Білім • 24 Ақпан, 2022

Білім ошақтарының жағдайы мәз емес

440 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Білім саласына жиі жасалған реформалардың нәтижесі отандық оқу-ағарту жүйесінен нақты көрініс тауып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Дегенмен, орта мектептердегі білім сапасының деңгейі мақтанарлықтай емес екенін мойындауымыз керек. Өйткені ел іші де, сырт көз де бұған қатысты сын айтып, мін тағатыны шындық.

Білім ошақтарының жағдайы мәз емес

Әсіресе, аймақтардағы мектептердің арасында, онда да ауыл мен қаладағы білім ошақтарындағы бәсекенің ала-құла екенін мойындамасқа амал жоқ. Өкінішке қарай, дәл осы сын Ал­ма­ты облысына да тән болып тұр. Өйт­кені 2020-2021 оқу жылының сапа көрсет­кіші бойынша өңірдегі салыс­тырмалы жағдай 5,6 пайызға алашақтық көрсеткен екен. Яғни өткен оқу жылында қала мектептеріндегі оқу үлгерімі 66,9 пайызды құраса, ауылдағы білім ошақтарында 61,3 пайызға әрең іліккен. Мамандар бұл теңсіздіктің бір ұшын пандемия жағдайындағы қашықтан білім алу үдерісінен іздеуде. Себебі, онлайн оқу кезінде ауыл балаларының интернетке қол жеткізуі үлкен мәселеге айналған болатын. Ал қала аумағында мұндай мәселе туындаған жоқ-ты. Демек, мамандардың сөзінде жан бар сияқты. Оның үстіне биылғы оқу жылының екі тоқсаны көрсеткен салыстырмалы жағдай да бұған дәлел болып отыр.

Облыстық білім басқармасы басшы­сы­ның міндетін атқарушы Жаңыл Сүлей­менованың айтуынша, өткен бірінші және екінші тоқсанның нәтижесі бойынша аймақтағы ауыл мектептері 63,4 пайыз сапаға қол жеткізсе, қала мектептерінің үлгерімі 62 пайызды ғана құраған.

– Бұл жолы ауыл мектептерінің білім сапасы жоғарғы көрсеткішке ие болды. Осы нәтижелерге қарап, оқу­шы­ның білімі нақты бағаланбайды деген тұжырым жасауға болады. Біз арғы жылдағы жағдайды салыстыра келе, карантиндік шектеу шаралары кезінде ауыл мектептері штаттық режімде оқыса, қала мектептері бала санының көптігіне байланысты қашықтан білім алды деп пайымдадық. Ал биылғы оқу жылындағы бірінші жарты жылдықта барлық білім беру ұйымдары штаттық режімде оқыды. Бірақ алшақ­тық жаңағыдай. Білім сапасын облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткен аудандар қатарында Қарасай, Көксу, Ескелді, Талғар, Балқаш аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары бар. Өкініштісі, бұл өңірлерде «Алтын белгі» иегерлерінің білімі мониторингтік PISA зерттеулері кезінде дәлелденбей қалған. Жоғары білім сапасын көрсеткен мектептердің «Алтын белгі» иегерлерінің ҰБТ көрсеткіші төмен болуының себебін анықтауымыз керек, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Сүлейменова.

2020-2021 оқу жылында облыста 17 761 түлек мектепті тәмамдаса, оның ішінде 1 389 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 282 оқушының үздік атанғанын білдіреді. Алайда Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 100-ден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлерінің үлесі 56,7 пайызды ғана құраған. Кейбір аудан мектептерінде үздік оқушылардың сынақ тапсыру кезінде жаппай төмен баға алғаны да тіркелген. Мысалға, Ұйғыр ауданындағы 64 «Алтын белгі» иесі атанған түлектің 53-і өз білімдерін дәлелдей алмапты.

– Қорытынды аттестаттау кезінде «Алтын белгі» үміткерлерінің жазбаша емтихан жұмыстары білім басқармасы тарапынан тексеріледі. Соның нәтижесінде Іле ауданынан – 1, Кербұлақ ауданынан 1 оқушының бағасы төмендетіліп, оқушылар «Алтын белгі» ала алмады. Сонымен қатар өткен оқу жылында түлектердің эссе жазуға дағдыланбағаны да байқалды, – дейді Ж.Сүлейменова.

Жалпы, білім сапасының деңгейіне тікелей әсер ететін фактор тек оқу үлге­рімі ғана емес екені анық. Оған мысал ретінде оқушыларға алаңсыз білім алуға жасалған жағдайдың төмендігін және ұйымдастыру мен тәрбие ісіндегі кемшіліктерді де жатқызуға болады. Мәселен, 2020 жылы PaperLab қоғамдық қоры аймақтар бойынша білім сапасының деңгейін анықтайтын зерттеу жасаған болатын. Бұл жұмыс жалғыз біздің елде ғана емес, Орталық Азия бойынша жүргізілетін көрінеді.

«Сапалы білімге қол жеткізу тең­сізді­гінің индексі» деген әйдік атауы бар зерттеу барысында бірнеше бағыт қамтылған-ды. Оның ішінен бізді қызықтырғаны «Оқыту жағдайы» индексі бойынша шығарылған нәтиже болды. Өйткені дәл осы бағыт бойынша Алматы облысындағы жағдайдың төмендігі айтылыпты. Ал осы «Оқыту жағдайы» критериі негізінен үш көрсеткіш бойынша анықталады. Оның ішінде үш ауысымда білім беретін апатты жағдайдағы және дәретханасы сыртта орналасқан мектептердің үлесі сияқты көрсеткіштер бойынша Жетісудағы білім ошақтарының жағдайы мәз емес екені айтылады. Және бұл деректер шындыққа жанасады. Өйткені Алматы облысында үш ауысымда білім беріп отырған мектеп саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Қазір өңірдің 40-қа жуық мектебінде орын тапшылығы бар. Бұл мәселені бірер жыл бұрын облысқа сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткір сынға алып, аймақтың сол кездегі әкімі Амандық Баталовқа мәселені шешудің ұтымды жолдарын табуды тапсырған болатын. Өкінішіке қарай, үш ауысымды мектеп мәселесі А.Баталовтан Қ.Бозымбаевқа мұра болып қалды. Жалпы, бұл мәселе 2025 жылға дейін шешімін табуы тиіс. Алайда нақты жағдайға қарасақ, қазір жағдай тіптен күрделене түскен сияқты. Өйткені аймақтағы демографиялық өсімнің оң көрсеткіші мен ішкі миграцияның ора­сан үлесі мектеп құрылысының аяқ­­та­лып, оқушылардың орынмен қам­­ты­луына мүмкіндік бермей отыр. Мы­са­лы, облыста жыл сайын 47-50 мың­ның аралығында бірінші сыныпқа ба­рушы балалар шығады. Бұл үрдіс Алма­ты қаласы маңында тіптен басым. Сондай-ақ мектептерді ғимарат ішіндегі дәретханамен қамту ісі де облыс­та сылбыр жүріп жатыр. Дерек бойынша, бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайыздан сәл асқан көрінеді.

Өкінішке қарай, облыстың білім сала­сындағы ұйымдастыру мен тәрбие ісі де ақсап тұр. Оның бір дәлелін осы саладағы жемқорлыққа қатысты анықтал­ған істерден байқауға болады. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және жемқорлыққа қарсы қыз­метінің бірлескен тобы облыстық бі­лім басқармасының басшысы Майгүл Ома­рованы және осы басқарманың мем­лекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Бақыт Қабдолданова мен аймақтық білім саласындағы жаңа технологиялар ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаевты қамауға алған болатын. Ал білім басқармасы басшысының орынтағы әлі күнге дейін бос тұр.

Тағы бір өкінішті жағдай, облыс­та жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайы жиілеп кетті. Былтыр 23 оқу­­шы өзіне-өзі қол жұмсаған. Оның ал­тауы өрімдей қыз болса, он же­тісі өндірдей ұл екен. Сондай-ақ 2021 жы­лы кәмелетке толмағандарға қа­тыс­ты 182 қылмыстық іс тіркеліп, мектеп жасындағылардың бұзақылығы бұр­­­нағы жылмен салыстырғанда 9,3 пайыз­­ға өскені анықталып отыр. Мұ­нан бө­лек, облыстағы барлық білім шаңы­ра­ғының қауіпсіздігі бойынша жүр­гізіл­ген мониторингтің нәтижесі де көңіл көншітерліктей емес. Нәтижесінде, бі­раз мектепте бейнекамераның жұмыс іс­темейтіндігі және дәретханалардың та­лапқа сай еместігі анықталған. Сондай-ақ санитарлық тазалық орындарына ауаны алмастыру, желдеткіш, жылумен қамтамасыз ету құрылғылары қойылмаған. Асханаларда мәзір да­йындауда сүт, ірімшік, сүзбе, жеміс, бал өнімдері пайдаланылмай, оның орнына денсаулыққа зиян кетчуп, маргарин, шұжық сияқты тыйым салынған тағамдар қолданылған екен.

 

Алматы облысы