Дәл осы сәтте суретші өмірге бір сәт сәби көзімен қараған секілді. Вертикаль форматты таңдай отырып, композицияны жоғарғы ракурстан бақылау арқылы кенепке қондырған қылқалам шебері Құралай Үмбетова бізге осындай тамаша картина сыйлады. 2011 жылы жазылған «Қадам» шығармасы – автордың аналық мейірімінен туған ерекше туынды.
Суреткер ұлының құтты қадамына қарап өмір жолында кездесер белестерді оңай аттап өтеріне сенім білдіріп тұрғандай. Қым-қиғаш сызықтармен шақпақтана түскен еден мен биік мұнаралы көпқабатты үйлер силуэті және қалықтап көшкен көк аспан кенеп бетінде керіле түседі. Еденде еңбектеп бара жатқан бала бір сәтте көкке, белеске өрмелеп бара жатқандай әсер қалдырады. Сәбидің бұл әрекетін жанында қимылсыз жатқан доп қана тоқтатқандай. Дөңгелек пішін қозғалыстың символы.
Бақсаңыз, доптың қозғалыссыз бейнесі көрермен көзін оның жазықтықта орналасқанына иландырады. Көзімізді едендегі сызықтарды бойлай кенептің жоғарғы жағына қарай баламен бірге жылжытсақ жазықтықтың кеңістікке ұласқан сәтін тамашалап, қиялға ерік береміз. Жазықтық кеңістікке ұласып, туындыда олардың иллюзиясы кезек-кезек көрермен назарын аулайды.
Құралай Үмбетова шақпақты линолиум бедерін сәтті пайдалана отырып, еден мен аспанның 3D көрінісі арқылы перзентінің болашақ ғұмырының бұлыңғыр болмауын тілейді. Аспанының ашық, жолының дара, алар белесінің айқын болғанын қалайтынын байқаймыз. Бұл тек суретшінің емес, барлық ананың асқақ арманы екені анық. Суреткер өмірге сәби әкелген аяулы жандардың көңіл толқынысын жеткізіп тұр.