Дау твиттерде басталған болатын. АҚШ боксшысы жанкүйерінің сұрағына жауап бере отырып: «Геннадий Головкин екеуара жекпе-жектен бар болғаны бес минутта бас тартты» деді. АҚШ боксшысының бұл сөзін Геннадий Головкин назардан тыс қалдырған жоқ. «Жанкүйерлеріңді алдағанды доғар, Андре! Мен Давид Лемьеге қарсы жекпе-жекті ресми жариялағаннан кейін ғана сенің командаң ұсыныс жасады. Аталмыш шайқас Madison Square Garden кешенінде аншлагпен өтті. Сен мен секілді билетті сата алмағандықтан әлі күнге ызаланып жүрсің», деді отандасымыз.
Бұдан кейін әлеуметтік желілерде жанкүйерлер мен мамандар Андре Уордтың ұсақ адам екенін, болмайтын дүниені жазғанын айтып, сын тезіне алды. Бір сөзбен айтқанда артық сөзімен айыпты болған Андре абырой тапқан жоқ. Бір қызығы боксшы ретінде кәсіби мансабын аяқтаған ол неге жоқ жерден Геннадий Головкинге тиісе жөнелгені түсініксіз. Бәлкім қазақ боксшысымен әлі де қолғап түйістіріп, қомақты қаражатты қалтасына басқысы келетін шығар...