ЖОЙҚЫН ҚАРУСЫЗ ЖҰМЫР ЖЕР ҮШІН
Хакім Абайдың жиені, республикалық «Абай» қорының жетекшісі Балтабек ЕРСӘЛІМОВТІҢ есімі елімізге етене таныс. Еңбек жолын облыстық «Прииртышская правда» газетінің қарапайым курьерлігінен бастап, өңірдің мәдени-рухани дамуына айтулы үлес қосқан ақсақал Абай мұраларын жинақтаумен бірге, қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласты. Ол «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының белсенді мүшесі болып, атом апанын ауыздықтауға да атсалысты. Балтабек Ерсәлімұлымен аталған қозғалыстың маңыздылығы жөнінде әңгіме өрбіткен едік.
– Балташ аға, ел аузында «саңырауқұлақ» аталып кеткен Семей ядролық сынақ алаңы туралы алғаш рет қайдан естідіңіз?
– Мен 1954 жылы облыстық газетте курьер болып жұмыс істей бастадым. Яғни, газет пен баспасөз саласына араласқаныма биыл 60 жыл болды. Газетте қатардағы курьерден бастап, жауапты хатшының орынбасары, облыстық баспахананың директоры болып еңбек еттім. Басқа да мәдени орындарда қызмет атқардым.
Ал «саңырауқұлақтың» дүмпуін алғаш рет өз басымнан өткердім. 1956 жылы Семей ядролық сынақ алаңында үлкен жарылыс болды. Ол кезде баспаханада қарапайым жұмысшы болып істейтінмін. Терілген әріптерді қағазға түсіруге көмектесемін. Жұмыс үстінде баспахананың терезесі сарт етіп ашылып кетті. Бірге жұмыс істеген орыс әйелдері мені «Боря» деп атаушы еді. «Боря, терезені жаба салшы», деді олар маған. Терезеге шыға беріп едім, тағы да дүңк еткен орасан дауыс естілді. Шалқамнан түскенімді білемін. Терезенің әйнегі күл-талқан болып, жақтауымен бірге үстіме құлады. Сол кезде Семейдегі жайпақ ағаш үйлердің аулаларында ошақта жанып жатқан от та дүмпудің екпінімен жан-жаққа шашырап, кейбір жерлерде өрт те орын алды.
Кейіннен іргедегі атом бомбасының қажетті биіктігіне жетпей жарылып кеткені туралы естідік. Бұл – соның дүмпуі екен. Атом мамандары қателік жіберген көрінеді. Оған дейін полигондағы жарылыстар жасырын орындалып жүргендіктен сезбейтінбіз. Осы оқиғадан кейін ел-жұрт ядролық жарылыс туралы құлақтанып, біртіндеп біле бастады.
– Сіз «Невада-Семей» қозғалысына үн қосқан азаматтардың бірісіз. Қозғалыс жұмыстары қалай басталып еді?
– «Невада-Семей» қозғалысы өзінің тарих алдындағы миссиясын толық атқарды. Бұл ұйым сексенінші жылдардың соңында құрылды. Семей қаласындағы өзеннің жағалауында орналасқан «Ертіс» қонақ үйінің үшінші қабатында қозғалыстың ұйымдастырушылары бас қосқаны бүгінгідей көз алдымда. Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев, әйгілі ақынымыз Олжас Сүлейменов, облыстық партия комитетінің хатшысы Маркен Шайжүнісов, Анатолий Еременко сынды азаматтар қозғалыстың мән-маңызын айтып, мақсаты мен жоспарларын түсіндірді. Бұл жиынға мен де қатыстым. Аталған жайттың жан-жақты талқыланғаны есімде.
Кездесуден кейін Семей сынақ алаңының халық басына төнген қатерін, зардабын ел-жұртқа түсіндірдік. «Невада-Семей» қозғалысының Семей бөлімінің жетекшісі болған Сұлтан Картоевпен бірге жұмыс істедік. Полигонды жабуға халық бір кісідей қолдау көрсетуі қажет болды. Бұл ретте оның орны толмас зиян әкелетіні жөнінде ел-жұртты иландыруымыз керек еді. Әрбір саналы азамат ядролық қарудың адамзатқа төндіретін қатерін түсінуі керек-тұғын. Тоқсаныншы жылы Абай ауданында үлкен шеру өтті.
Менің туған ауылым – Абыралы. Сол жылдары Семей сынақ алаңынан құлақтанып, оның зардабын көргеннен кейін Абай ауданының халқы жаппай көшіп жатты. Ата қонысыңды, кіндік кескен жеріңді тастап кету оңай емес. Адам баласы осындай қиындыққа да көнді. Бұл – зардаптың зардабы! Көптеген адамдар жасы жетпей өмірмен қоштасты. Қаншама бала мүгедек болып дүниеге келді. Саржал, Қайнар, Абыралы ауылының әйелдері баланы шала немесе кем туатын болды. Саусағы жетеу, құлағы үшеу болып туатын сәбилерді көрген әйелдер қауымы бала туудан қорқа бастады. Бұл қазақ аналарына моральдық соққы болып тиді.
Әрине, Семей полигонының зардабын ешкім нақты өлшеп, дәл болжай алмайды. Оның үлкен зардабы әлі талай уақытқа созылуы мүмкін. Сондықтан Семей сынақ алаңындағы жарылыстарды тоқтату жолындағы күрестің мән-маңызы ерекше екенін түсінуіміз қажет.
Полигон белдеуіндегі тұрғындарға медициналық емдеу бағытындағы жеңілдіктер қарастырылса игі болар еді. Биыл Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Семей қаласында үлкен медициналық оңалту орталығын салуға шешім қабылданды. Бұл дәрігерлік көмектің бірегейі деуге болады.
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атомдық жарылыстарды тоқтатудағы еңбегі өте зор. Біз Мемлекет басшысының Семей полигонын жабу жолындағы атқарған жұмысын әділ бағалаймыз. Өйткені, Семей полигоны 1991 жылы тікелей Елбасы Жарлығымен жабылды. Осы уақыт ішінде кеңестік өктем саясат салған жарадан ептеп айығып келеміз. Яғни, полигонның уақытында жабылуы Президентіміздің парасатты саясатының арқасы деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ халқының бақытына туған тұлға.
– Атом сынақ алаңы жабылған 25 жыл ішінде қандай оң өзгерістерге қол жеткіздік деп ойлайсыз?
– Оң өзгерістер бар. Мәселен, осы сынақтың кіндігі болған Курчатов қаласында бүгінде Ұлттық ядролық орталық жұмыс істеуде. Онда белгілі ғалымдар атом уы сіңген су, топырақ пен жер қыртысын, өсімдік әлемін зерттеп жатыр. Бұл – үлкен жұмыс. Яғни, атом сынақ алаңы жаңа заманмен бірге өзгеріп, ғылыми сипат алды. Жойқын ядролық қарудың зардабын жою бағытындағы ғылыми жұмыс жанданды.
Қазіргі кезде Қазақстан әлемдік ядролық қарусыздану мен атомды бейбіт мақсатқа пайдалану жөнінде жаһандық бастама көтеріп отыр.
Соңғы күндері Голландияның Гаага қаласында ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммит өтті. Оған әлемнің ірі мемлекеттерінің басшыларымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасының АҚШ, Франция, Ресей сынды атом қаруына ие державалық елдердің көшбасшыларымен сөйлесіп, Жер шарының баршамызға ортақ игілік екенін айтуы, жойқын қарудан бас тартуға шақыруы – терең саяси білгірлік, өткір дипломатиялық қадам деп ойлаймын. Мұның бәрі қазақ халқының болашағы үшін жасалып жатқан дамылсыз еңбек.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген міндеттер мен межелерге біз бейбіт заманда ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан Президенттің ядролық қарусыз әлем құруға жасаған қадамын халықаралық қоғамдастық жаппай қуаттайтынына сенеміз. Бұл орайда алдымен өзіміздің қолдауымыз, яғни қазақстандықтардың бірлігі бекем болуы қажет.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.