Е
ліміздің қай өңірін алсаңыз да, көпұлтты болып келеді. Ұлтаралық қатынас өте кірпияз. Сондықтан да бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау ғана саяси тұрақтылықтың кепілі бола алады. Шүкір, Қазақстанның қай өңірін алсаңыз да, қайсыбір елдердегідей ұлтаралық алауыздық пен дау-дамай, жанжал туған емес. Ұлтаралық татулықтың тұғырын бекітуде Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі зор.
Біз Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Зәмзегүл Бимағанбетовамен кездесіп, осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар жайында әңгімелескен едік.
– Зәмзегүл Әділгерейқызы, әңгімеңізді өңірде қанша ұлттың өкілдері тұратынынан, сондай-ақ, олардың арасындағы татулықтың қайдан тамыр тартатынынан бастасаңыз.
– Облыс аумағында қазірде 807 800 адам тұрады, соның 491 мыңнан астамы қалалық, қалғаны ауылдық жерлерге қоныстанған. Ал жалпы ұлттық құрамына келсек, 90-ға жуық ұлт өкілдері өмір сүруде, өңір халқының 79,5 пайызын қазақтар құрайды. Басқа ұлттардың арасындағы ең көбі орыстар, одан кейін украиндар мен татарлар болып келеді. Олардың басым бөлігі – кешегі патшалық Ресейдегі Столыпин реформасы кезінде Ресей мен Украинадан қоныстануға келгендер, сталиндік қуғын – сүргін кезінде депортацияланған және тың игеруге келген ұлттардың өкілдері.
Олар – қонақжай қазақ халқының қайырымдылығын көрген ұрпақ. Оның үстіне тәуелсіз мемлекетіміздің ұлтаралық қатынаста ұстанған саясаты да этностардың өзара достығы мен бірлігін нығайтуға бағытталған. Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен бірліктің, этностар арасындағы өзара достықтың бұрыннан қалыптасқан ахуалын анағұрлым жақсартуға ықпал етуде.
Қасиетті қазақ жерін мекендеген әр ұлттың өзінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен тілін сақтауға жағдай туғызылып отыр. Әр жылдары тағдырдың жазуымен Ақтөбе өңіріне табан тіреген көптеген ұлттар тамырын тереңге жайып, қазақ халқымен біте қайнасып, бірлігін бекітіп, достығын нығайтты.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылғаннан бері өңір этностары арасындағы татулық пен тұрақтылықты, бірлікті қалыптастыруда елеулі істер тындырып келеді. Оның құрамы қазірде 150 адамнан тұрады. Олардың қатарында өңір этностарының белгілі де білікті жетекшілері мен өкілдері, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдері, облыстық және аудандық мәслихат хатшылары, мүдделі басқармалар мен департаменттер басшылары бар. Облыстық ассамблея аймақта ұлтаралық қатынастарды, тұрақтылықты және өзара келісімді қамтамасыз ету бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Ассамблея құрылғаннан бергі 19 жылдай уақытта өңірдегі тіркелген этномәдени бірлестіктер саны бастапқыдағы бестен он тоғызға дейін өсті. Жеті аудандық филиал жұмыс істейді.
– Ассамблеяның, оның хатшылығы қызметінің басым бағыттары қандай?
– Ассамблеяның негізгі қызметі – ұлтаралық бірлікті, татулықты, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайту және елімізді мекендеген этностардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту. Мұндай игілікті істерде облыстағы этномәдени бірлестіктер бірегей буын ретінде оң нәтиже беруде. Жергілікті атқарушы органдар олардың жұмысының қалыпты жүруіне қолайлы жағдай жасап отыр. Қазіргі таңда этномәдени бірлестіктер облыста өткізілетін көптеген қоғамдық маңызды шаралардың қатысушылары ғана емес, бастамашылары да. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, ашылғанына 5 жыл болған облыстық Достық үйі және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің күш біріктіруімен халықтық мерекелер мен «этнос» күндеріне бағытталған салтанаттар мен атаулы іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылып, ортақ мақсатта өткізілуде. Еліміздегі барлық мемлекеттік мерекелер өңірдегі барша этнос өкілдері көптеп қатысатын мәдени-рухани шаралармен айшықталады. Мұндай мерекелер этностарды бір-біріне жақындата түседі, өзара байланыстарын нығайтады.
Жыл сайынғы Елбасы Жолдауын халыққа жеткізу, насихаттау және түсінік жұмыстарын жүргізу үшін этномәдени бірлестіктердің беделді мүшелерінен мобильді топтар ұйымдастырылып, жүйелі жұмыс істеп келеді. Соны өз көзімізбен көру мақсатында биылғы ақпан айында көпұлтты Мәртөк ауданында болып қайттық. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы облыстық мәдениет басқармасымен және облыстық Достық үйімен бірлесе отырып, жыл сайын 1 Мамыр мерекесінде облыстық халықтар достығы фестивалін өткізуді үрдіске айналдырды. Осы мереке қарсаңындағы басқа да іс-шаралар аясында әр ұлттың өкілдері өнерден сынға түсетін байқаулар, түрлі көрмелер өткізілуде. Бұл достықта шекара жоқ екенінің бір дәлелі болса керек. Осындай шаралардың нәтижесінде еліміздегі этностар бірін бірі бұрынғыдан да тереңірек танып, татулықтың тұнығына қаныға түседі.
Біз бірыңғай мәдени-көпшілік шаралармен шектеліп қалмаймыз. Этно-мәдени бірлестіктер көшбасшыларының ой-пікірін білу мақсатында ішкі саяси мәселелер және оларды шешу жолдарын анықтайтын ұсыныстарды ортақ талқылау үшін ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіп тұрамыз. Облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдері этностар шоғырлана орналасқан елді мекендер тұрғындарымен, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының, мектептердің ұжымдарымен кездесіп, жасөспірімдер мен жастар арасында қоғамдық келісімді нығайтуға атсалысуда. Сондықтан да ұлтаралық ынтымақтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік ұйымы аймақты мекендеген этностардың тарихи отандарымен де байланысты дамытуға, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін шетелдер мен көршілес Ресей өңірлеріне насихаттау бағытында да ұдайы іс-шаралар жүргізіп отырады.
– Мұндай іс-шараларды өткізудің қаржыға тірелетіні белгілі. Бұл мәселе қалай шешілуде?
– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту шаралары өңірде негізінен түрлі бюджеттік бағдарламалар аясында қаржыландырылады. Оның ішінде тек этномәдени бірлестіктердің, олардың шығармашылық ұжымдарының ұйымдастыруымен және қатысуымен өткен шаралар мен олардың жексенбілік мектептеріне 2013 жылы 13,5 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, толықтай игерілді. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің белсенді жетекшілеріне ынталандыру сыйлығы ретінде жыл сайын облыс әкімінің атаулы гранттары табыс етіледі және оның көлемі жыл сайын ұлғайтылуда.
– Хатшылық мұрындық болатын көптеген іс-шаралар негізінен Достық үйінде өткізіледі. Сөз соңында осы шаңырақпен таныстыра кетсеңіз артық болмас еді?
– Достық үйі ұлттарды ұйыстырған достық ұясы десе де болғандай. Біздің жұмысымыздың жүйелі түрде ұйымшылдықпен өткізілуіне облыстағы 20 этномәдени бірлестіктің Достық үйінде бір шаңырақтың астында болуы да игі ықпал етуде. Кең де жарық еңселі облыстық Достық үйінен олардың әрқайсысына қажетті қондырғылармен жарақтандырылған кеңселік бөлмелер бөлінген. Мұнда 300 орындық концерт, хореография және дайындық залдары, оқу сыныптары, лингафондық бөлме, конференц зал, мұражай және кафе, дыбыс жазатын және бейнестудия, басқа да орындар бар. Осында барлық этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс істейді. Оның жетеуі «Халықтық», біреуі «Үлгілі» өнер ұжымы болып табылады. Басқа да үйірмелер, жастар клубтары жоспарлы жұмыс жүргізеді. Бір сөзбен айтқанда, ұлтаралық бірлік пен ынтымақтың тұғырлы болуында әр ақтөбеліктің азаматтық үлесі бар деу орынды.
Әңгімелескен
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТӨБЕ.