Туризм • 23 Ақпан, 2022

Туризм саласының мәселелері талқыланды

676 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласы бо­йынша кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда елдегі туризм саласының 2021 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспарлары талқыланды. Жиынға Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет өкілдері, облыстық туристік сала басқармаларының басшылары, «Атамекен» ҰКП, министрлікке бағынысты ұйымдар басшылары, сондай-ақ туризм мен бизнес өкілдері қатысты.

Туризм саласының мәселелері талқыланды

Жиында бірінші болып сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі таңда елдегі туризмді дамыту әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан бұдан әрі дамуымызда маңызды орын алатынын айтты. Ол – экономиканың дамуы ғана емес, халықтың табысын арттырудың негізгі бағыттарының бірі, өйткені бұл сала жұмыс орындары­мен де тікелей байланысты еке­нін жеткізді. Сондай-ақ Премьер-Ми­нистрдің орынбасары бүгінде дұрыс ұйымдастырылған мемлекет­тік саясат пен туристік қауымдас­тықтың үйлесімді өзара іс-қимылы арқылы саланы жүйелі дамыту қамтамасыз етіліп келе жатқанын да тілге тиек етті.

– Шынын айту керек, мұның бәрі өзінен өзі оңай жасала қойған жоқ. Осы уақытқа дейін түрлі ке­дер­гілерден өттік. Пандемияға байланысты бірқатар қиындыққа да тап болдық. Бұл бағытта әлі де нақты жұмыстар істелуі керек. Дегенмен жос­парланған біраз дүние жүзеге асырылғанын өздеріңіз білесіздер. Нәти­жесінде, 2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салын­ған инвестиция көлемі 564 млрд теңгені құрады. Қиын кезеңдерді ескере отырып басқа мемлекеттермен салыстырып қарасақ, бұл тәп-тәуір көрсеткіш деп айтуға болады. Әрі қарай да бұл бағытты бірге дамытуымыз керек, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Ал ведомство басшысы Дәурен Абаев министрліктің 2021 жылы атқарған жұмысы және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері туралы есеп берді. Министр бүгінгі таңда эпидемиялық жағдайға және қабылданған карантиндік шараларға қарамастан, салада оң үрдістер бар екеніне тоқталды. Мәселен, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрап, 2019 жылдың карантинге дейінгі көрсеткішінен 100 мың адамға артқан.

Сонымен қатар Д.Абаев ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын мемлекеттік сая­саттың перифериясынан шығарып, оны елдің экономикалық өсу драй­верлерінің біріне айналдыру бағытында нақты міндет қойғанын айтты. Іс-шарада министрлік белсенді жұмыс жүргізетін 8 басым бағыт атап өтілді. Олар: туристік бизнесті қолдау, отбасылық демалыстың қол­жетімділігіне бағытталған әлеуметтік бастамалар, мектеп туризмін дамыту, жаңа туристік бағыттарды әзірлеу және енгізу, келу туризмін ынталандыру, эко және агротуризмді дамыту, туристік әлеуетті нығайту үшін креативті индустрияларды іске қосу бойынша шараларды дайындау.

Д.Абаев балалар демалысын дамытуға баса назар аударуды тапсырды.

– Өткен жылы біз балалар мен жасөспірімдер туризмі нысандарын араладық. Республика бойынша 202 балалар лагері бар екені анықталды. Алайда олардың үштен бірі 1952-1990 жылдар аралығында салынған. Көпшілігінде материалдық-техни­калық база ескірген. Осыған байланысты туризм саласына жетекшілік ететін вице-министрге және Kazakh Tourism-ге балалар-жасөспірімдер және сауықтыру туризмін дамыту жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Егер қажет болса, біз тиісті бағдарламаны қабылдауға да­йынбыз, – деді министр.

Kazakh Tourism ұлттық компа­ния­сының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев кейінгі үш жылда, яғни 2019-2021 жылдары елімізде бірқатар маңызды жоба атқарылғанын мәлімдеді. Жұмыстардың басым бөлігі Маңғыстау, Щучинск – Бурабай, Түркістан және Алматы мен Шы­ғыс Қазақстан облыстарының аума­ғындағы Алакөл курорттық аймақ­тарын дамытуға бағытталған.

– Елімізге келген туристерге біз әрқашан сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Сондықтан былтыр қазақстандық туроператор қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында онлайн сабақ жүргіздік. Оған еліміздің әр облысынан 3 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде ауылдық жердегі 428 тұрғын туристерге қызмет көрсетуге ниетті екендіктерін байқатты. Сондай-ақ арнайы «Сапа белгісі» деген бағ­дар­лама енгізіп, балалар туризмі, қала туризмі, агротуризм және Жібек жолы туризмі бағыты бойынша
3 300 туристік нысанды зерттеп, жаңа туристік өнімдерді дамыту бойынша ұсыныстар дайындадық, – деді Т.Аманбаев

Жүргізілген жұмыстардың нәти­жесінде былтыр Қазақстан Lone­ly Planet жаһандық баспасының нұс­қасы бойынша «Үздік қонақүй» номи­нациясын жеңіп алды. Ал Le Figaro атты франциялық басылым Қазақ­станды 2021 жылы баруға ұсы­нылған 21 ел тізіміне қос­ты. The Telegraph Қазақстанды «Қар­қынды дамып келе жатқан туристік дестинация» ретінде атап өтті.

Қазақстанның Travelstan жар­на­малық ролигі Португалияда өткен 14th ART&TUR – International Tou­rism Film Festival фестивалінде «Үз­дік ролик» номинациясын иеленсе, Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мен Саты кенті әлемдік ауыл туризмінің «Оскарына» ие болды.