Аталған шараға Мәжит Бегалиннің туыстары – Гүлнәр, Айжан және Айдар Бегалиндер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, киностудияның көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, деректі кино режиссері Болат Нүсімбеков, сондай-ақ «Қазақфильмнің» вице-президенттері Айдархан Әділбаев пен Айдар Баталов және басқалары қатысты.
Мәдени іс-шара алдында қонақтар Мәжит Бегалиннің құжаттары, жеке заттары, наградалары, суреттері мен өзі түсірген фильмнің постерлері сақталған мектептің музейін аралап, қызықты деректермен танысты. Киностудияның вице-президенті Айдар Баталов режиссердің есімін ұлықтап жүрген ұстаздарға алғысын білдіріп, мектеп директоры Айсұлу Бота-еваға Шәкен Аймановтың фильмдері топтастырылған DVD жинағын тарту етті.
Қазақ кино өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімовті мектеп оқушылары ерекше қошеметпен қарсы алды. Өз сөзінде танымал актер осыдан 10 жыл бұрын музейдің ашылуына қатысқанын еске алып, осындағы жәдігерлер режиссердің інісі Қасым Бегалиннің арқасында жиналғанын айтты.
– Мәжит Бегалин менен 15 жас үлкен болса да, бір-бірімізбен оңай тіл табыстық. Мәжекең маған көп нәрсені үйретті. Өте мейірімді және білімді адам еді, тек қана шындықты айтуға талпынатын. Арамыздан ерте кетсе де, қазақ киносының тарихында өшпейтін із қалдырды, – деді Асанәлі Әшімов.
Ұлттық киноның іргетасын қалап, қалыптасуы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген Мәжит Бегалиннің есімін иеленіп отырған мектеп ұжымы мен онда білім алатын ұрпақ тұлғаны қастерлеу жолында тынбай ізденісте келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.
АЛМАТЫ