Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Қалыпты өмірге көшуді бастаған қалың жұртшылық әлі де билікке сенімсіздік танытып отырғанымен, әдеттегідей болашаққа деген үлкен үмітпен өмір сүргісі келеді. Бүгінде толық тыншымаған халық наразылығы бір өшіп, бір жанып тұрған қоламта іспеттес.
Шырылдап шындық іздегендер көбейіп, ар алдындағы әділетке жүгінгісі келетіндер азаймай тұрған, осындай алмағайып кезеңде қоғамдық пікірдің де теңселіп тұрғаны байқалады. Талайды көрген тарихтың өзі таразы басын теңестіре алмай, саяси жүйенің саясаты сабырлық танытатын салқынқандылықтан гөрі, салмағы басым саяси іс-шараларды шұғыл бастауды талап етіп отырғандай.
Әлемдік және отандық ақпарат ағынын зер сала қадағалап отырған әлеуметтің назары көкейіндегі көп сұрақтың жауабын күтіп, Ақордаға қарайлап отырғанына да біршама уақыт өтті.
Ұлттық телеарналардың бірінен берілген эксклюзивті сұхбатта Мемлекет басшысы тарапынан бүгінгі қазақстандық қоғамда орын алып отырған біршама алыпқашпа әңгімеге нүкте қойылып, халықты мазалаған сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарылды.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мемлекет алдында тұрған ең маңызды, күрделі де көкейкесті мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Соның ішінде, қалың елді дүрліктірген «Қасіретті қаңтарды» ең қайғылы оқиға болды дей отырып, мемлекеттік төңкеріс қаупі, күштік құрылым өкілдерінің азаматтарға жасап отырған азаптау актілері, стратегиялық көршіміз Ресей Федерациясымен саяси қарым-қатынас, шекара шебі мен мүдделіліктер жиынтығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының әскерін шақыру туралы шешімнің дұрыстығы, Қазақстанның солтүстік облыстарына қатысты ресейлік шовинистердің теріс пиғылы, жылдар бойы шетелге заңсыз шығарылған қаражатты кері қайтару мәселесі, еліміздегі заң үстемдігін шынайы қамтамасыз ету жолдары кеңінен сөз болды.
Қаңтардағы халықтың бейбіт шеруін арам пиғылды арандатушылар мен қарақшылардың өз мүдделері мен мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланып, соған күш салған жымысқы әрекеттерін ел басшысы мемлекеттік төңкеріске балап, үзілді-кесілді айыптады, мұндай бассыздықтарға мемлекет тарапынан қашанда қатаң тосқауыл қойылатынын қадап айтты.
Өткеннен сабақ алып, «өз ісіне өкінбейтінін» ашық жеткізген саясаткер алдағы уақыттарда да Қазақстан өзі негізін салуға қатысқан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымымен тығыз қарым-қатынаста болатынын барынша мәлімдеп жүр.
Мемлекетіміздің отыз жылдық тәуелсіз саяси дамуында идеологиялық тұғырнаманы түзуде кеткен қателіктерді мойындай отырып, Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі ұстанымдардың бірі сарабдал саясатқа негізделген саяси реформалар арқылы халықтың саяси санасын жаңартып, адами капиталды арттырып, жастарды еңбексүйгіштікке баулудың маңызы зор.
Бар дүниенің басты өлшемі мен құндылығы адам болғандықтан, Қазақстанда қалыптасқан әлеуметтік теңсіздікті жойып, азаматтарымыздың жан-жақты жетіліп, жоғары білім алып, қалаған жері мен елінде қызмет жасауына еш кедергі болмауы керек екендігі де айтылды. Қазақстандағы келелі мәселелер қатарына жоғары білімнің сапасын арттырып, техникалық сипаттағы университеттердің көбеюіне ықпал етіп, технократтық мемлекетке айналуымыз қажет екендігі жиі көтеріліп келеді. Бұл тұрғыда отандық жоғары оқу орындары да бейімделіп, ортақ іске үлес қосуы керек.
Елімізде орын алған құқықтық нигилизмнен құтылып, билік өкілдері заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, халық тәртіпке мойынсұнғанда ғана нақты құқықтық мемлекет пен әділетті азаматтық қоғам орнату мүмкін болады. Мұны Президент те өз сөзінде қадап айтты.
Демократиялық құндылықтарды қуаттап, либералдық көзқарастарды қолдайтын саяси ұстанымдар ғана егемендігімізді нығайтып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын қамтамасыз ететіндігі баршаға аян.
Ендеше, еліміздегі атқарушы билік, заң шығарушы органдар мен азаматтық қоғам арасындағы аралық көпір рөлін атқарып, оларды өзара үйлестіруге бағытталған саяси контент басымдық алған бүгінгі күні БАҚ өкілдері мен жоғарғы билік арасындағы осындай сындарлы сұхбат пен пәрменді диалогтардың көбейе түскені құба-құп болар еді.
Жоғары билік тарапынан нағыз бәсекелесті көппартиялы жүйе қалыптастыруға пәрмен беріліп, бір партияның монополиясын шектеп, барлық заң шығарушы органның жұмысын қайтадан жаңғыртып, ауқымды саяси өзгерістерді қолға алып, аудандық және облыстық деңгейдегі атқарушы биліктің жоғары лауазымды өкілдерін тағайындамай, керісінше ашық, демократиялық әділетті сайлауда халық таңдап, жүйелі құрылымдық өзгертулерді жедел бастауды қолға алған жағдайда ғана ұтарымыз көп болмақ.
Қазақ мемлекеттілігінің баянды болуы үшін халқымыздың саяси мәдениетін көтеру керек. Қазіргідей терең экономикалық әрі саяси дағдарыстарды басынан кешіп отырған қазақстандық қоғам саяси реформаларды бастап қана қоймай, өңірлерде аяғына дейін жеткізе алатын көшбасшыларға мұқтаж.
Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Саясаттану және саяси технологиялар» кафедрасының доценті