Осы оқиға көпке дейін ойымнан кетпеді. Шынында да, біздегі әдеби кештердің дені бір сарынды өтеді. Кеш иесінің ел үшін істеген еңбегі саралана бермейді. Қайта, бос мақтан сөз көбірек айтылады.
Бірде ғаламтордан көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің сонау сексенінші жылдары түсірілген оқырмандармен кездесуін көрдім. Қабырғалы қаламгердің қырықтың ортасындағы кезі болса керек. Маған сол кездесу қатты ұнады. Суреткер оқырмандарымен риясыз сұхбаттасып, шығармашылығы туралы парасатты ой қозғады. Қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесудің басынан соңына дейін автордан басқа ешкім сөйлеген жоқ. Жып-жинақы өткен кештен ерекше әсер алдым.
Осы тамаша үрдіс көрші Ресейде жақсы сақталған. Олардың «Культура» телеарнасынан ақын-жазушылар мен театр тарландарына арналған бағдарламаны қызығып көремін. Бірде белгілі жазушы, қоғам қайраткері Юрий Поляковпен өткен әдеби кешті тамашаладым. Мазмұнды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бос сөз, артық мақтау айтылмады. Бәрі өз орнымен. Танымал қаламгер жиналғандармен жақын әңгімелесіп, өнер, әдебиет, қоғам жайындағы пікірімен бөлісті. Казіргі көркем сөз өнерінің қадірі туралы салмақты ой айтты. Қарап отырып, риза боласыз.
Кейінгі кездері жас ақын-жазушылар арасында алғаш жарық көрген кітабының тұсаукесерін өткізу «салтқа» айналды. Әрине, біз оны қызғанып отырған жоқпыз. Бәрі дұрыс. Қазір жарнама мен насихаттың заманы. Алайда осындай кештерде де жасы үлкен ағалардың жас қаламгер туралы айтқан мақтау сөздің неше түрін естисіз. Оны тыңдап отырып, өзіңізде «сары майдай» еріп кеткеніңізді білмей қаласыз. Сондайда белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы бір сұхбатында: «Жарнаманы онша ұната бермеймін. Отызға жуық кітап жазсам да біреуінің тұсаукесерін өткізбеппін. Бірде-бір рет мерейтойымды дүркіретіп тойламаппын. Биылғы сексен жасымды да кішігірім қылып ғана тойладым. Егер құдай ғұмыр беріп тоқсанға келсем де селкілдеп сахна төрінде отырмаймын» деп айтқан екен. Бұл да ой түйер өнеге...