28 Наурыз, 2014

Әке махаббаты

955 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кейбір философиялық қисындарға сүйенсек, о бастағы әйел заты мен ер адамның табиғаты бір-бірінен мүлдем алшақ жатыр десе де болғандай. Айталық, көп жағдайларда ер-азаматынан айырылған жесір әйел тағдырдың дегеніне тез көндігіп әрі қарай ешбір қиналмастан өмір сүре береді екен. Әйелдің қырық жаны бар деген осы да. Ал жарықтық ер адамдар туралы бұлай деп айтудың қисыны келе бермейді.  Өйткені, әйелсіз олардың күні қиындау да қараңдау десек шындықтан алшақ кете қоймайтын шығармыз. Аке арманы Зайыбы Мәрзия сонау жет­пісінші жылдардың аяқ кезінде кесе-көлденең келген кесапаттан көз жұмған кезде Жаңабай ердің жасы – елуге енді ғана іліккен еді. Сөйтіп,  төрт ұл мен төрт қыздың барлық тәрбиесі мен тауқыметі қосағына қарап қалды. Мәрзия марқұм ең болмағанда құрсағын жарып шыққан ұл-қыздарының отбасын құрғанын көре алмай кетті. Ол кезде екеуінен өрбіген перзенттердің тұңғышы Әдемі жиырманың үстіне шықса, кенжелері Бекен төрт жаста ғана болатын. Әрине, адами тұрғыдан алғанда Жаңабайдың қайтадан төсек жаңғыртуына толық моральдық құқы бар еді. Өйткені, денсаулығы темір үзердей азаматқа елу деген не тәйірі. Оның үстіне сөз салса, ел ішінде құдай қосқан қосағы дүниеден өткен соқталдай ер азаматқа, қарапайым еңбек торысына қарсы келе қоймайтын, тіпті, бұдан дәмелі дерліктей әйел заты да аз болмайтын. Өмірдің осындай сыны да Жаңабай Қайырбаевты мұқалта алмады. Төсек жаңғыртудан саналы түрде бас тартқан азамат бұдан кейінгі жылдарда әкелік қамқорлығы мен махаббатын ұл-қыздарына төгумен болыпты. Биылғы жылдың қаңтар айында сексен бес жасқа қараған шағында өмірден озған, ел ішінде абырой беделі жоғары болған Жаңабай ақсақалдың еңбек кітапшасына үңіле қараймыз. Мұнда ол ұзақ жылдар бойы табан аудармастан қызмет жасаған бір ғана шаруашылықтың атауы көрсетіліпті. Бұл Жымпиты ауданына қарасты бұрынғы Сталин колхозы. Кейін  артельдік-ауыл- шаруашылық құрылым таратылып, оның орнына Қособа совхозы құрылған екен. Міне, бар болғаны осы ғана. Осы жылдардың ішінде Жаңабай Қайырбаев автомашина рөліне ие болумен бірге, науқандық кездерде шаруашылықтың барлық жұмыстарына араласқан. Ол не істемеген десеңізші? Егін егіп, сабан айдаған. Машинамен малға шөп тасыған. Қатар жүрген замандастары Бөпенияз Есқақов пен Матнияз Қожагелдиннің біздің бүгінгі кейіпкеріміз туралы айтқандары да еңбек десе ішкен асын жерге қоятын жанның тындырымды ісін айғақтап бере алады. Кезінде өмірдің тауқыметін көп көрген, соның салдарынан оқи алмай қалған адамдар    арасында ендігі жерде өзім жетпеген биіктер мен арман-мақсаттарға кейінгі ұрпақтарым жетсе екен, олар жоғары білім алса екен деген табиғи түрдегі ата-аналық тілектер мен мүдделер болады. Дәл осындай әкелік тілек Жаңабай Қайырбаевтың бойында да маздап жанып өткені  айдан анық. Ол әр баласы дүниеге келген сайын  бір тал ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырыпты. Ал бүгін сол ағаштар жайқалып ну орманға ұласып барады. Қара жұмыстан қажып жүрсе де әдебиет пен тарихтан қол үзбеген кітапқұмар зия­лы жан еді. Бүгінгі күн бедерінен қарағанда асыл әке осы мақсатына жетті деуге болады. Сондай-ақ, ол дәм-тұзы таусылғанша ұл-қыздарынан тараған немере-жиендеріне де аталық мейірімі мен шапағатын төгіп өтті. Бұл жағдайды өз перзенттері бізге көздеріне жас ала отырып әңгімелеп берді. – Әкеміз өте еңбекқор, шаршап-шалдығуды мүлдем білмейтін адам еді. Тәртіп пен тазалықты өте жақсы көрді. Сөйтіп, анамыздың өмірден өткеніне қарамастан шаңырақты аздырмай, тоздырмай ұстай білді. Ол кісінің күнделікті қызметі көлік жүргізу, шөп шабу, оны  тасу, көлік жөндеу секілді сан-салалы машақаты көп істермен байланысты болса да үстіне шаң тигізбеуге тырысты. Бізден де осындай ұқыптылықты талап етіп отырды. Әрине, біз әкеміздің айтқанын екі еткен емеспіз. Бәрімізді адам етіп тәрбиелеп өсірген, әрқайсымызға қара ағаштай пана, бәйтеректей сая бола білген әкеміздің рухының алдында шексіз қарыздармыз,– дейді марқұмның үлкен ұлы Мұхтар Жаңабайұлы. Адамның сыйлы болуы, ел-жұрт пен ағайын-туыс арасындағы қадыр-қасиетінің биіктігі оның лауазымды қызмет атқаруымен өлшенбесе керек. Иә, қарапайым еңбек иесі, тұла бойы кісілік пен кішіліктен жаратылған жаны жайсаң жан Жаңабай Қайырбаевты білетін, онымен аралас-құралас бола қалған азаматтардың қай-қайсысы да оны көзі тірісінде төредей құрметтеп төріне шығарды. Әсіресе, бар саналы ғұмыры мен әкелік махаббатын өз перзенттеріне арнаған іс-әрекеті арқылы өзі көруге тиісті қызықтардың бәрін тәрк еткен әке өнегесінің географиялық ауқымы мен адами кескін-келбеті өте кең деп ой түйе аламыз. Бірде оған бажасы Еламан: «Жәке, қу тізеңді құшақтап қашанғы жүресің? Үйленбейсін бе», – деп әзіл шынын араластыра үн қатқанда ол: «үйленбейін деп жүр дейсің бе? Үйленер едім-ау, бұлай істесем, «балаларымнан айырылып қаламын ғой. Олардың  көзіне жас, көңіліне сызат түсіріп аламын ба деп қорқамын. Қара басымның қамы үшін балапандарымның сеніміне қиянат жасамай-ақ қояыншы», – деп жауап қайтарыпты. Қайран, алғаусыз әке көңілі, өз кіндігінен тараған ұл-қыздарына деген әкелік махаббат дегеніміз де мүмкін осы шығар. Мұны неге айтпасқа, өзгелерге үлгі-өнеге етіп таратпасқа деген ой келді. Осы ойдың жетегімен осы жолдарды жазғанды жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Қособа ауылы. ____________________ Суретте: Жаңабай ақсақал үшем немерелерімен бірге.