Қоғам • 24 Ақпан, 2022

Мәжбүрлеп орындатудың мәселесі көп

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде 44 742 айыппұл төленіп, 52 мыңнан астам салық мемлекеттік бюджетке қайтарылған. Осылайша, мәж­бүр­леп орындату орбитасына 100 мыңға жуық азамат заңсыз тартылған екен.

Мәжбүрлеп орындатудың мәселесі көп

Бұл дегеніңіз – жеке сот орындау­шылардың қызметіне келіп түскен 100 мың арыз-шағым деген сөз. Себебі жеке сот орындаушылар іс қозғап, шара қолданғанымен, айыппұлдың төленген-төленбегенін алдын ала тексере алмайды. Жеке сот орындаушылардың қызметіне қатысты мұндай деректер Әділет министрлігі және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстел барысында айтылды.

Мәжбүрлеп орындату шараларының өзекті мәселелері талқыға түскен басқосуға Сенат және Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, адвокатура, нотариат, заң кеңесшілері, сонымен қатар үкіметтік емес ұйым мен қоғам белсенділері қатысты. Дөңгелек үстелді алғысөзімен ашқан Әділет министрі Қанат Мусин жеке сот орындаушылардың жұмысында кемшіліктер бар екенін айта келіп, қоғамда қызу талқыланып жүрген өзекті мәселерді шешу қажеттігіне назар аудартты. Министр атқарушылық іс жүргізуде ең бастысы – азаматтардың құқықтарын қорғау екенін де ескертіп өтті. Ол сондай-ақ мүлікке тыйым салу, тыйымнан босату, сондай-ақ банктер арқылы электронды түрде тыйым салу секілді сұрақтарды жан-жақты талқылап, бұл сұрақтарға нақты әрі заңды жауап табу қажеттігін айтты. «Бүгінгі басқо­суы­мыздың басты мақсаты да осы – жеке сот орындаушылардың жұмысына қатыс­ты айтылатын проблемаларды шешу жолын табу. Өйткені азаматтарымызда бұл қызметке байланысты көптеген сұрақ туындап жатыр», деді Қ.Мусин.

Жиында баяндама жасаған Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының басқарма төрағасы Ернар Ибраев бұл саладағы түйткілді мәселелердің үш негізгі блогын атап көрсетті. Олар – азаматтардың атқару сатысына дейінгі, орындау кезеңіндегі және жеке сот орындаушылары институтындағы мәселелер. «Жеке сот орындаушылары жұмысында әлі де кемшіліктер бар екенін мойындаймыз және ашық айтамыз. Бірақ сонымен бірге, жекелеген мемлекеттік органдар тарапынан атқару жүйесіне әсер ететін кемшіліктер де бар», деді ол. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Төкиев жеке сот орындаушылар үстінен қозғалатын сот істерінің жартысынан көбі шағымданушы пайдасына шешілетінін атап өтті.

Азаматтардың құқығын қорғауға арналған жиында аталған саладағы заңды өзгерту, бюджетке қаражаттың түсуін тіркейтін бірыңғай электронды жүйе енгізу мәселелері де сөз болды. Осы мәселелерді шешу үшін Әділет министрлігі, Жеке сот орындау­шы­ларының республикалық палатасы, Қар­жы нарығын реттеу және дамы­ту агенттігі және Қазақстан қаржыгер­лерінің қауымдастығы бірлесіп екінші дең­гейлі банктер тарапынан қолданыс­тағы заңнама талаптарын қатаң сақтау мәселесін пысықтау қажет.

Жиын барысында атқарушылық өндірістегі өзекті мәселелер ашық айтылып, мәжбүрлеп орындату шаралары жүйесін жетілдіру үшін ұсыныстар беріледі.