Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов бастаған делегация Қызылорда облысына келді.
Делегацияның жұмысы әуежайдан басталып кетті. Себебі, алдағы жылдарда Қызылорда әуежайының терминалы халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, қайта салынады. Бүгінде әуежай бір сағатта 150 адамға ғана қызмет көрсетуге қауқарлы. Оның үстіне аймаққа қатынайтын рейстердің де саны аз. Сондықтан терминалды қайта жасақтау мәселесі туындап отыр. Алғашында, терминал құрылысын жеке инвесторларға беру көзделген. Дегенмен, бұл ой іске аспады. Енді Қызылорда облысының әкімдігі «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен келісімге келмек. Алдағы сәуір айында екі жақ меморандумға қол қояды. Жаңа әуежайдың құрылысы аяқталғаннан кейін оның жұмысы да жанданады. Қазірдің өзінде әуе компаниялары Мәскеу, Ыстамбұл, Дубай секілді қалаларға жаңа рейстер ашуға дайын екенін жеткізген. Ал жаңа терминал сағатына 250 адамға қызмет көрсете алатын болады. Серік Нығметұлы әуежайда терминал құрылысының жобасымен танысып, сапарын одан әрі жалғастырды.
Мұнан кейін делегация Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауданындағы «Мағжан және К» ЖШС-нің тұқым шаруашылығында болып, онда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті. Биыл қызылордалық диқандар 160 мың гектар жерге егін егеді. Оның 76,6 мың гектары күріш салысына тиесілі. Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев күріш шаруашылығы туралы баян етті. Өңірде өндіріліп жатқан күріш көлемі, шаруашылыққа енгізілген жаңа технологиялар мен өнім сорттары туралы мәлімдеді. Ал ауылшаруашылық басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев көктемгі науқан туралы, егін егуге дайындық жайын жапсарлады. Ең қуанарлығы, көктемгі егін кезінде жанар-жағармай қымбат бағаға алынбайды.
Алдын ала келісім бойынша шаруалар жанар-жағармайды арзан бағаға сатып алады. Сонымен қатар, кейінгі жылдарда Қызылорда облысында ауылшаруашылық өнімін өндіру едәуір өскені айтылды. Бұл тарапта Елбасының ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, Үкіметтің тиісті қолдауды дер кезінде көрсетіп отырғаны көп көмек беріп отыр. Аймақ экономикасының өсуіне, әлеуметтік жағдайдың тұрақты дамуына «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қосып отырған үлесі де зор. Серік Нығметұлы «Байқоңыр» ӘКК жұмысымен де танысты. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев мал шаруашылығына қатысты баяндама жасады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мал басының азайып кеткені анық. Соңғы уақытта аймақ 1990 жылғы көрсеткішке жеткен. Қазірдің өзінде өңірде ірі қара малының басы артқан. Аймақ басшылығы облыста уақ малдан гөрі ірі қараны өсірген қолайлы екенін айтады. Сондықтан ірі қара малын көбейтуге басымдық берілген. Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыта беру керектігін айтты. Аймақта асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысып отырған «РЗА» акционерлік қоғамның басшысы Самұрат Имандосов шаруашылық жайында кеңінен мәлімет берді. «Елбасы ауылшаруашылық саласына аса үлкен көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ, елімізде «Агробизнес-2020» бағдарламасы да жемісті жұмыс жасап жатыр. Осы бағдарлама аясында 2020 жылға дейін аталған салаға 3 триллион теңге бөлінбек. Ал биыл ауыл шаруашылығына 194 миллион теңге беріледі», – деді Премьер-Министр шаруашылық өкілдерімен кездесуінде.
Мұнан соң мәртебелі меймандар облыста салынып жатқан «Ана мен бала орталығында» болды. Кейінгі жылдары аймақта ана мен бала өлімі азайған. Ол үшін денсаулық сақтау саласы бойынша бірталай жұмыс атқарылды. Соның бірі осы орталық. Ал облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Садық Мұстафаев Сыр спортында серпіліс бар екенін айтады. Аймақта «Мұз айдыны», «Нұрсәт» теннис орталығы секілді спорттық кешендердің салынуы да бұл саланың дамуына серпін берсе керек. Үкімет басшысы «Мұз айдынының» жұмысын көріп, аймақта атқарылған шаруалар жайында мағлұмат алды. Ең бастысы, заманауи талаптарға сай келетін спорт кешендері тек облыс орталығында ғана емес, шалғай жатқан ауылдарда да салынады. Бұл ауылда жатқан талай таланттың жолын ашады деп сенеміз.
Сондай-ақ, Серік Ахметов «Smart Rubber» ЖШС-нің ескі автомобиль дөңгелектерінен тұрмысқа қажетті түрлі зат жасайтын зауытқа барды. Кәсіпорында резеңке қиындыларынан ауыл шаруашылығында қолданылатын тамшылатып суару әдісіне керекті түтікше де шығарады. Жобаны германиялық «Water Future Systems GmbH» компаниясы әріптестік бағытта атқарып жатыр. Қысқасы, бұл зауыт ешкімге қажетсіз жатқан көлік дөңгелектерін өңдеп, одан пайдалы зат жасап шығарады.
Жұмыс сапарының соңында Үкімет басшысы облыстық әкімдікте қорытынды жиын өткізді. Жиын кезінде Серік Ахметов өңір өмірінде өзгеріс барын атап айтты. Ал Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев атқарылған жұмыстарға шолу жасап, болашақта іске асатын шаруаларды атап айтып, түйткілді мәселелер төңірегінде де сөз қозғады.
Облыс экономикасын дамыту үшін нақты консорциумдар құрылды. Осының негізінде ауыл шаруашылығы, ежелгі атакәсіп – балық шаруашылығы ерекше екпінмен дамып келеді. Қызылорда облысының экономикасы негізінен мұнай мен уранға тәуелді. Сондықтан өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында металлургия кластерін қолға алу көзделді. Бұл бағытта да нақты жұмыстар басталып кетті.
– Мемлекет басшысы еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімдік даму бағыттары мен алға қойылған мақсатқа қол жеткізудің нақты қадамдарын айқындап берді. Бұл ретте индустрияландыруды күшейтуге, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды инновациялық сүреге салуға, шағын және орта бизнесті өркендетуге ерекше мән берілмек. Біз бүгін осы мақсаттарға қол жеткізуде Елбасы берген тапсырмаларды орындауға өңірде барлық қажетті мүмкіндіктер мен ресурстардың барлығына тағы да көз жеткіздік. Жалпы, облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экономиканың әртараптандыруға арналған бастамалар бар. Әрине, өңір басшысы жақсы бастамаларды көтеріп отыр. Осыған орай, Үкімет тарапынан тиісті қолдаудың көрсетілетінін айтқым келеді, – деді Серік Нығметұлы.
Үкімет басшысының Сыр бойына сапары сәтті болды деп ойлаймыз. Себебі, Серік Нығметұлы жасалған жұмысқа оң бағасын беріп қана қоймай, аймақ басшылығының бастамаларын қолдайтынын да білдірді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.