білуі керек», деді ректор.

Шыңғыс Нұрланұлы жатақханаға қатысты сауалдарға жауап бере отырып, университетте білім сапасын арттыру, білім саласына өзгеріс енгізу мақсатында қолға алынып жатқан жобалардың біріне тоқталды. Бұл жоба әлемнің көптеген жоғары оқу орындарында жүйелі қолданылып жүрген Honors College жобасы. Жобаның мақсаты – педагогикалық мамандықтар бойынша оқитын дарынды студенттерге терең біліммен қатар дағдыларды беру. Ол үшін эмоционалды интеллект, критериалды бағалау жүйесі, білім алушылардың, әсіресе мамандандырылған мектептерде (НЗМ, РФММ, БИЛ, BINOM және т.б.) зерттеу дағдыларын дамыту сынды бағыттар бойынша дарынды студенттер қатары жасақталып, сертификатталған оқыту бағдарламалары енгізіледі.

«Біз еліміздегі ең үздік педагогикалық жоғары оқу орны болғандықтан, дарынды студенттерімізді мамандандырылған жетекші мектептерге практикаға жіберетін боламыз. Ол үшін аталмыш жоба аясында жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеп, білім алушылардың білімін жан-жақты жетілдіреміз», деді проректор.

Департамент директоры Хайрулла Жанбеков оқу үдерісі мен оқу форматы, ауысу, академиялық ұтқырлыққа қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Town Hall форматындағы кездесу бейресми болғандықтан, қатысушылар әдетте, өз идеялары мен пікірлерін, ұсыныстарын еркін білдіріп, сұрақтар қояды. Осындай кездесулердің арқасында университет алдында тұрған өзекті мәселелер бойынша өз пікірлерін қалыптастыра алатын білім алушылардың, профессор-оқытушылар мен қызметкерлердің саны артады.

Кездесу соңында ректор Дархан Біләлов студенттердің сұрақтары мен ұсыныстарын талқылап, көтерілген мәселелердің шешілуі бақылауда болатынын айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Алматы